«Бақытты отбасы» бағдарламасында қандай өзгеріс бар?

Жарияланды
Ел бойынша 621 мыңнан астам адам кезекте тұр

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол «толық емес отбасы» санаты не себептен «Бақытты отбасы» бағдарламасынан шығарылғаны туралы айтты. Оның сөзінше, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасында отбасы институтын қолдау және сақтау мақсатында «Бақытты отбасы» жеңілдетілген бағдарламасына қатысушылардың санаттары қайта қаралды.

«Атап айтқанда, талдау нәтижесінде «толық емес отбасы» санаты алынып тасталды. Мониторинг көрсетіп отырғандай, «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылған сәттен бастап «толық емес отбасы» санаты бойынша кезекте тұрғандар саны 72 пайызға немесе 61,6 мың адамға артқан», деді спикер.

Ол қазіргі жағдай басқа санаттар бойынша кезекте тұрған азаматтар үшін тең емес жағдай тудыратынын айтты. Мәселен, 2021-2022 жылдары «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша өтініштердің 50 пайыздан астамы толық емес отбасылардан келіп түскен.

Сонымен қатар басым санаттарға жетім балалар, 1 және 2 топтағы мүгедек адамдар, сондай-ақ мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар кіреді. Енді олар, сондай-ақ көпбалалы отбасылар бастапқы жарнасы 10 пайыз және 20 жылға дейінгі мерзіммен («2-10-20» бағдарламасы) жылдық 2 пайыз несиелеудің жеңілдетілген мөлшерлемесі бойынша жергілікті атқарушы органнан несиелік баспана ала алады.

Айта кетерлігі, «толық емес отбасы» санатын алып тастау тетігі азаматтарды жергілікті атқарушы органнан кредиттік тұрғын үй сатып алу мүмкіндігінен айырмайды. Олар басқа да санаттар бойынша кезекте тұрған азаматтармен қатар 5 пайыз пайыздық мөлшерлемемен қолжетімді қарыздар ала алады.

Сонымен бірге Бауыржан Қабдол тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын да таныстырды. Ол жаңа құжатта тұрғын үй мәселелерін шешуге аса мұқтаж азаматтардың ең осал 4 санаты нақты айқындалғанын хабарлады. Атап айтқанда:

  • Көп балалы отбасылар (91 мың азамат);
  • I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар (51 мың азамат);
  • Мүгедек балалары бар отбасылар (24 мың азамат);
  • Жетім балалар (61 мың азамат).

Азаматтардың тұрғын үй мәселелері «Отбасы банкі» арқылы жеңілдетілген несие беру арқылы шешілетін болады. Азаматтардың кірісі мен есепке қою күніне байланысты Үкімет жергілікті атқарушы орган салған несиелік баспана сатып алуға арналған 2 пайыз және 5 пайыз жеңілдікті ипотекалық қарыздар беруді көздейді: бастапқы жарнасы – 10 пайыз, кредиттеу мерзімі 20 жылға дейін.

2 пайыздық ипотека көп балалы отбасыларға, сондай-ақ I және II топтағы мүгедек адамдарға,  мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, сондай-ақ жетім балаларға тиесілі. Әкімдікте кезекте тұрған басқа да азаматтарға жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үй қарызы қолжетімді.

Бұдан басқа, биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша халықтың неғұрлым осал топтарының мәселелерін жедел шешу мақсатында жеке тұрғын үй қорынан баспананы жалға алу үшін тұрғын үй төлемдері енгізілді.

«Жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларының шарттары тұжырымдамалық түрде өзгертілді. Біріншіден, мұндай бағдарлама шеңберінде әкімдіктер салған әлеуметтік кредиттік баспана ғана сатып алуға болады. Екіншіден, қарыздың ең жоғары сомасы бойынша шектеулер алынып тасталды. Ол тұрғын үйдің нақты ауданы бойынша анықталатын болады. Бұл ретте, әлеуметтік тұрғын үй сапасын арттыру үшін бір шаршы метрді 160-240 мың теңге диапазонынан 170-290 мың теңгеге дейін құрылысты қаржыландыруды іске асырудың баға параметрлері қайта қаралды», деді Қабдолов.

Спикердің айтуынша, кірісті растау бойынша шекті сома бойынша шектеулер алынып тасталды. Алайда, жеңілдетілген қарыз алу үшін үміткер төлем қабілеттілігін растауға міндетті.

«Төртіншіден, банктің тәжірибесі негізінде әрі ортақ мүліктік жауапкершілік мақсатында қарыз алушының бастапқы жарнаны енгізу үрдісі сақталып қалады. Бүгінгі таңда бұл шек барлық қатысушы үшін 10 пайыз мөлшерде қарастырылған», деді спикер.

Айта кетейік, «Күшті өңірлер – елді дамытудың драйвері» Ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылдың соңына дейін барлығы 46 мың жеңілдетілген қарыз беру жоспарланып отыр, оның ішінде 2 пайызбен – 28,1 мың және 5 пайызбен – 18,2 мың қарыз. Сонымен қатар Қазақстан тұрғын үй компаниясы арқылы сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй тетігін енгізу пысықталуда.

«Кезекте тұрғандардың қалауы бойынша таңдау құқығын беру ұсынылады. Ол – сатып алу мен жалға алу, көшу, сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үйде қалу. Бүгінде әкімдіктердің балансында сатып алусыз 36 мың пәтер бар. Тұрғын үйді күтіп ұстау және жөндеу бойынша барлық шығыстарды тұрғын үй толық амортизациялағанға дейін жергілікті бюджет көтереді. Сондай-ақ Қазақстан тұрғын үй компаниясының балансында 23 мың пәтерді сатып алатын, жалға беретін тұрғын үй қоры бар. ЖАО жалға берілетін тұрғын үйді «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ балансына беру, сатып алу мен жалға берілетін кезекте тұрғандар үшін бастапқы жарнаны енгізбей сатып алу ұсынылады. Тұрғын үй жеке құрылыс салушылардан өмір сүрудің қолайлы жағдайларына қазіргі заманғы өлшемдерге сәйкес келетін нарықтық бағамен сатып алынатын болады», деді спикер.

Министрлік өкілінің хабарлауынша, қазір ел бойынша 621 мыңнан астам адам кезекте тұр. Оның ішінде 402 мыңы әлеуметтік осал жағдайдағы адамдар.

Сондай-ақ оқыңыз