Қазақстандықтардың тұтынушылық несие қарызы 6,6 трлн теңгеден асты

Жарияланды
2021 жылғы шілдемен салыстырғанда, 33% өскен

Қазақстан тұрғындарының мойнында тұтынушылық несие бойынша 6,6 трлн теңге қарызы бар. Бұл туралы «Курсивтің» ресми сауалына Ұлтық банк берген жауапта айтылған. 2021 жылдың шілдесімен салыстырғанда өсім 33,3%-ды құраған. Былтыр шілде айында қарыз 4,95 трлн теңге болған.

Сондай-ақ азаматтардың ипотекалық несие берешегі 2021 жылдың шілдесімен салыстырғанда 47%-ға өсіп, 3,8 трлн теңгеге жеткен. Былтыр жазда бұл қарыз 2,6 трлн теңге болған.

Сонымен қатар, Ұлттық банк 2022 жылғы 1 шілдеде заңды тұлғалардың несие берешегі 8 трлн теңгені құрайтынын хабарлады. Былтыр шілдеде бұл қарыз 7,17 трлн теңгені құраған.

Ұлттық банк дерегіне сүйенсек, жеке тұлғалардың 30 күнге дейін мерзімі өткен қарызы бір жылда 84 пайызға өсіп, 333,1 миллиард теңгеге жеткен. 90 күн төленбеген қарыз 12 пайызға өсіп, 417,7 млрд теңге болған.

«Ұлттық банк несие беру нарығындағы жағдайды бақылау үшін тоқсан сайын банктер арасында сауалнама жүргізеді. Респондент банктердің жауаптарына сәйкес, 2022 жылдың бірінші және екінші тоқсанында базалық мөлшерлеме несие құнына әсер еткен маңызды факторлардың бірі болды», – дейді Ұлттық банк.

Маусым айының соңына қарай жеке тұлғаларға берілген несие өсімі 40%-ды құраса, заңды тұлғалар алған қарыз 13% артқан.

Соңғы кездері көптеген банктер шағын және орта бизнес, жеке тұлғаларға арналған өнімдерге көбірек назар аударып жатыр. Олар қысқа мерзімді және кепілсіз беріледі.

Қазақстанның қаржы тұрақтылығы туралы есепте 2021 тұтынушылық несиелендірудің өсіп келе жатқаны, ал кепілсіз несие қозғаушы күш болғаны, оның тұтынушылық несие портфеліндегі үлесі 78% құрайтыны жазылған.

Бұған дейін Қазақстанда елден шыға алмайтын 564 433 борышкер бар екені хабарланған болатын. Әділет министрлігі шетелге шығуға уақытша тыйым салу себебі мен өз мәртебеңізді қалай тексеріп, қарызды қалай өеуге болатынын айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз