Қазақстан үшін «Баку-Жейхан-Тбилиси» бағытының маңызы қандай?

Жарияланды
Қазақстан мұнайының 90 пайызы КТК арқылы экспортталады

Қазақстан экспортқа шығаратын мұнайының 90 пайызға жуығын «Каспий құбыр консорциумы», былайша айтқанда КТК арқылы тасымалдайды. Теңізде, Қашағанда, Қарашығанақта өндірілген «қара алтын» құбыр арқылы Новороссийск портына жеткізіліп, сол жерден танкерлерге тиеліп, Еуропа нарығын бетке алады. Жыл басынан бері КТК-ның басынан небір «зобалаң» өтті. Әр «зобалаң» сайын Қазақстан қатты қысылды.

Себебі, мұнай – біздің басты экспорттық тауарымыз. Бюджет түсімінің басым бөлігін мұнайдан түскен кіріс құрайды. Ал мұнайымыздың 90 пайызы КТК арқылы тасымалданады. Егер КТК-ның есігіне «дәу қара құлып салынса», онда мол табыстан да заматта қағыламыз.

Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий дәлізіне басымдық берудің маңызды екенін айтып, КТК-ға балама маршруттар табылуы тиіс деп тапсырма берген еді. Өйткені қазір Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге деген батыс көзқарасы түзу емес және олар (АҚШ, ЕО) қазіргі санкция, бұғаттаулармен шектеліп қалғысы келмейді. Сан алуан шектеу мен эмбаргоның әлі талайы салынатын түрі бар. Иә, Ресей біздің басты сауда серіктесіміз, географиялық тұрғыдан да одан біржола іргемізді бөліп әкету мүмкін де емес. Бірақ қосымша жолдар қарастыру, балама маршруттар қалыптастыру – уақыт талабына айналып тұр.

Осы орайда, мұнай тасымалдауда «Баку-Тбилиси-Жейхан» құбыры жиі ауызға іліге бастаған-ды. Тіпті таяуда Reuters Қазақстанның тәулігіне 100 мың баррелді (бұл КТК арқылы экспортталатын мұнайдың 8 пайызы) әзірбайжандық құбыр желісі арқылы сатуға ниетті екенін жазды. Дерек көзі таратқан ақпаратқа сүйенсек, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Әзірбайжанның SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясымен мұнай жеткізу туралы келіссөз де жүргізіп жатыр. Қазақстандық тарап «Баку-Тбилиси-Жейхан» арқылы жылына 1,5 млн отын сатуды жоспарлайды-мыс. Осылайша, Қазақстан тәулігіне 30 мың баррельден көп мұнай тасымалдай алады, бұл ретте елдің бүкіл экспорты әлемдік экспорттың 1 пайыздан астам үлесін құрайды. Reuters-тің хабарлауынша, тараптар мұнай тасымалы туралы келісімге тамыздың соңында қол қойып, күзде жеткізуді бастап кетпекші.

Сондай-ақ қазақстандық тарап тағы бір әзірбайжандық құбыр желісі – «Баку-Супса» арқылы 2023 жылдан бастап Грузияға 3,5 млн тонна мұнай жеткізуді жоспарлайды деп хабарлаған Reuters.

Алайда мұның бәрін Энергетика министрі Болат Ақшолақов жоққа шығарады.

«Мұнай тасымалы («Баку-Тбилиси-Жейхан» құбыр желісі арқылы – ред) туралы біз қандай да бір келісімге қол қоямыз деп ойламаймын. Ондай сұрақтар қарастырылып жатыр, ұлттық компаниялар деңгейінде талқылануда, өйткені сондай міндет тұр. Бірақ біз қыркүйекте мұнай жөнелту туралы келісімге қол қою туралы айтып отырған жоқпыз. Оның үстіне Әзірбайжан арқылы тасымалданады делінген көлем өте аз. Мұны оқудың өзі күлкілі. Өйткені ол өмірімізді сондайлық жеңілдетпейді, екіншіден министрлікте ондай келісім туралы жоспар жоқ», депті министр.

Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, Қазақстан «Баку-Тбилиси-Жейхан» арқылы жылына 20 млн тонна мұнай тасымалдай алар еді.

«Қазір бұл маршруттың потенциалының тең жартысы ғана пайдаланылып отыр. Аталған бағыт бойынша экспорт көлемін арттыру үшін транзит және ұзақ мерзімді келісімшарт жасасу себебімен Әзірбайжанмен келіссөз жүргізу қажет болады. Өйткені барлық шығындар өтелуі керек. Мұнайды «Баку-Тбилиси-Жейханға» қайта бағыттау үшін алдымен Атырау мен Ақтау арасын жалғайтын мұнай құбырын салу қажет болады. Себебі, қазір теміржол цистерналарымен мұнай Ақтау портына дейін жеткізіледі. Ең оптималды маршрут «Атырау-Ескене» болатын. Бұрын Қашаған акционерлері «Баку-Тбилиси-Жейхан» әлеуетін пайдаланғылары келді. «Атырау-Ескене» мұнай құбырының құрылысы да болжанған. Әрі қарай мұнайды танкермен Бакуға жеткізіп береді. Енді Үкімет сол маршрутқа қайта оралғысы келіп отыр», дейді Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов.

«Баку-Тбилиси-Жейханның» ұзындығы – 2000 шақырым. Ол үш елдің – Әзірбайжан, Грузия және Түркияның территориясынан өтеді. Бұл – ТМД бойынша Ресейді айналып өтетін және АҚШ пен Ұлыбританияның тікелей қатысуымен салынған алғашқы маршрут.

Өткізу қабілеті – жылына 50 миллион тоннаға жуық.

Еске салайық, Қазақстан былтыр жаһан нарығына 67 миллион тонна мұнай экспорттады. Бұл ретте отандық мұнай өндірісінің жалпы көлемі 86 млн тонна болды. Әзірге Қазақстан мұнай өндірісі көлемін ОПЕК+ келісімі аясында ұстап отыр.

Қаңтар-мамыр аралығында Қазақстан 31,9 млн тонна шикі мұнай өндірді. Бұл былтырмен салыстырғанда 5,5 пайызға жоғары көрсеткіш. Еліміз тамызда тәулігіне 1,706 млн баррель мұнай өндіруі тиіс. Тиісінше, өндірілген шикі мұнайдың барлығы дерлік экспортқа жөнелтілген. Нақтылап айтар болсақ, 30,2 млн тонна шикі мұнай тасымалданыпты: Италияға – 8,3, Нидерландыға – 3,3, Оңтүстік Кореяға – 2,5, ал Қытайға 2,2 млн тонна шикі мұнай жіберілген.

Бірақ Қазақстан 2025 жылға таман жылдық өндіріс көлемін 100 млн тоннаға жеткізуге ниетті. Бұл «Теңізшевройл» мен «Қашағандағы» өндіріс қуаттылығының арту есебінен жүзеге аспақ.

«ҚазМұнайГаз» өкілі ресейлік «Ведомости» басылымына берген жауабында Қазақстан үшін мұнай тасымалдауда – «Атырау-Самара» мұнай құбыры (жобалық қуаты – жылына 17 млн тонна), «Қазақстан-Қытай» құбыр желісі және Баку мен Махачкалаға бағыт алатын Ақтау порты секілді «балама маршруттар» қолжетімді екенін айтып, «Бұл ретте компания мұнай тасымалдау бағыттарын әртараптандыру бойынша қосымша жұмыстар жүргізуде. Қазіргі уақытта барлық ықтимал баламалы тасымалдау бағыттары әзірленуде» деп жауап берген. Бірақ нақты «Баку-Тбилиси-Жейхан» туралы сұрақты жауапсыз қалдырған.

Сондай-ақ оқыңыз