Машина жасау саласының дамуына не кедергі?

Жарияланды
2021 жылы импорттың жалпы көлемі бізде 41 млрд долларды құрады

Көпшілік бізде дамыса екен деп армандайтын бағыттың бірі де бірегейі – машина жасау саласы. Сарапшылардың айтуынша, соңғы 10 жыл бедерінде елімізде машина жасау өндірісінің көлемі 6 есе өсіп, құны 2 трлн теңгеден асып түскен. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, тепловоз, электровоз, трансформатор өндіру, мұнай-газ құрылғыларын жасап шығару сияқты салалар да өркен жая бастады. Егер осының бәрі үйлесіммен дамитын болса онда жақын келешекте импортқа тәуелділікті әжептәуір төмендетуге болады.

Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаевтың сөзінше, салада құрылған бір жұмыс орнының өзі аралас салаларда 7-8 жұмыс орнын құруға септігін тигізеді.

Форумды Премьер-министр Әлихан Смайылов ашып, әуелі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді, содан кейін сала проблемаларын атап өтті.

«Отандық машина жасау саласы экономиканың тұрақты дамуына елеулі үлес қосып келеді. Индустриаландыру жылдарында машина жасаудағы өндіріс көлемі 6 есе өсіп, 2,3 трлн теңгеге дейін көтерілді. Саланың жыл сайынғы өсімі соңғы үш жылда орта есеппен 20 пайызды құрап отыр. Қазір үкімет отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған жұмыстарды жалғастыруда. Бұл – қолжетімді бастапқы материалдармен және қаржыландырумен қамтамасыз ету. Сонымен бірге ел ішіндегі құндылықты дамыту, импортқа тәуелділікті азайту, жаңа өндірістерді құру және жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын жаңғырту. Үкімет ашық диалогқа және бизнеспен бірлесіп жұмыс істеуге дайын», деді Ә. Смайылов.

Мейрам Пішембаевтың айтуынша, әлемдік өнеркәсіп өндірісінің 40 пайызы машина жасау саласына тиесілі. Индустриалды дамыған елдерде бұл көрсеткіш 35-50 пайыз аралығында. Ал біздің өнеркәсіптегі машина жасау үлесі 7 пайыздан аспайды екен.

«2021 жылы импорттың жалпы көлемі бізде 41 млрд долларды құрады. Оның 17 млрд, яғни 41 пайызы – машина жасау өнімдері. Импортқа тәуелділікті азайту, өндіріс көлемін ұлғайту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, бұл – стратегиялық маңызды міндеттер. Біз бұл проблемаларды келер ұрпаққа қалдыра алмаймыз. Қазіргі жағдай жаңа тәсілдер мен жүйелі шешімдердің керек екенін аңғартып тұр. Машина жасау өнімдерінің импортын төмендету үшін қазір және орта мерзімді перспективада не істей аламыз?», деп сауал қойды Мейрам Пішембаев Үкімет басшысына.

Смайыловтың сөзінше, машина жасау саласындағы экспорт көлемін арттырып, импорт деңгейін төмендету үшін жүйелік-кешенді шаралар қабылдау қажет.

«Меніңше, машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспарын айқындайтын бағдарламалық құжатты әзірлейтін уақыт келді. Өйткені жүйелі және ұзақ мерзімді жоспарсыз саланы дамыту өте қиын. Біз жаңа көрмеге қатыстық, сол жерде өндірушілер қолжетімді және ұзақ мерзімді қаржыландырудың жоқтығын айтып жатты. Тиісінше тап осы қиындық – саладағы ең өзекті түйткіл. Базалық ставка айтарлықтай жоғары. Соған сәйкес несие ресурстары да қымбат. Бұл әрине кәсіпорындар үшін өте ауыр тиеді.  Біз Ұлттық Банкпен бірлесіп инфляциялық процестерді тұрақтандыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз және жақын арада ақша-несие саясатын оны жұмсартуға қарай икемдеп, қайта қарайтын боламыз. Орта мерзімді перспективада несие ресурстары айтарлықтай қолжетімді болатындай нәтижеге жетеміз деп ойлаймын. Ал оған дейін, 2-3 жыл көлемінде Үкімет пен Мемлекет деңгейінде пайыздық ставканы субсидиялау сияқты қолдау шараларын ұсынатын боламыз», деді Премьер-министр.

Шетелдік өндіріс орындарының Қазақстанға релокациясы жағдайында біздің машина жасаушылар үшін қандай мүмкіндіктер ашылады? Үкімет басшысы бұл сауалға да жауап берді.

«Қазіргі геосаяси жағдай біздің экономикамызға сыртқы негативті әсерін тигізіп жатыр. Сонымен қатар белгілі бір мүмкіндіктер де тудырып жатыр. Көрші ел нарығынан кеткен 50-ден астам компания біздің елден өз өндірісі мен кеңсесін ашуға байланысты ниеттерін білдіріп жатыр. Біз қазір олармен нақты келіссөздер жүргізудеміз. Арнайы инвестициялық келісімдерге қол қоя отырып оларға индустриялық аймақтан, арнайы экономикалық аймақтан жұмыс аймағы ұсынылады. Биыл сегіз айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 6 пайызға өсті. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша тікелей инвестиция ағыны 54 пайызға артты. Шетелдік өндіріс релокациясы есебінен болып жатқан қосымша инвестиция, бұл тек қосымша жұмыс орындарының құрылуы ғана емес, сонымен бірге бұл – салық төлеу базасының кеңеюі, жаңа технологиялар, жаңа стандарттар. Мұның бәрі отандық экономикадағы, оның ішінде машина жасау саласындағы және басқа да өңдеуші өнеркәсіптегі бәсекені күшейтеді», деп толықтырды Үкімет басшысы.

Қазір отандық машина жасау саласында 3,5 мың кәсіпорын, 115 мың адам жұмыс істейді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сүйенер болсақ, биыл машина жасау саласын дамытудың 2024 жылға дейінгі жол картасы өзектендірілді. Аталған құжатта жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, қазақстандық қамту үлесін арттыру, техникалық және экономикалық реттеу шаралары, институционалдық ортаны жетілдіру, білікті кадрлармен қамтамасыз ету, жаңғыртуды ынталандыру және жаңа өндірістерді құру бойынша іс-шаралар қарастырылған.

«Қабылданған жаңа шаралар қатарында шикізат өндірушілер үшін отандық өндірістерді нарық бағасынан төмен бағамен шикізатпен қамтамасыз ету міндеттемесі де бекітілмек. Сонымен қатар өңдеуші өнеркәсіптің өніміне тұрақты сұранысты қамтамасыз ету мақсатында жер қойнауын пайдаланушылардың отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасау бойынша міндеттемелер бекіту көзделген. Бұдан бөлек, тау-кен металлургия кешенінің машина жасау орталығын құру да жоспарланып отыр. Бұл шара кәсіпорындар арасындағы кооперацияны күшейтуге және жаңа өнімді нарыққа шығаруға мүмкіндік береді», деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.

Сондай-ақ оқыңыз