Open API және Open Banking. Ұлттық Банк нарыққа қандай өзгеріс енгізбек?
Ұлттық Банк төрағасы Ғалымжан Пірматов қаржылық реттеуші қолға алып отырған бірқатар бастамалардан хабардар етті. Оның айтуынша, ҰБ қаржы ұйымдарының онлайн қызметтерінің қауіпсіздігі үшін биометриялық идентификация бойынша сервисті кеңейтуді және қаржылық қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін Open API және Open Banking жүйесін дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді қолға алып жатыр.
Open API және Open Banking деген не?
Ашық банкинг – барлық тараптардың авторизациясы және келісімі бойынша үшінші тұлғалардың банк деректеріне қолжетімділігін ұсыну. Тәжірибеде бұл қалай жұмыс істейді? Мысалы, сіз бірнеше жыл қатарынан ірі банктің қызметтерін тұтынып келесіз – бірнеше картаңыз бар, ұдайы салым жасайсыз, инвестиция салған болуыңыз да мүмкін. Сіздің банкіңіз – біршама сенімді, бірақ нарықтағы консервативті ойыншы. Сіз өз деректеріңізге ақылды аналитика қосып, жеке бюджет және қаржы әдеттері туралы құнды инсайттар алғыңыз келеді. Бұл үшін банк ашық API (ашық банктік интерфейс) арқылы ақылды аналитика жасай алатын басқа компанияға қолжетімділік ұсынуы қажет. Деректер алмасуға сіз рұқсат етесіз – және сіздің барлық шығындарыңыз бен кірістеріңіздің, капиталыңыздың және күтілетін кірісіңіздің егжей-тегжейлі қорытындысын аласыз.
Open Banking банктік клиенттерге шот ақпаратын үшінші тарап провайдерлерімен қауіпсіз бөлісуге мүмкіндік береді. Бұл банк қосымшаларымен өзара әрекеттесуге мүмкіндік беретін Application Programming Interfaces (API) арқылы қол жеткізіледі. Мақсат – цифрлық банкингтегі инновацияларды ынталандыру және бизнес пен тұтынушылар үшін жаңа қаржылық қосымшалар мен жетілдірілген қызметтерді әзірлеуді жеделдету.
Ұлттық банк былтырдан бері әзірлеп жатқан тағы бір жоба – цифрлы теңге жобасы. Пірматовтың айтуынша, цифрлық теңгенің тиісті архитектурасын әзірлеу, әзірленген архитектураның өміршеңдігін бағалау, одан кейін пайда мен шығындарды кешенді талдауға негізделген төрт деңгейлі талдау жүргізілуде. Маусымнан бастап нарық қатысушылары цифрлы теңге бойынша пилоттық жобаға қатыса алады, ал қарашада ҰБ бөлшек сауда үшін цифрлық теңге платформасын тестілеуден өткізуді жоспарлап отыр. Биыл желтоқсан айында бағалау нәтижелері бойынша әзірленген модель аясында цифрлық теңгені енгізу қажеттілігі туралы шешім қабылданады.
«Биылғы бес айда халықтың қолма-қолсыз жасаған төлем операциялары 2021 жылдың бес айымен салыстырғанда 35,6 трлн теңгеге, 51 пайызға дейін өсті. Онлайн-төлем үлесі 83 пайыздан асты. Лездік төлемдер жүйесін және төлем карточкаларының банкаралық жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізілді. Лездік төлем жүйесі бойынша 9 банк жүйеге қатысу келісімшартын жасасты. Соның төртеуі өз клиенттері үшін лездік төлем жүйесін пайдалануға мүмкіндік беретін қолжетімділікті ашты. Қалған банктер осы жылдың қазан айына дейін жүйеге біртіндеп қосылады», деп түсіндірді ҰБ төрағасы.
Цифрлы теңгені енгізу – заман талабы. Қазіргі уақытта әлемнің 105 елі осы қаржы құралын айналымға енгізудің жолдары мен әдістерін қарастыруда. ҰБ өткізіп жатқан пилоттық жоба аясында цифрлы теңге тұжырымдамасының қаншалықты өмір сүруге қабілетті екені белгілі болмақ. Қазірдің өзінде эмиссиядан бастап сатып алу, аударым жасау және офлайн-төлем ретінде бөлістіруге дейінгі аралықта оның базалық сценарийі жүзеге асырыла бастады.
«Цифрлы деңгейдегі негізгі мотивация – қаржылық инклюзивтілікті жақсарту бойынша оның потенциалы. Цифрлы теңге төлем индустриясындағы бәсеке мен инновацияны дамытуға әсер етіп, сондай-ақ жаһандық нарықтағы Қазақстан қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін көтеруі тиіс. Цифрлы теңге қолма-қолма немесе қолма-қолсыз ақшаны алмастырмайды, ол параллель төлем құралы ретінде қолданылады», деп жазады Finprom сарапшылары.
Қазір цифрлы валюта идеясы әлемдік деңгейде жылдам тарап жатыр. Бір елдерде бұл жоба әлі талқылау кезеңінде болса, бір елдерде пилоттық режимде жұмыс істей бастады. Былтыр сәуірде әлемде бірде бір ел цифрлы валютаны пайдалануға бермеген еді. Содан бергі қысқа уақыт ішінде, Atlantic Council дерегінше қазірдің өзінде 10 ел цифрлы валютаны қолданысқа енгізген. Тағы 15 мемлекет, соның ішінде Қазақстан да бар, цифрлы валютаны пилоттық режим аясында жүзеге асыруға дайындалуда. Тағы 24 елде ЦВ әлі дайындалу үстінде, 43 елде – зерттелу кезеңінде жүр.
Халықаралық есепайырысу банкінің дерегі бойынша, ЦВ-ны енгізудің әртүрлі кезеңінде әртүрлі мақсатқа негізделеді екен. Негізінен, пилоттық кезеңге жеткен жобалар бірінші кезекте қауіпсіздіктің қажетті деңгейін және ақауларға төзімділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Ал алдын ала зерттеу сатысындағы жобаларда, ең алдымен, трансшекаралық және ішкі төлемдерді тиімді өңдеуге назар аударылады.
Нигерияда цифрлы валютаны дайындау жұмыстары 2017 жылы басталған, ал 2021 жылы төлем құралы ретінде ресми жұмыс істеуге көшті. Қазіргі кезде нигериялық цифрлы валюта көмегімен жүзеге асырылған айналым қаржысының көлемі 190 млн найрдан асқан. Швециялық цифрлы валютаны да қалыптау жұмыстары 2017 жылы басталыпты. 2020 жылы қажетті техникалық платформаны құруға бағытталған пилоттық жоба жүзеге асырылды. Бірақ шведтер өз ЦВ-ларын жетілдіруді әлі жалғастырып жатыр.