Теңге бағамы мен валюта нарығындағы жағдайға не әсер етті?

Жарияланды
Ұзақ мерзімді инфляциялық шокқа тап болдық

Қазақстанның валюта нарығы белгісіздік жағдайында тұр. Инфляцияның қашан баяулайтыны, базалық ставка өсімінің қашан тоқтайтыны белгісіз. Валюта нарығындағы құбылмалылық қалыпты жағдайға айналды. Ұлттық Банк қазан айында теңгенің 1,7 пайызға нығайғанын, бұған қымбаттаған мұнай құны әсер еткенін мәлімдейді.

Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, базалық мөлшерлемені көтеру және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатуы да теңгеге қолдау көрсетті.

«Қазанда Ұлттық қордан валютаны сату 362 млн АҚШ долларын құрады, бұл ретте бір сауда күні ішінде сату көлемі 30 млн АҚШ долларынан асқан жоқ. Біз Ұлттық қордан валютаны сату тек республикалық бюджетке трансфертті қамтамасыз ету қажет болған жағдайда ғана жүзеге асырылатынын бірнеше рет атап өттік. Біздің тарапымыздан осы операциялардың валюта нарығындағы ағымдағы сентиментке әсерін барынша азайту үшін барлық күш-жігер жұмсалуда. Валютаны сату бойынша мәмілелерді іске асыру кезінде Ұлттық Банк price-taker ретінде әрекет етеді, яғни, өз өтінімдерін қоймай, қолда бар өтінімдер бойынша «жұмыс жүргізеді». Нарыққа қатысушылардың бағасымен келісе отырып, біз операциялардың нарықтық бағамға әсерін жоққа шығарамыз. Қазір валюта нарығы теңгерімді. Валюталық интервенциялар жүргізу қажет болмады», дейді Әлия Молдабекова.

Сондай-ақ өткен айда алтын-валюта активтері 33 млрд АҚШ долларына дейін шамамен 330 млн АҚШ долларына ұлғайған. Оған клиент қаражаты және екінші деңгейлі банк қаражатының Ұлттық Банктегі валюталық корреспонденттік шоттарға әкелінуі себеп болған. Дегенмен бұл факторлардың әсері мемлекеттік қарызды төлеумен, сондай-ақ алтын бағасы бір унция үшін 1673 доллардан 1639 долларға дейін төмендеуімен ішінара реттеліпті.

«Алтын бағасының төмендеуі нарық ойыншыларының АҚШ ФРЖ-ның «күшейту» риторикасына әсерінен туындады. Бағалы металдар нарығындағы құбылмалылық, бұрынғысынша, айтарлықтай жоғары болып қалып отыр. Қазанда Ұлттық Банк халықаралық резервтерді әртараптандыру үшін алтын үлесін қысқарту жөніндегі саясатын іске асыруды жалғастырды, осыған байланысты алтын тұрақты валюталарға сатылғанын атап өткен жөн», дейді ҰБ өкілі.

Ал Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі өткен айда 850 млн АҚШ долларына ұлғайып, қазан айының соңында 52,4 млрд АҚШ долларын құрады. Кепілдік берілген және нысаналы трансферттерді бөлу мақсатында қазан айында ішкі валюта нарығында 362 млн АҚШ долларына активтер сатылған, бұл – 171 млрд теңгеге тең. Республикалық бюджеттің қажеттілігін қанағаттандыру үшін Ұлттық қордан 327 млрд теңгеге трансферттер бөлініпті.

Қазан айында қор нарығының өсуінен жыл басынан бері құлдыраған акциялар портфелі біраз бәсеңдеді. Бұл ретте Ұлттық қордың ұзақ мерзімді кірістілігі құрылған кезден бері жылдық мәнде 2,88% болады.

«АҚШ ФРЖ-ның күшейтілген ақша-кредит саясаты АҚШ доллары бағамының жаһандық нығаюының негізгі қозғаушы күші болып қалуда. Сондықтан АҚШ ФРЖ-ның күшету циклінің қаншалықты ұзаққа созылатыны жөніндегі мәселе әлемдік валюта нарығындағы белгісіздіктің негізгі факторы болып қала береді. Биыл бүкіл әлемдегі Орталық банктердің мөлшерлемені бір мезетте әрі тез көтергенін байқадық. Жаһандық инвесторлар осы күшейту цикліндегі мөлшерлемелердің шарықтау шегін іздеп жатыр. Goldman Sachs талдауына сәйкес, мөлшерлемелерді арттыру циклі орта есеппен 15 ай бойы жалғасып келеді, барлық эпизодтардың 70%-ы бір жылдан астам уақытқа созылуда», деп түсіндірді.

Кейбір экономистердің пікірінше, жалпы қолайлы экономикалық ахуал рецессиясыз сақталған жағдайда, АҚШ ФРЖ-ның мөлшерлемелерді арттыру циклі ұзаққа созылады, бірақ келесі жылы бір жүйеге түсетін болады. АҚШ ФРЖ-ның келесі отырысында талдаушылар желтоқсанда мөлшерлеменің өсу қарқынының 50 базистік тармаққа дейін төмендейтінін және 2023 жылғы ақпан мен наурыз айларында екі рет 25 базистік тармаққа артатынын болжайды. Bloomberg талдаушыларының консенсусына сәйкес, 2023 жылы DXY индексі әлсірейді деп күтілуде.

Сонымен қатар, АҚШ ФРЖ саясатындағы әлеуетті өзгеру оның геосаяси белгісіздік кезеңіндегі қауіпсіз актив мәртебесіне және доллардағы активтердің абсолюттік мәнінде жоғары кірістілігіне байланысты АҚШ доллары үстемдігінің аяқталуына алып келмеуі мүмкін екенін атап өту қажет.

Сондай-ақ оқыңыз