Инвестиция

Білім беру саласына құйылған инвестиция бір жарым есе өскен

Салаға салынған күрделі салымдардың 72%-ы — бюджет қаражаты

Биыл қаңтар–қыркүйек айларында білім беру саласының негізгі капиталына салынған инвестиция 219,1 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда ақшалай түрде 49,2%-ға артық деп жазады Finprom.kz

Салыстырар болсақ, 2021 жылдың сәйкес кезеңінде секторға салынған инвестиция 11,5% азайып, 146,9 млрд теңгені құраған.

Өңірлер бойынша инвестицияның басым бөлігі дәстүрлі түрде Алматыға құйылған: 61,7 млрд теңге, жылдық өсім — 2,3 есе.

Үздік үштікке Түркістан облысы (33,9 млрд теңге, құндық мәнде бір жылда 67,8% көбейген) мен Шымкент (22,3 млрд теңге, 20,3% көбейген) кірді. Осы үш аймаққа ҚР-ға салынған инвестицияның 53,8%-ы тиесілі.

Ең төменгі көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелген: небәрі 337,7 млн теңге. Одан бөлек, Қарағанды мен Ақтөбе облыстарында да инвестиция аз.

Білім беруге салынған күрделі салымдардың үштен екісі дерлік жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етілді: 136,5 млрд теңге. Бұл сома былтырғыдан 64,9% артық.

Айта кетейік,үкімет жақында 2022–2026 жылдарға арналған білім беруді дамытудың жаңа тұжырымдамасын бекіткен еді.

Тұжырымдамада білім беру сапасын жан-жақты арттыру бойынша бірқатар шаралар қамтылған. Атап айтқанда, білім беру үдерісін цифрландыру аясында бірқатар жобалар жүзеге асырылатын болады: «Цифрлық мұғалім», шағын жинақталған мектептерде жекелеген пәндерді онлайн және офлайн цифрлық оқулықтар (мобильді қосымша) арқылы оқыту. Білім берудегі қызметтерді цифрландыру, студенттік орындардың тапшылығын жою, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау, жаңа таңдау пәндерін енгізу және мектептерде қосымша секциялар ашу, техникалық және кәсіптік білімді дамыту және т. б. бойынша жұмыстар жалғасады.