18 жастағы елордалық «Krisha KZ» жылжымайтын мүлік порталында үш ай бойы елордадағы пәтерлерді жалға беру туралы жалған хабарландырулар орналастырғаны анықталды. Жарнамаларында ол нарықтық бағадан төмен баға қойған.
Пәтерді жалға алғысы келетіндерге ол алдын-ала төлем жасағаны үшін телеграм каналында мекен-жайы мен пәтер иелерінің телефон нөмірлері бар сілтемелерді сатып алуды ұсынған. Кейіннен сілтеме жарамсыз екені және ақшаны қайтару мүмкін емес екендігі анықталды.
Күдікті клиенттерден мобильді аударым арқылы 5-тен 10 мың теңгеге дейінгі мөлшерде алдын ала төлем алған.
Мәселен, ағымдағы жылдың тамыз айында «Байқоңыр» ауданының Полиция басқармасына қала тұрғыны жүгініп, «Кrisha.kz» қосымшасы арқылы пәтерді жалға беру сылтауымен алаяқ одан 7 мың теңге алғанын хабарлаған. Жәбірленуші ақшаны картаға аударған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдіктіге ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігі бойынша алаяқтықтың 14 эпизодына қатысты кінәсі дәлелденді. Қазіргі уақытта басқа да жәбірленушілер анықталуда.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті азаматтарға Қылмыстық кодекстің аталған қылмыс үшін санкциясы 4 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, мүлкін тәркілеуді қарастыратынын ЕСКЕРТЕДІ.
Ақпарат Нұр-Сұлтан қаласы ПД Баспасөз қызметінен алынды