Астанада сарапшылар ел экономикасына төнген сын-қатерді талқылады

Жарияланды
Елордада алғаш рет «Жаңа жағдайдағы Қазақстан» атты экономика жайлы ашық диалог өтті
Әнуар Қуандықов / Фото: Jusan Analytics баспасөз қызметі

Jusan Analytics қазіргі қалыптасқан жағдай мен экономикаға төнген сын-қатер, инфляцияның халықтың тұрмыс-тіршілігіне әсерін талқылау үшін мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор, Ұлттық банк, халықаралық қаржы ұйымдары, «Атамекен» ҰКП өкілдері мен тәуелсіз сарапшылардың басын бір алаңда қосты.

Сөзжарысты бастап берген Jusan Analytics зерттеу орталығының басқарушы директоры Әнуар Қуандықов жиын өтетін күн арнайы таңдалғанын айтып өтті: іс-шара Қаржыгерлер күні мен Ұлттық валюта күніне орай ұйымдастырылып, сәйкес тақырып таңдалған.

 «Қазір жаһандық және де қазақстандық экономикада қалыптасқан жағдайды талқыға салсақ дейміз. Өйткені қалыптасқан жағдай бәрімізге ортақ, қайда бағыт аламыз, неге басымдық береміз? Макроэкномика күйі, ақша-несие саясаты, экономиканың нақты секторында қордаланған түйткілдер мен оны қаржыландыру мәселесіне сөз етіп, елдің әлеуметтік-демографилық жағдайын тақылаймыз.

Әнуар Қуандықов, Jusan Analytics басқарушы директоры

Осы орайда ол  3 сын-қатер  өзекті болып тұрғанын айтып өтті. Біріншісі – жаһандық инфляцияның өсуі, бұл ретте үш негізгі факторды атап өтуге болады: соңғы 10-15 жылдағы тым бос ақша-несие саясаты, атап айтқанда, пандемия кезінде экономикаға үлкен қаражаттың құйылуы. Екіншісі – әлемдік экономика өсімі, ол бірте-бірте бәсеңдеп, кейбір аймақтарда теріс аумаққа шығады. Үшіншісі, қазіргі кезде мемлекеттердің мойнына алған қарыз көлемі басынан асып жатыр және жаһандық қарыз дағдарысы қаупі туындап тұр.

«Біз 80 елдің экономикасына талдау жүргіздік. Олар әлемдік ЖІӨ-нің 80-90%-ын құрайды. Сол 80 елдің 60-да инфляция мақсатты межеден 2 есе жоғары болса, 28 елде 4 есе жоғары.  Кейінгі бес жылда экономикалық өсімі теріс көрсетішке ие болған 20 ел бар. Біз осы екі тізімді салыстыра келе, 15 ел өте жоғары инфляция мен экономикалық рецессияны бастан кешіріп жатқанын байқадық. Бұл әлемдік экономиканың 41 пайызын құрайды. ХВҚ мен сарапшылардың тұжырымына сәйкес, бұл жерде екі фактор бар: біріншісі, жаһандық экономика 2022 жылы біршама қалыпты өсім қарқынын көрсетеді, өйткені 2021 жылы ол өте жоғары болды. Алдағы ықтимал дағдарыстың тереңдігі мен ұзақтығы жайлы  ортақ  мәміле жоқ екенін ескере отырып, біз 2023 жылғы көрсеткіш бұдан  да нашар болуы мүмкін деп болжаймыз», деді Ә. Қуандықов.

Дегенмен сарапшының айтуынша, Қазақстандағы жағдай соншалықты қиын болмаса да, экономикадағы негізгі 6 саланың төртеуінің көрсеткіші төмендеп жатыр.

«Өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және қоймалау  саласында өсім төмендеп жатыр. Жыл соңына дейін  үлкен өзгеріс болмаса, ел экономикасы жылдық 2,5 пайыз өсім көрсетеді деген болжам жасап отырмыз. Инфлияцияға қатысты айтсақ, оның төмендеуіне ешқандай алғышарт байқап отырған жоқпыз. Сондықтан инфляция 20-21 пайыздан асады деп ойлаймыз» деп түйіндеді ол.

Ұлттық банктің ақша-несие саясаты департаменті директоры Рүстем Оразалин Қазақстанда инфляция үдеуін жалғастырып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, елдегі инфляцияға сыртқы факторлар қатты әсер етіп, жағдайды ушықтырып тұр. Соның ішінде әлемдік геосаяси жағдайдың ықпалы мол.

«Дүние жүзіндегі экономика құрылымы белгісіздік жайлап тұрған осы кезеңде өзгеріп жатыр, оған деглобализация мен декарбонизация қосылды. Яғни, ақша-несие саясатына әсер ететін бірқатар қиындық туындады. Бірақ, алдан шыққан қиындыққа қарамастан, орталық банктердің мандаты баға тұрақтылығын сақтау екенін көріп отырмыз, онсыз ұзақ мерзімді, тұрақты даму болмайды. Жоғары инфляция ауыртпалығы оны көтере алмайтындардың иығына түсіп тұр. Сондықтан, қазіргі кезде баға тұрақтылығын қалпына келтіру біраз уақытты қажет етіп, орталық банк құралдарын батыл пайдалануды талап етеді», деді ол.

Сонымен қатар, сарапшының айтуынша, инфляцияға халықтың «инфляцияны күтуі» де әсер ететін көрінеді.

