Микронесие бойынша сыйақы есептелмейді. Қашаннан бастап? Не себепті?

Жарияланды
Микроқаржы нарығында өзгеріс жүріп жатыр

Қазақстанда 1 шілдеден бастап жекелеген микронесие түрі бойынша сыйақы есептелмейтін болды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының міндетін атқарушы Нұрлан Әбдірахманов хабарлады.

«Микронесие бойынша проблемалық берешек көлемін шектеу үшін 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұтынушылық микронесие, соның ішінде онлайн микронесиеге қатысты міндеттемені орындау мерзімі 90 күннен асқаннан кейін комиссия мен өсімпұл есептеуге тыйым салынды. Сонымен қатар, микрокредит бойынша мерзімі өткен берешектің өсуіне жол бермеу мақсатында 2022 жылғы 1 шілдеден бастап тұтынушылық микрокредиттер бойынша міндеттемені орындау мерзімі 90 күн кешіктірілгеннен кейін сыйақыны есептеуге тыйым салуды белгілейтін заңнамалық түзетулер қабылданды» деді Әбдірахманов.

Ол сондай-ақ:

  • Төлем қабілеті жоқ қарыз алушыларға микронесие беруді тоқтату;
  • Қарыздық жүктемені азайту;
  • Микронесие сегментінде халықтың несие жүктемесін төмендету

бойынша агенттіктің реттеушілік шаралар пакетін әзірлеп, жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді.

«Биыл сақтандыру және бағалы қағаздар нарығын, банк қызметін дамыту және реттеу мәселесі бойынша заң жобасы аясында микронесие бойынша үстеме төлемнің шекті сомасын екі есе – 50 АЕК-ке дейін – несие сомасының 100 пайызынан 50 пайызына дейін төмендету қарастырылды. Осылайша, егер 153 150 теңгеге микронесие берілсе, уақытын ұзартуды қоса есептегенде, сондай-ақ мерзімін өткізіп алу бойынша есептелетін пеняны (айыппұл) ескергенде сыйақы бойынша негізгі мерзімдегі үстеме төлем ең көп дегенде 76 575 теңгені құрайды» дейді агенттік өкілі.

Әбдірахмановтың айтуынша, агенттік 2020 жылдан бері микроқаржы ұйымдарына қарыздық жүктеме коэффициентін енгізу талабын қойды. Яғни, талап бойынша қарыз алушының бүкіл несие бойынша айлық төлемінің көлемі оның айлық кірісінің 50 пайызынан аспауы керек.

«Микроқаржы ұйымдарының жауапкершілігін арттыру мақсатында 2022 жылдың ақпанында қарыздық жүктеме коэффициенті сақталуы тиіс міндетті талап пен лимиттің және пруденциалдық нормативтердің тізіміне енгізілген. Бұл ретте әрбір қарыз алушының қарыздық жүктеме коэффициенті туралы ақпарат МҚҰ-дан несие бюросына беріліп, бұл жедел мониторинг жасап отыруға мүмкіндік туғызады» деді ол.

Агенттік ұсынған ресми дерекке сүйенсек, қазіргі кезде 388 мың қазақстандық микронесие бойынша 45 млрд теңгеден астам қарыз төлемін кешіктіріп отыр. Нақтырақ айтқанда, көлемі 50 АЕК-ке дейінгі, төленбегеніне 90 күннен асқан несие сомасы 45 млрд теңгеге жеткен. Қазіргі микроқаржылық қызмет туралы заң бойынша микронесие берудің екі түрі бар:

  • 56 пайызға тең жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінен көп емес ставка бойынша 20 айлық есептік көрсеткіштен көп емес мөлшерде;
  • 25 пайызға дейінгі ставка бойынша 45 күнтізбелік күнге дейінгі мерзімде 50 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде.

«Шағын несиенің екінші түрін негізінен онлайн-несие беру компаниялары жеке тұлғаларға тек тұтынушылық немесе шұғыл қажеттіліктер үшін, қашықтан кепілсіз береді. Әлемде мұндай шағын микронесиелер «PDL – Pay Day Loan» – жалақыға дейінгі займ деген атаумен танымал. Қазір Қазақстанда 246 микроқаржы ұйымы бар, оның ішінде 25 компания онлайн форматта 50 АЕК-ке дейінгі сомадағы несие береді. 1 сәуірдегі дерек бойынша онлайн несиелеу компаниялары 50 АЕК-ке дейінгі көлемде 811 мың адамға 103 млрд теңге көлемінде несие берген» деді Әбдірахманов.

Проблемалық тұтынушылық берешектерді реттеу мақсатында агенттік 2022-2023 жылдарға арналған жеке жоспар аясында 150 мың қарыз алушының 6 млрд теңге көлеміндегі несиесін реттеуді жоспарлап отыр.

Әбдірахмановтың сөзінше, жалған микронесие беру жағдайы 5,5 есе азайған. 2021 жылдың төрт айында жалған несие берудің 611 жағдайы тіркелсе, биыл төрт айда 71 жағдай ғана тіркеліпті. Осындай алаяқтық әрекеттің алдын алу үшін агенттік 2021 жылдың басында міндетті  биометриялық идентификация жасауды енгізіп, несие беру талаптарын күшейтті. Қазір бұл сервиске 50 АЕК сомасына дейін несие беретін барлық МҚҰ-лар қосылған.

«Сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын, банк қызметін реттеу мен дамыту туралы» заң жобасы аясында банктер мен МҚҰ-ның қарыз алушыларға берген несиелері туралы ақпаратты несие бюросына жеткізу мерзімін 15 жұмыс күнінен 1 жұмыс күні мерзіміне дейін қысқарту көзделген.

Сарапшының айтуынша, онлайн-несиелеуге түбегейлі тыйым салу мүмкін емес.

«Қазір көптеген дамыған елдер (АҚШ, Ұлыбритания, Испания, Польша, Нидерланды, Ирландия, Австралия) мен дамушы елдерде (Чехия, Филиппин, Үндістан, Венгрия, Мексика, Болгария, Румыния, Словакия) тұтынушылық онлайн микронесиелеу сегменті бар. Несиелеудің бұл түріне заңмен тыйым салу онлайн микронесиелеумен айналысатын барлық компанияның жабылуына және онлайн микронесие ұсыну бойынша көлеңкелі нарықтың қалыптасуына әкеліп соқтырады» дейді агенттік басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз