Облыс аралық ойдым-ойдым жолдар қашан жөнделеді?

Жарияланды
Ақылы учаскелердің тарифі белгілі болды

Еліміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 96 мың шақырым. Соның 25 мың шақырымы – республикалық маңызы бар жолдар. 71 мың шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Осы жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары жалпы пайдаланымдағы 11 мың шақырымнан астам автожолда жүргізілуде. Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллиннің айтуынша, республикалық желі бойынша 4 мың шақырымда құрылыс және реконструкция жұмыстары жүргізілуде, соның 1,2 мың шақырымы аяқталады.

«Күрделі және орташа жөндеумен шамамен 3 мың шақырым жол қамтылды, соның 900 шақырымына жуығында аяқталады. Жергілікті автожолдар желісінде жөндеудің барлық түрлерімен 4,6 мың шақырым жол қамтылған, соның 2,6 мың шақырымы аяқталады. Жыл қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 91%-ға және жергілікті желі бойынша 85% ға дейін жеткізіледі. Реконструкциялау бойынша жұмыстар 17 жобада жүргізілуде, олардың аясында 2024 жылға дейін іске асыру мерзімімен 4 мың шақырым жол қамтылмақ», деді спикер.

Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұзындығы 72 шақырым болатын «Подстепное – Федоровка» автожолының екі учаскесін реконструкциялау, сондай-ақ Қызылорда облысының аумағы бойынша (218 км) «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңарту басталды.

Сонымен бірге, жыл соңына дейін жолдардың ақылы учаскелерінде абоненттік төлем енгізіледі. Қазір республика бойынша ұзындығы 2,2 мың шақырымды құрайтын автожолдардың 11 ақылы учаскесі жұмыс істейді. Олар 2013-2021 жылдар аралығында кезең-кезеңімен енгізілген болатын. Бүгінгі күні барлық ақылы учаскелерде 2013 жылғы тарифтер қолданылады, бұдан басқа жыл соңына дейін келесі тарифтерге сәйкес көлік құралдарының барлық түрлері үшін абоненттік төлем енгізілетін болады.

Тарифтер мынадай:

  • Жеңіл автокөліктер – 1 жылға 1000 теңге;
  • 16 орынға дейінгі автобустар және 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – айына 2 АЕК, жылына 20 АЕК;
  • 32 орынға дейінгі автобустар және 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – айына 4 АЕК, жылына 40 АЕК;
  • 32 орыннан жоғары автобустар және 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері – айына 6 АЕК, жылына 60 АЕК;
  • 15 тоннаға дейінгі жүк көліктері – айына 8 АЕК, жылына 80 АЕК;
  • 15 тоннадан астам жүк көліктері – айына 10 АЕК, жылына 100 АЕК.

2022 жылы жергілікті маңызы бар жолдарды салуға және реконструкциялауға шамамен 370 млрд теңге бөлінген.

«Қойылған міндетті іске асыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар 2025 жылға дейін кемінде 14 мың шақырым жергілікті жолдың құрылысы мен жөндеуін қамтамасыз етуі тиіс. Осы жылдың қорытындысы бойынша жергілікті желі автожолдарының нормативтік жағдайдағы үлесін 85%-ға дейін жеткізу көзделген. 2022 жылы жергілікті маңызы бар жолдарды салуға және реконструкциялауға шамамен 372 млрд теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Жолды жайластыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, жергілікті желінің жол жобаларын қаржыландыру тепе-тең негізде, яғни республикалық бюджеттен 50%, жергілікті бюджеттен 50% жүзеге асырылады. Жол-жөндеу жұмыстарының сапасына және автожолдардың бүгінгі жай-күйін диагностикалауға баса ден қойылуда», деді спикер.  

Министрлік өкілі Президент тапсырмасын орындау мақсатында автожол саласын реформалау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын да айтты. Төлеген Абдуллин автомобиль жолдарының сапасын арттыру мақсатында біз қолданыстағы заңнамаға енгізілетін түзетулермен таныстырып өтті. Біріншісі – ғылымды, материалдардың электрондық базасын және жаңа технологияларды дамыту.

«ҚазжолҒЗИ негізінде жаңа технологиялар мен жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасы құрылды. Қазіргі уақытта карьерлердің, битум зауыттарының материалдарының сапасы жайлы ақпарат жинау жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ климат ерекшеліктерімен  жаңа технологиялар әзірленуде. Институт қозғалыс қарқындылығын, есептік жүктемелерді ескере отырып, әрбір өңір үшін жол төсемдерінің үлгілік конструкцияларын қалыптастыратын болады. Бірыңғай базаның бастапқы бұл деректері жобалау және салу кезінде ЖСҚ дайындау кезінде басшылыққа алынатын болады», деді спикер.

Екіншісі – нормативтік базаны жетілдіру. Бүгінгі таңда еліміздің автожол саласында стандарттар мен нормативтердің 1200-ден астамы бар. Реформалау шеңберінде министрлік нормативтік базаны қалыптастыру тәсілдерін өзгертуде.

«Алдағы уақытта ұлттық стандарттарды әзірлеу кезінде ғылыми және зертханалық зерттеулердің қорытындылары, тәжірибелік учаскелер мен қанатты жобалардың ұзақ мерзімді мониторингінің нәтижелері ескерілетін болады. Тиісті нормативтік құжаттар 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен енгізіледі. Жобалау әр аймақтың климаттық жағдайы мен температурасын, әрі қозғалыс қарқындылығын ескереді. Superpave технологиясы өз кезегінде эксплуатациялық сипаттамаларды арттыруға мүмкіндік бермек. Қазір бізде тек 3 климаттық аймақ ескеріледі, ал Superpave технологиясында 10-15 климаттық аймақ қарастырылатын болады. Әрбір өңір үшін бөлек асфальтбетон қоспалары, битум, қиыршық тас құрамы құрылады», деді комитет басшысы.

Саланы реформалау аясындағы жаңашылдықтардың бірі – автожол жобаларын EPCM келісімшарты қағидатына көшіру және іске асыру. Келісімшарттың негізгі артықшылығы – оның құны техникалық-экономикалық негіздемеге және жобалық-сметалық құжаттамаға байланбайды, ірілендірілген бағалар бойынша айқындалатын болады.

Сондай-ақ оқыңыз