«Егер халық инфляция төмен және тұрақты болады деп күтсе, ешқандай жағдай килігіп кетпесе, болашақта расында солай қалыптаспақ. Инфляция жоғары болады деп, соған қамдансақ, расында алдымыздан қымбатшылық шығуы мүмкін», деді ол.

«Талап» қолданбалы зерттеулер орталығы директорының орынбасары Асқар Қысықов Ұлттық банк үнемі инфляцияға базалық мөлшерлеме арқылы ықпал етуге емес, инфляцияны базалық мөлшерлемемен қуып жетуге тырысады деп пайымдайды.

Асқар Қысықов / Фото: Jusan Analytics баспасөз қызметі

«Ұлттық банк өкілінің сөзінен түсінгеніміз, бізде сұраныс артып келеді екен. Бірақ сұраныс белгіленген баға бойынша өсіп жатыр, ал халықтың нақты мәндегі табысы төмендеп барады. Яғни, нақты мәндегі сұраныс қысқарған. Біздегі инфляция монетарлық емес, инфляцияның негізгі себебі – бұл жайында Президентіміз де айтып өтті, сыртан келген инфляция. Алайда біз оны монитарлық деп, барынша күресіп, базалық мөлшерлемелі қайта-қайта көтереміз. Қазір базалық мөлшерлеме ештеңеге әсер етпейтін болған. Тек банктердің пайдасы мен ірі дпозит иелері және мемлекеттік қарызды өтеуге тиімді. Базалық мөлшерлеменің өскені несие беруге де әсер етпейді, өйткені біздің банктердің кредит портфелінің 60 пайызы – тұтынушылық несие. Оларға базалық мөлшерлеменің дым қатысы жоқ деді», сарапшы.

Ол дамыған елдердің теріс нақты пайыздық мөлшерлемеден қорықпайтынын мысал етіп өтті. Мәселен, АҚШ-та инфляция 8,5% болса, базалық мөлшерлеме – 2%, ЕуроОдақта инфляция 10% болса, базалық мөлшерлеме шамамен – 1-2%,  Ресейде – 7,5%.

Сонымен қатар, ол Қазақстанның қомақты мемлекеттік қарызына тоқталды.

«Қазақстан туралы айтар болсақ, еліміздің мемлекеттік қарызы аз деп айтпас едім. Еліміздің активтері – Ұлттық қор және басқасымен салыстырар болсақ, сыртқы қарыз өте жоғары. Соған қарамастан үсті-үстіне қарыз алып жатырмыз. Валюта бағамы құбылмалы, тұрақсыз болып тұрған қазіргідей кезде, қарыз алу қажет емес деп ойлаймын. 2023 жылғы бюджетте сыртқы қарызды өтеу қызметіне 1,8 трлн теңге жұмсау жоспарланған. Бұл – өте қомақты қаржы. Біздің мемлекеттік қарызымыз өте үлкен, соның ішінде сыртқы қарызды азайту керек деп санаймын. Бұндай мемлекеттік қарызды өтеу де қымбатқа түсіп тұр», деді спикер.

«Атамекен» ҰКП өкілі Тимур Жәркенов базалық мөлшерлеменің  өсуі ел экономикасы мен бизнеске, халық  сатып алатын тауардың түпкілікті құнына қаншалықты әсер ететінін талдауды ұсынды.

«Бұл мәселені қазір шешіп алмасақ, қандай шыңырауға құлағанымызды байқамай қалуымыз мүмкін.  Сыртқы геосаяси жағдайды ескерсек, бұл мәселе өте маңызды. Өйткені жеткізу тізбегі үзіліп жатыр,  қазір экономика үлкен күйзелісте тұр», деді ол.

Жиын соңына қарай Jusan Analytics атқарушы директоры Александр Дауранов ерекше ой айтып қалды. Ол демографияның тұтыну нарығына қалай әсер ететініне тоқталып өтті.

Александр Дауранов/ Фото: Jusan Analytics баспасөз қызметі

Александр Дауранов Қазақстандағы туу көрсеткіші жоғары екенін, тұтынушы белсенділігі 30-39 жастағы адамдарға келетінін айтып өтті. Дәл осы жастағы тұрғындар – ең көп табыс табатын және тұтынуға бейім ең белсенді тұтынушылар.

 «Біз бұл тұтынушы белсенділігін қазіргі және болашақтағы демографиялық құрылымға қостық.  Қазіргі кезде біз тұтынудың гүлдену кезеңінде тұрмыз, бұл 80-жылдардың соңында дүниеге келген ұрпақ,  қазір олар тұтынушы белсенділігін арттырып және ең көп тұтынып отыр. Біздің бағалауымызша, 30-40 жас аралығындағы 3 миллион адам тұрмысқа қажетті тауарлардың 40 пайызын тұтынады. 5 жылдан кейін демографиялық толқын алмасып, сәйкесінше ең белсенді тұтынушылардың саны азайып, бэби-бумерлер тұтыну көлемін азайтып, көбірек үнемдеуге көшетінін байқап отырмыз. 10 жылдан кейін белсенді тұтынушылардың саны күрт  төмендейді», деді ол.

Бұл ретте спикер  тұрмыстық тауарларды тұтыну көрсеткішін қазіргі деңгейде ұстап тұру үшін, өнімділік өсімін екі есе арттыру керек дейді.

Бұл ретте цифрлы ұрпақтың, яғни 2000-жылдардан кейін дүниеге келіп, онлайн-тұтыну дағдысы қалыптасқан ұрпақтың басымдығы байқалады.

Сондай-ақ оқыңыз