Toyota өндірісі Қазақстанға келе ме?

Жарияланды
Қазақстан релокация ұсыныстарына ашық

Қазақстан релокация ұсыныстарына ашық

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, қазір Ресейден іргесін аулақ салған Toyota өндірісін Қазақстанға алып келу бойынша тиісті келіссөз жүріп жатыр.

Қазір Ресейден кеткен ірі әлемдік компаниялардың Қазақстанға орналасу мүмкіндігі де қарастырылып жатқаны белгілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі релокацияға жақсы жағдай жасау керек деп тапсырды. Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, тиісті келіссөз жүріп жатыр.

«Toyota – біздің елдегі ең танымал брендтердің бірі. Біздің өндірушілер келіссөз жүргізіп жатыр. Корпорациялар бұл мәселе бойынша мемлекеттік органдармен талқылау жасамайды, өйткені бұл таза техникалық мәселе: қанша қаржы салады, қандай құзірет болады, өткізу нарығына олар қаншалықты дайын деген сияқты. Жалпы, келіссөз жүріп жатыр. Келісе ала ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ Toyota Қазақстанда өз өндірісін ашатын болса онда бұл біздің ел үшін аса табысты шешімдердің бірі болар еді», деді ведомство басшысы.

Осыған дейін Toyota автоконцерні Санкт-Петербургте орналасқан автомобиль өндірісін тоқтататынын мәлімдеген еді. Компанияның хабарлауынша, тұрып қалған алты ай уақыт ішінде олар үшін толыққанды жұмыс режиміне оралудың қолайлы әдісін табудың ыңғайы келмеген. «Жақын келешекте РФ-да өндірісті қайта жолға қоюдың мүмкіндігін де көрмейміз» деді.

«Экономиканың заңы сондай, бүкіл әлем өткізу нарығы үшін бәсекеге түседі. Біз өзіміздің өнімді қаншалықты көп сатқан сайын ол соншалықты дами түседі. Тиісінше, жаңа жұмыс орындары құрылады. Ал ресейліктер бізден жаппай көлік сатып алып жатыр дегенге қатысты статистиканы мен әлі көрмедім. Иә, ақпараттар түсіп жатыр, дегенмен оның нақты дерегі болмаған соң, айту қиын», деді министр.

Оның сөзінше, шетелдіктердің Қазақстаннан келіп көлік сатып алуына шектеу қоюға болмайды. Бұл ретте ол шекара аспауы тиіс көліктерді де атады.

«Жеңілдетілген бағдарламамен сатып алынған автомобиль ешқандай жағдайда шетке кетпеуі тиіс. Өйткені азамат алғашқы жарнасыз сол көлікті алуы үшін мемлекет оны субсидиялады. Демек, ол машина өзге біреуге сатылмауы тиіс», дейді.

Сонымен қатар министр Президент айырықша атап тапсырған қала құрылысы кадастры мәселесіне де тоқталды.

Қала құрылысы кадастры жүйесі өнеркәсіптің жоспарланған және жұмыс істеп тұрған объектілеріне, әлеуметтік инфрақұрылым бойынша ақпараттың кең ауқымын қамтиды. Қала құрылысы кадастрының тақырыптық деректер базасы, өңірдің экономикалық мамандануын, инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуін, өңірде ұқсас объектілердің болуын және олардың жүктемелігін ескере отырып, инвестицилық жобаларды оңтайлы орналастыруды таңдауға мүмкіндік береді.   

Өз кезегінде, әлеуметтік объектілердің цифрлық деректерінің болуы, тіршілік инфрақұрылымын базалық қамтамасыз етуді бағалауға мүмкіндік береді. Осылайша, басқарушылық шешімдерді оңтайлы қабылдаудың цифрлық құралы қалыптастырылды.

Өскенбаевтың айтуынша, қала құрылысы кадастры қала құрылысы қызметінің ашықтығын, қала құрылысы жобаларын әзірлеу мен іске асырудың сәйкестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Ол үшін біз объектінің бірегей нөмірін енгізуді пысықтап жатырмыз. Бұл біріздендіру, жеке сәйкестендіру нөмірмен ұқсастығы бойынша сәулет-жоспарлау тапсырмасын беруді, адами факторды болдырмай, бас жоспарларға және егжей-тегжейлі жобалау жоспарларына сәйкес жүйеде эскиздік жобаны келісуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ құжаттардың нысаналы мақсатқа сәйкестігіне түпкілікті тексеруді жүргізуге мүмкіндік береді», деді Өскенбаев.

Сондай-ақ оқыңыз