Шетелден қаржы алғандар қандай есеп тапсырады?

Жарияланды
Алынған ақша мен мүлік туралы хабарламаны уақытылы жіберіп отыру керек

Шетелде тіркелген ұйымдардан қаржы тартылған жағдайда оның қайда жұмсалғанын көрсететін есеп тапсыру керек. Қазақстанда осындай мониториң жүргізіледі. Бұл жерде мәселе қаржы көлемінде немесе шаруашылық қызметінде емес, кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ үкіметтік емес ұйымдардың неліктен қаржыландырғанын түсіндіру керегінде. Бүгінгі материалымызда осы туралы талдаймыз.

Бұл қандай мониториң?

Жеке және заңды тұлғаларға шетелден жіберілген қаражаттың есебі беріледі. Яғни бұл мониториң шет мемлекеттерде, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден, азаматтығы жоқ адамдардан ақша немесе өзге де мүлік алған жеке не заңды тұлғаларға, оның құрылымдық бөлімшелеріне жүргізіледі. Атап айтқанды:

  • Заңға қатысты көмек көрсету, оның ішінде құқықтық ақпарат беру, азаматтар мен ұйымдардың мүдделерін қорғау және білдіру, сондай-ақ оларға консультация беру;
  • қоғамдық пікірге сауалнамаларды, әлеуметтанушылар жүргізетін сауалнамаларды (коммерциялық мақсатта жүргізілетін қоғамдық пікір білуге бағытталған сауалнамалар мен әлеуметтанушылардың сауалнамаларын қоспағанда) зерделеу және жүргізу, сондай-ақ олардың нәтижелерін тарату және хабарлау;
  • көрсетілген қызмет коммерциялық мақсаттарда жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, ақпарат жинау, талдау және тарату.

Алынған ақша мен мүліктің есебі

Шетелдік қаржыландыру мониториңіне қатысушылар мемлекеттік кірістер органдарына есеп ұсынуға тиіс. ҚР Қаржы министрінің 2018 жылғы 20 ақпандағы № 241 және 242 бұйрықтарына сәйкес, ақша мен өзге де мүлікті алу және жұмсау туралы хабарламалардың (017.00 Т.) және мәліметтердің (018.00 Т.) тәртібі, мерзімі және нысандары айқындалған. Субъектілер тұрғылықты/орналасқан жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарын 1 теңгеден асатын мөлшердегі қаражат пен өзге де мүлікті алғаны туралы хабардар етуі керек. Қаржы не мүлік алынған күннен 10 жұмыс күні ішінде тиісті деректерді толтырып, хабарлама жіберілуі қажет. Ол жерде алынған сома мөлшері, міндеттемелерді орындау мерзімдері өзгерсе, хабарлама алу шарттарына өзгеріс енгізілген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде ұсынады. Сондай-ақ, алынған ақшаны не өзге де мүлікті қайтарған жағдайда, негізгі хабарламаның тіркеу нөмірін көрсете отырып, «алу» белгісімен көрсетілетін сома мәнін көздейтін бағандарды қоспағанда, бағандардың бұрын көрсетілген барлық деректемені толтырып, қайтарылған күннен кейінгі күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде «қосымша» ретінде көрсетіп, хабарлама жіберіледі. Бұдан бөлек, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік кірістер органдарына шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден, азаматтығы жоқ адамдардан алынған ақшаны және өзге де мүлікті алу және жұмсау туралы 1 теңгеден асатын мөлшердегі мәліметтерді ұсынуға тиіс. Шетелдік көзден алынған ақша мен мүлік өткізілген күнтізбелік тоқсан мәліметтерін ұсыну үшін есепті кезең саналады. Ал енді көрсететін еш дерек болмаса, онда бұл мәліметтер нөл мәнмен жолданады. Кешенді тексерулер жүргізу кезеңінде (ұзартуды және тоқтата тұруды ескере отырып) тексерілетін салық кезеңі бойынша бұрын ұсынылған мәліметтерге өзгеріс не толықтыру енгізуге болмайды. Яғни мәліметтерден субъектілерден алынған ақша не мүлік толық жұмсалғанға дейін берілуге тиіс.

Кімге мониториң жүргізілмейді?

  • Мемлекеттік мекемелер;
  • Лауазымдық міндеттерін орындау кезінде жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға, ҚР Парламенті және мәслихат депутаттарына (өз қызметінен босатылмаған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаттарын қоспағанда), әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне;
  • Екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, сақтандыру ұйымдары;
  • Тізімін ҚР Үкіметі бекітетін мониториңге жататын ірі салық төлеушілер;
  • Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдары, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдары мен халықаралық мектептер;
  • Адвокаттық, нотариаттық қызметті, жеке сот орындаушыларының, медиаторлардың, төрешілердің, бағалаушылардың, аудиторлардың қызметін жүзеге асыруға байланысты алынған ақша және (немесе) өзге де мүлік;
  • Квазимемлекеттік сектор субъектілері;
  • Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттің дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдіктері, шет мемлекеттің консулдық мекемелері, сондай-ақ олардың қызметкерлері үшін;
  • Ұлттық, техникалық және қолданбалы спорт түрлерін дамытуға, дене шынықтыру мен спортты қолдауға және ынталандыруға бағытталған, сондай-ақ спорттық іс-шараларды, оның ішінде халықаралық спорттық жарыстарды, спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған ақша және (немесе) өзге де мүлік;
  • Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде алынатын ақша және (немесе) өзге де мүлік;
  • Емделуге ақы төлеу немесе сауықтыру, профилактикалық рәсімдерден өту мақсатында алынатын ақша және (немесе) өзге де мүлік;
  • Сыртқы сауда келісімшарттары бойынша түсім түрінде алынатын ақша және (немесе) өзге де мүлік;
  • Халықаралық тасымалдарды ұйымдастырғаны және жүзеге асырғаны үшін, халықаралық пошта байланысы қызметтерін көрсеткені үшін алынатын ақша және (немесе) өзге де мүлік;
  • ҚР заңнамасына сәйкес жасалған инвестициялық келісімшарттар шеңберінде алынатын ақша және (немесе) өзге де мүлік;
  • Төлем көзінен осындай салықтың ұсталғанын растайтын құжаттар болған кезде, төлем көзінен жеке табыс салығы бұрын салынған дивидендтердің, сыйақылардың, ұтыстардың сомалары;
  • ҚР Үкіметі белгілеген өзге де жағдайлар.

Есеп өткізбесе не болады?

Хабарламағаны үшін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

  • жеке тұлғаларға – 50 АЕК,
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға-100 АЕК,
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК,
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 350 АЕК.

Дәйексіз немесе көрінеу жалған мәліметтерді ұсыну қызметті тоқтата тұрып айыппұл салуға әкеп соғады.

  • жеке тұлғаларға – 100 АЕК,
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 200 АЕК,
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 400 АЕК,
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 700 АЕК.

Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде әрекетті немесе әрекетсіздікті қайталап жасау қызметке тыйым сала отырып, айыппұл салуға әкеп соғады.

  • жеке тұлғаларға – 150 АЕК,
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 250 АЕК,
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 450 АЕК,
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне-1000 АЕК.
Сондай-ақ оқыңыз