Инфляция 21 пайызға жетуі мүмкін

Жарияланды (жаңартылды )
Инфляцияның төмендеуіне ешқандай алғышарт жоқ

Қазақстанда инфляцияның төмендеуіне әзірге ешқандай алғышарт жоқ. Сондықтан сарапшылар жыл соңына дейін елімізде инфляция деңгейі 20-21%-ға жетіп, тіпті одан асып кетуі мүмкін деген болжам жасап отыр.

Бұл туралы Астанада «Экономика жайлы диалог: Жаңа жағдайдағы Қазақстан» тақырыбында өткен ауқымды кездесу барысында Jusan Analytics зерттеу орталығының басқарушы директоры Әнуар Қуандықов мәлімдеді. Оның айтуынша, отандық экономикада жақын арада анау айтқандай өзгеріс орын алмайды.

Болжам бойынша, Қазақстанда экономикалық өсім бәсеңдеуін жалғастырып, жыл соңына қарай 2,5%-ды құрауы мүмкін. Оның үстіне отандық жалпы ішкі өнімнің 60%-дан астамын құрайтын 6 ірі сала: ауыл шаруашылығы, байланыс, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және қоймалау арасында соңғы 4 салада өсім төмендеп жатыр.

Айта кетейік, былтыр жыл соңында елімізде экономикалық өсім 4,3%-ды көрсеткен еді. Бұдан бөлек, спикер қазіргі уақытта инфляция – әлемде ең басты сын-қатерлердің біріне айналып, жаппай сипат ала бастағанын жеткізді.   

«Біз 80 елдің экономикасына талдау жүргіздік. Олар әлемдік ЖІӨ-нің 80-90%-ын құрайды. Сол 80 елдің 60-ында инфляция мақсатты межеден 2 есе жоғары болса, 28 елде 4 есе жоғары. Ал біздің елде 3 есе артық», деді Ә. Қуандықов.

Әлемдік экономика өсімі де бәсеңдеп жатыр. Халықаралық валюта қоры мен басқа да халықаралық сарапшылардың болжамынша биыл өсім өткен жылғыдан төмен болмақ.  

«Қазір әлемдік экономиканың өсімі 3,2%-ды құрайды. Жыл басындағы көрсеткіш – 4,4%. Болжам бойынша алдағы жылы өсім 2,7%-ға дейін төмендейді. Одан да төмен болуы мүмкін. Өйткені қазір қымбатшылыққа, ықтимал дағдарысқа қатысты әлемде ортақ мәміле, ортақ келісім жоқтың қасы», – деді Jusan Analytics жетекшісі.

Кездесу барысында қаржыгерлер мен экономистерді мазалған тағы бір сұрақ – отандық экономиканының даму болашағы. Оны қандай негізге, қандай қағидаға сүйеніп дамытуға болады?

«Жасыратыны жоқ, біз экспортқа бағдарланған шикізаттық мемлекетпіз. Мұнай бүкіл экспортомыздың 60%-ын құрайды. Негізгі экспорттық тауарларымыз: шикі мұнай, табиғи газ, мыс, уран, бидай, мырыш, күміс, алюминий. Ал кейбір азық-түлік тауарларын қоспағанда, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың 80%-ы – импорт. Атап атар болсақ: жиhаз, дәрі-дәрмек, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, дайын металл, резеңке және пластмасса, темекі, полиграфия бұйымдары және т. б. Не істеу керек?  Қазақстан үшін даму даму көзі неде? Өндіріске көңіл бөліп, импорттың орнын толтыру керек пе? Әлде заман талабына сәйкес өндірісті жайына қалдырып, қызмет көрсету саласына ойысу қажет пе? Бағытты айқындайтын уақыт әлдеқашан жеткен» деді Ә. Қуандықов.

Бұл сұрақ сарапшылардың қызу талқысына түсті. Кейбір мамандар мемлекеттің нарыққа араласа бермеу керегін алға тартты. Яғни, нарықты жайына қалдыру керек. Ол не істеу керектігін өзі біледі. Ал мемлекет дұрыс монетарлық жағдай жасап, инфрақұрылымдарды құрумен шектелгені жөн.  Басқалары мемлекеттің араласуын қолдап, мемлекет тарапынан экономика секторларына берілетін көмекқаржылардың әділ түрде үлестірулі керектігін, даму көзі шағын және орта бизнесті дамытуда жатқандығын алға тартты.

Қатысты материалдар