Банктер экономиканы несиелеуге неге құлықсыз? Мемлекет қаржы институттарын қашанғы асырайды?

Жарияланды (жаңартылды )
Бұл ретте тұтынушылық несие деңгейі тым жоғары

Халықтың банкке берешегі көбейіп жатыр. Алайда қаржы институттары экономиканың нақты секторын несиелеуге келгенде құлықсыздық танытуда. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев екінші деңгейлі банктерді осылай деп сынға алды. Оның сөзінше, соңғы бір жыл ішінде жеке тұлғаларға несие беру көлемі 40 пайызға өскен.

«Банктерге мемлекеттік бағалы қағаздарға ақша салған қызығырақ. Әртүрлі себептермен, соның ішінде өте қатаң стандарттармен олар (банктер – ред) экономиканың нақты секторын қаржыландыруға мүдделі емес. Одан да жеке тұлғаға займ берген оңай. Ал несиелеу болмаса біз қалай экономиканы әртараптандырып, оның өсіміне жол аша аламыз? Сенаторлар үкіметтің алдына экономиканы әртараптандыру мәселесін бірінші рет қойып отырған жоқ. Банктердің экономикадағы нақты секторларға несие беруі үшін кепілдік талаптарын жұмсарту қажет» деді Әшімбаев.

Оның айтуынша, біздің елде жұмыс істейтін шетелдік ірі компаниялар да өндірістерін дамыту үшін сырттан несие алуға машықтанған.

«Экономиканы әртараптандыру тұрғысынан қарағанда бұл өте аянышты жағдай. Егер бізде экономиканы несиелеу деңгейі төмен болса, ал ірі мұнай-газ компаниялары сырттан қарыз алып отырса, онда біздің экономика шикізаттық бағытта қала береді. Экономика түрлену үшін несиелеу және қорландырудың балама көздері қажет болады» дейді сенат төрағасы.

Әшімбаевтың сөзінше, экономиканы несиелеудің төмен деңгейіне әсер етіп отырған себептер:

  • Балама қаржыландыру көздерінің жеткілікті деңгейде болмауы;
  • Бағалы қағаздар нарығының дамымауы;
  • Лизингтік механизмнің тиімсіз жұмысы;
  • Бюджеттік шектеулерге байланысты мемлекеттік қаржыландыру деңгейінің төмендігі;
  • Әртараптандыру үшін қаржы базасының жоқтығы.

2022 жылдың сәуірінде берілген жалпы несие 0,9 пайызға артып, 19,4 трлн теңгені құраған. Сәуірде жеке тұлғаларға берілген несие 1,9 пайызға ұлғайып, 11,38 трлн теңгені құраса, заңды тұлғаларға (кәсіпорындар, кәсіпкерлер – ред) берілген несие көлемі 0,5 пайызға төмендеп, 8,02 трлн теңге деңгейінде тұр. Салалық бөліністе екінші деңгейлі банк несиелері негізінен өнеркәсіп (33,4 пайыз), сауда (23,4 пайыз), құрылыс (8,0 пайыз), транспорт (5,6 пайыз) секторларына бағытталған.

Мәжіліс депутаты Қанат Нұровтың айтуынша, 2009 жылдан бері мемлекет екінші деңгейлі банктерге 9 трлн теңге көлемінде қайтарымсыз көмек берген.

«Бірақ бұл олардың (банктердің – ред) нақты секторды несиелеуге барғанын білдірмейді. ЖІӨ-дегі банктік несиелеу үлесі бекітілген 50 пайыздың орнына небәрі 23 пайызды құрайды. Кірістілігі 9 пайыздан асатын Ұлттық банк ноталары екінші деңгейлі банк активтерінің 4 трлн теңгеден астамын иеленеді. Банктерді қолдауға жұмсалған осыншама мемлекеттік бюджет қаражаты қайда кетті? Олардың тиімсіз және анық орынсыз пайдаланылуының жарқын мысалын 2022 жылғы 17 наурызда ғана барлық мерзімдерді бұза отырып ұсынылған Jusan Bank-тің 2020 жылға арналған аудиттелген қаржылық есептілігінен көруге болады», дейді Нұров.

Оның айтуынша,

  • Бұл банк мембюджеттен 1,5 трлн теңгеден астам ақша алған;
  • Квазимемлекеттік кәсіпорындардың жоғары табысты депозиттерінің 460 млрд теңгесін (907 млн ​​доллар) аз кірісті ұзақ мерзімді облигацияларға айырбастаған;
  • Жаңа облигацияларын сату арқылы қарызын қайта құрылымдау түрінде 100 млрд теңге қосымша қолдау алған;
  • «Самұрық-Қазынаға» өз облигацияларын нарықтан төмен купонмен 100 млрд теңгеге сатқан;
  • Пайызды 4-тен 0,1-ге төмендете отырып Қазақстан орнықтылық қорына қарызды өтеу мерзімін созған;

«Нәтижесінде, мемлекет алдындағы міндеттемелерін осылайша өзгертуден түскен табысы 125 млрд теңгені құрады. Осылайша, банк 2020 жылы таза табысының тең жартысын мемлекеттің көмегі мен субсидиясының арқасында алды. Мұны да проблема деп санамас едік, бірақ банк өз акционерлеріне 113 млрд теңгеден кем емес дивиденд төлеген. Банк акционерлері кәсіпкерлікке несие берудің орнына мемлекеттің ақшасын сыпырып, өз қалталарына салып алған», деп аяусыз сынайды Нұров.

Не істеу керек?

Депутат мынадай нұсқалар ұсынады:

  • Экономиканы кредиттеуді ұлғайту бөлігінде екінші деңгейлі банктерді қолдауға бөлінген мемлекеттік және квазимемлекеттік қаражаттың тиімділігі мен мақсатты пайдаланылуын талдау;
  • Банктерге бөлінген қаражаттың нақты секторға несие болып берілмей қалғанын, ақша нарығында Ұлттық банк ноталары болып орналастырылғанын дәлелдеу;
  • Тәуелсіз сарапшылар көмегімен соңғы 5 жылда Jusan Bank-пен болған мәмілелердің барлығын тексеру, келтірілген залал мөлшерін анықтау және оны мемлекетке қайтару жолдарын ұсыну.

Биыл сәуірде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне несие беру 10,9 пайызға азайып, 4039,8 млрд теңгені құраған.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осыған дейін базалық ставканың жоғары болуы экономиканы несиелеуге кедергі келтіреді деп Ұлттық банкті сынға алған еді.

«Біз бір мезетте сыртқы тәуекелдерге дайын болып, экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін ішкі ресурстарды іздеуіміз қажет. Бізде экономиканы несиелеу деңгейі – ЖІӨ-нің 25 пайызын құрайды. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 60-70 пайыз шамасында. Экономиканы несиелеуге жоғары базалық ставка да кедергі болып тұр. Егер сыртқы тәуекелдер сақталар болса біз жоғары ставкамен өз экономикамызды дамыта алмаймыз», деген еді Әшімбаев.

Жоғары палата басшысының сыны орынсыз деуге келмейді. Елдегі екінші тұлғаның осымен екінші рет экономиканы несиелеу мәселесіне назар аударуы сірә, тегін емес. Ұлттық банк жоғары базалық ставка орнатып, инфляциямен күреспек. Екінші деңгейлі банктер кәсіпке кредит бергеннен гөрі, жеке тұлғаның есебінен несібе жиюды жөн көріп отыр. Микроқаржы ұйымдары бизнесті толыққанды несиелеуге қауқарлы емес. Тығырықтан шығар жол қашан, қалай табылады, ол да беймәлім.

Сондай-ақ оқыңыз