«Битум тапшылығы – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін ұят жағдай»: Президент сынынан соң мәселе қалай шешілмек?

Жарияланды
Жанар-жағармай нарығындағы жағдай қандай?

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, елімізде мұнай өңдеу көлемі мен жанар-жағармай өндірісі артқан. Биыл 8 айда 3,53 млн тонна дизель отыны өндіріліпті. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 259 мың тоннаға немесе 10,5 пайызға артық. 2022 жылы 13,72 млн тонна мұнай өнімдерін өндіру жоспарланған. Бұл 2021 жылға қарағанда 1 млн тоннаға көп.

Ведомство басшысы жоспарланатын өндірісті ескере отырып, 2022 жылдың қыркүйек айының соңында мұнай базаларындағы қалдықтар 153 мың тонна, жиынтық көлемі 275 мың тонна деңгейінде болжанып отырғанын айтты. Сондай-ақ министр ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге шілдеде 106,6 мың тонна, тамызда 145,6 мың тонна тиеп, жөнелтілгенін, жалпы, оларға биыл 423,5 мың тонна дизель отынын тиеп, жөнелту жоспарланып отырғанын айтты.

Министр Қазақстан аумағынан бензин, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салу жөнінде бірлескен бұйрық қабылданғанын жеткізді.

«Сонымен қатар вагон-цистерналарды беру саны ұлғайды, дизель отынын орташа тәуліктік тиеп-жөнелтудің өсуі тамыздың бірінші жартысындағы 15,6 мың тоннадан айдың соңында тәулігіне 18,9 мың тоннаға дейін қамтамасыз етілді, яғни өсім 21,7 пайызды құрады. Мұнай өнімдерінің басқа түрлерін тек мұнай өңдеу зауыттарынан экспорттауға рұқсат етілген. Дизель отынының қалдықтары бойынша жағдайы ең қиын өңірлерге басымдықпен жөнелту жүзеге асырылады. «Самұрық-Қазына» қоры мен «ҚазМұнайГаз» компаниясы Үкімет тапсырмасы шеңберінде қыркүйек-қазан айларында дизель отынының қажетті көлемін импорттауға арналған келісімшартқа қол қойды. Сондай-ақ жанар-жағармай бағасын негізсіз көтеру және сатудан бас тарту мәселелері бойынша азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою үшін Энергетика министрлігінде және ірі автожанармай құю станциялары желілерінде «колл-орталықтар» құрылды»,  деді министр.

Тағы бір мәселе – битум жайы. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында елде битумның тапшы екенін, бұл мұнай өндіруші ел үшін ұят жағдай екенін мәлімдеген еді. Ақшолақовтың айтуынша, 2022 жылға битум өндіру жоспары 726 мың тоннаны құрады, іс жүзінде 8 айда шамамен 600 мың тонна өндірілді. Оның сөзінше, QazaqBitum бойынша өндіріс жоспарының орындалмауы – басқа МӨЗ-дермен салыстырғанда битумға бағаның жоғары болуына байланысты жол-құрылыс компанияларынан өтінімдердің болмауымен түсіндіріледі, өйткені QazaqBitum оны импорттық шикізаттан (гудрон) өндіреді.

«QazaqBitum-дағы битум бағасы (тоннасына 225 мың теңге) ресейлік гудронды сатып алуды ескере отырып, Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасындағы бағалармен салыстырғанда (тоннасына 200 мың теңгеге дейін) оларға тең немесе төмен. Осылайша, QazaqBitum жұмыс орындарын қамтамасыз ететінін және қосылған құнды құрайтынын ескере отырып, QazaqBitum өндірістік қуаттарын пайдалану орынды деп санаймыз. Сондай-ақ, Қазақстан Энергетика министрлігі мен Ресей Федерациясының келіссөздері нәтижесінде гудрон импортының көлемі 280-нен 430 мың тоннаға дейін ұлғайды», деп атап өтті министр.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев бензин бойынша қажеттілікті толығымен жауып отырмыз дейді. Модернизациядан кейін «ҚазМұнайГаз» тобындағы үш мұнай өңдеу зауытының ортақ қуаты 3 млн тоннаға артып, жылына 17,2 млн тоннаға жеткен.  

«Нақтырақ айтатын болсақ, бензин өндіру қуаты 70%, яғни 2,9 млн тоннадан 5,1 млн тоннаға дейін, дизель отыны 30%, 4 млн тоннадан 5,2 млн тоннаға дейін артты. Ал әуеотын өндіру қуаты 2 еседен астам, 0,3 млн тоннадан 0,67 млн тоннаға дейін өсті. Айта кетейік, бензин бойынша біз Қазақстан Республикасының қажеттілігін толығымен жауып отырмыз. Ал дизель отынын тұтыну 30%-ға айтарлықтай өскені байқалады. Бұған ең алдымен көрші елдерге кетіп жатқан «көлеңкелі экспорт» себеп болып отыр. Жағдайды тұрақтандыру үшін «ҚазМұнайГаз» бірқатар шұғыл шаралар қабылдады. Атап айтқанда, Шымкент және Атырау мұнай өңдеу зауыттарындағы жоспарлы жөндеу жұмыстарын ауыстыру туралы шешім қабылданды, бұл нарықты қосымша 150  мың тоннаға дейін дизель отынымен қамтамасыз етеді. Ал ҚТЖ қажеттілігін жабу үшін 100 мың тоннаға дейін дизель отыны Ресейге импортталады», деді басқарма төрағасы.

Мырзағалиевтің айтуынша, әуеотын тұтынудың екі есе ұлғаюына, әлемдегі геосаяси ахуалды қоса алғанда, транзиттік шетелдік әуетасымалдаушылардың жанармай құю көлемінің артуы әсер етті.

«Осыған байланысты еселенген әуеотынға сұраныс импорт есебінен өтеліп жатыр. Битум өндіру мен тұтынуға келер болсақ, Қазақстанда битум өндірісінің ең жоғары қуаты жылына 1,37 млн тоннаны құрайды.  Биыл битум тұтыну көлемі 1,1 млн тонна болады деп күтілуде. Былтырмен салыстырғанда өсім – 15 пайыз. Бұл ретте, өндіріс көлемі 952 мың тоннаға бағаланады. Өндірістегі тапшылыққа «ҚазМұнайГаздан» басқа зауыттардың өндіріс қуаты толық жүктелмеуі және тұтынудың маусымдық өсімі себеп», деді спикер.

Сонымен бірге, ішкі жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Басқарма төрағасының сөзінше, ішкі жанар-жағармай нарығын тұрақтандыру бойынша жүйелі іс-қимылдар жасау керек. Атап айтқанда, кезең-кезеңімен нарықтық бағаға көшу, өңірлерде тұтынуға кемінде 14 күндік резерв қалыптастыруды қамтамасыз ету. Одан бөлек, жұмыс істеп тұрған битум шығаратын «Caspi Bitum» мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 1 млн-нан 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайту қажет.

Сондай-ақ оқыңыз