Келмеске кеткен 9 банктің салымшылары қанша төлем алды?

Жарияланды
419 мыңға жуық салымшы өз қаражатын алған

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры таратылған тоғыз банктің салымшыларына 114,3 млрд теңгеден астам төлем жасаған. 419 мыңға жуық салымшы өз қаражатын алды, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.

ҚДКБҚ төлемд бойынша өз міндеттемесін 99% орындаған, соның ішінде:

• «Валют-Транзит Банк» АҚ салымшыларына – 17,9 млрд теңге;

• «Қазинвестбанк» АҚ салымшыларына – 2,1 млн теңге;

• «Delta Bank» АҚ салымшыларына – 129,0 млн теңге;

• «Qazaq Banki» АҚ салымшыларына – 20,5 млрд теңге;

• «Қазақстан Эксимбанкі» АҚ салымшыларына – 258,0 млн теңге;

• «Астана Банкі» АҚ салымшыларына – 37,5 млрд теңге;

• «Tengri Bank» АҚ салыпшыларына – 17,6 млрд теңге;

• «Asia Credit Bank (AзияКредит Банк)» АҚ салымшыларына – 18,8 млрд теңге;

• «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларына – 1,6 млрд теңге төленген.

«Алғашқы төлемдер 2007 жылы басталып, одан кейінгі барлық уақытта ҚДКБҚ осы банктердің салымшыларына кепілдік сомаларын төлеу бойынша өзінің негізгі қызметтерін орындап келеді», дейді ҚДКБҚ төрағасы Әділ Өтембаев.

Заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, 2021 жылдың 1 мамырынан бастап кепілдік өтемақыны төлеу төлемдер басталған күннен бастап бір жыл ішінде жүзеге асырылады. Осылайша, төлемі 2021 жылдың 3 шілдесінде басталған «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшылары кепілдік өтемақыларын 2022 жылдың 3 шілдесіне дейін ала алды, ал ҚДКБҚ көрсетілген заңнамалық өзгерістерге дейін төлемдерін төлеп қойған қалған сегіз банктің салымшыларына 2022 жылдың 1 мамырына дейін өз ақшаларын алуға қосымша мүмкіндік берілді.

Әділ Өтембаев таратылған банктердің салымшыларының көпшілігі кепілдік өтемақы сомасын төлемдердің алғашқы айларында-ақ алғанын, бірақ қаражаттың кейбір бөлігі талап етілмей қалғанын айтты. Негізінен бұл салымшылар төлем мерзімінде өтініш жасамаған шоттарда қалған азғантай сома.

«Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Заңына сәйкес, талап етілмеген 830,5 млн теңге сомасындағы қаражатты қор салымшылардың БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарына олардың ерікті зейнетақы жарнасы ретінде  бағыттады.

Бұл ретте, төлем мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алған салымшылар, егер олардың сомасы БЖЗҚ-ға аударылған болса да, қаражатты қайтару үшін ҚДКБҚ-ға жүгінуге құқылы. Ол үшін белгіленген өтініш нысанын өз қолымен толтырып, төлем мерзімі ішінде Қорға уақтылы жүгінуге кедергі болған дәлелді себептерді растайтын құжаттарды қоса беру қажет. Сондай-ақ салымшылар өтініштегі қолдарын нотариалды куәландыра отырып, құжаттарды ҚДКБҚ-ның пошталық мекенжайына жібере алады.

Заңнамаға сәйкес дәлелді себептер тізбесіне мыналар жатады: әскери қызметке кіру, Қазақстаннан тыс жерде немесе бас бостандығынан айыру орындарында болу, мұраны қабылдау, мұраны алуға немесе ашуға байланысты өзге де себептер, сондай-ақ сот анықтаған өзге де мән-жайлар. Әрбір банк бойынша тарату үдерісі аяқталғанға дейін немесе салымшының қаражаты БЖЗҚ-ға аударылған жағдайда, ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдеріне құқығын жүзеге асырғанға дейін дәлелді себептермен ҚДКБҚ-ға төлем жасау үшін өтініш беруге болады.

Сондай-ақ оқыңыз