Бір жыл ішінде теңгедегі депозиттер 8,7%-ға өскен
Жыл басынан бері теңгедегі депозиттер 8,7%-ға өссе, шетел валютасындағы депозиттер 1,7%-ға өскен. Бұл туралы ҚДКБҚ баспасөз қызметі хабарлады.
«Біз өткен кезеңдерге тән азаматтардың теңгемен ашқан депозиттерінің өсуін көріп отырмыз, бұл сөзсіз нарықтағы жағдайдың тұрақтанғанын, сондай-ақ халықтың ұлттық валютаға деген сенімінің сақталғанын көрсетеді», – деп түсіндірді осы саладағы жағдайды ҚДКБҚ төрағасы Әділ Өтембаев, -«бөлшек депозиттік базаның тұрақтылығының қосымша факторы болып мамырда 1,8%-ға өскен салымшылар шоттары санының үдемелі өсуі табылады, ал жылдық салыстырғанда олардың деңгейі 22,2% болды».
ҚДКБҚ басшысы сондай-ақ халықтың барлық депозиттері заңнамада белгіленген өтемнің ең жоғары мөлшері шегінде кепілдікпен қамтылатынын атап өтті. Бұл ретте қордың жинақтаушы негізде қалыптастырылатын кепілдік өтемақы төлеуге арналған резерві қордың жарғылық капиталының70 % есепке алғанда, өтемақы төлеуге де пайдаланылуы мүмкін резерві бүгінде 944,3 млрд теңгеге жетті.
«Жинақталған резерв жеке тұлғалардың депозиттік базасының 7%-дан астамын құрайды, бұл заңда көзделген 5%-дық деңгейден жоғары. Бұл көрсеткіш үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес келеді және дамыған елдер деңгейінде. Осылайша, қазақстандықтардың жинақтары кепілдік өтемақының ең жоғары мөлшері шегінде толықтай қорғалады. Осылай, шетелдік банктердің еншілес ұйымдарын қоса алғанда, қазақстандық банктердегі депозиттік шоттардың 99,8% толық кепілдікпен қорғалған» деп түйіндеді Әділ Өтембаев.
Қазіргі уақытта 20 қазақстандық банк депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қатысушылары болып табылады. Келесі сомалар ҚДКБҚ арқылы қорғалған:
• жинақ салымдары бойынша – 20 млн теңгеге дейін;
• жинақтарды қоспағанда, теңгедегі барлық депозиттер бойынша – 10 млн теңгеге дейін;
• шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 млн теңгеге дейін.