Үкімет отырысында 7 айдағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, 2022 жылғы қаңтар-шілдеде жалпы ішкі өнім өсімі 3,3 пайызды құрады.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтың айтуынша, шілдеде жылдық инфляция 15 пайызды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы – 19,7 пайыз, азық-түлік емес тауарлар – 14,2 пайыз, ақылы қызметтер – 9,2 пайызға өсті. Шілдеде айлық инфляция 1,1 пайызды құрады.
«Шілдеде Қазақстандағы айлық инфляция өсімінің қарқыны бір ай бұрынғы 1,6 пайыздан 1,1 пайызға дейін баяулады. Баға өсімінің баяулауы жемістер мен көкөністер бағасының маусымдық төмендеуінің әсерінен орын алды», деді Ақылжан Баймағамбетов.
Әлихан Смайылов инфляцияны тежеу үшін қажетті құралдар бар, мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оларды тиімді пайдалануы тиіс екенін айтты.
Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың мәліметінше, есептік кезеңде мемлекеттік бюджетке 8 трлн 463 млрд теңге сомасында кірістер (трансферттерді есепке алмағанда) түсті, республикалық бюджетке түскен кірістер (трансферттерді есепке алмағанда) 5,6 трлн теңге шамасында (жоспар 101,3 пайызға орындалды) болды. Жергілікті бюджеттердің кірістері 2 трлн 864 млрд теңгені (113,3 пайызға атқарылды) құрады. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,7 пайызға, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,6 пайызға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98 пайызға атқарылды.
Премьер-Министр экономиканың өсуіне негізінен нақты сектор үлес қосып отырғанын атап өтті.
«Өсу динамикасын сақтап тұру үшін экономиканы одан әрі әртараптандыру, инвестициялық жобаларды іске асыру және жұмыс орындарын құруды күшейтіп, жалғастыру қажет» деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы инфляцияны тежеу мәселесіне ерекше назар аударып, қанттың қымбаттауы мен тапшылығына қатысы болуы мүмкін компания қызметін тексеруге тапсырма бергенін еске салып өтті. «Бұл проблеманың көтерілгеніне біраз болды. Сондықтан мұндай жағдайды жауапты органдар ертерек анықтап, алдын алуы керек» деді премьер-министр.
Ол сондай-ақ дизель отыны төңірегіндегі жағдайды да шешуді тапсырды. Үкімет басшысы кейбір өңірлерде дизельдік отын бойынша проблема туындап отырғанын атап өтті.
«Бұл азаматтарымыздың наразылығын тудыруда. Егіс науқаны басталар алдында мұндай проблема қалай орын алып отыр?» деді Әлихан Смайылов Энергетика министріне.
Өз кезегінде Болат Ақшолақов дизель отынына жоғары сұранысты жабу үшін барлық ресурстардың бірінші кезекте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен ЖҚС-ға бөлінетінін хабарлады. Өнеркәсіп кәсіпорындары мен ҚТЖ үшін отын қалдықтары екінші кезекте бөлінетін болады, ал жетіспеген жағдайда қажетті көлем импортталмақ. Бұдан бөлек, министрлік шекара периметрі бойынша транзиттік көлік үшін дизель отынына сараланған баға белгілеуді көздейтін бұйрық жобасын әзірледі. Бағалар тұрғылықты жеріне, тұтыну көлеміне және көлік түріне қарай сараланатын болады.
Мәселен, қазақстандықтар үшін жүргізуші куәлігі болған жағдайда, қазіргі баға – 230-260 теңге бойынша лимит тәулігіне 100 литр дизель отынын құрайды, Қазақстанда тіркелген жүк көлігі үшін – тәулігіне 300 литр. Қалған адамдар тобына, сондай-ақ көрсетілген көлемнен артық дизель отыны үшін 1 литр 450 теңгеден сатылатын болады.
Үкімет басшысы Энергетика министрлігіне отандық нарықта жанар-жағармай тапшылығын болдырмау үшін барлық шараларды уақытылы қабылдауды тапсырды. «Жанармай құю станцияларының иелерімен тиісті жұмыстар жүргізу керек. Азаматтарымыз бен ауыл шаруашылығы саласы зардап шекпеуі керек. Болат Оралұлы, жағдайды күнделікті жеке бақылауыңызда ұстаңыз» деп тапсырма берді.