Қазақстан – Ресей сауда қатынасы: Қай тараптың позициясы биік?

Екі ел арасында жаңа келісімдер орнады

Қазіргі геосаяси ахуал фонында экономикалық қатынастарға бұрынғыдан да терең маңыз беретін болдық. Әсіресе, Ресеймен қарым-қатынас жиі талқыланып жатыр. Ресей – Қазақстанның басты сауда серіктесі. Жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев РФ-ға сапарлап, бірқатар жаңа келісімдер жасалды.

Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 18,4 млрд доллар болды, бұл былтырғыы 9 айлық көрсеткіштен 5 пайызға жоғары. Қазақстанның Ресейге экспорты 15,1%-ға немесе 5,9 млрд долларға дейін өсті, ал Ресей Федерациясынан Қазақстанға импорт 0,8%-ға немесе 12,4 млрд долларға дейін артты.

Экспорттың өсу қарқыны Ресейге:

  • Табиғи уран (өсім 2,1 есе),
  • Алюминий оксиді (өсім 2,3 есе),
  • Мырыш (2 есе) жеткізілімдерін ұлғайту есебінен сақталып отыр.

Бұл ретте:

  • Металл илектің (-33%)
  • Темір кендерін (-76%) жеткізудің төмендеуі байқалады.

Былтыр қаңтар-қыркүйекте Қазақстаннан Ресейге 640 тауар түрі апарылса, биыл 9 айда ассортимент аясы кеңейіп, тауар түрі 1057-ге жеткен. Ресейге тауар тасымалдауда Қазақстан өңірлері ішінен – Алматы (1014 млн доллар), Астана (786,2 млн доллар), Павлодар облысы (+36 пайыз), Ақтөбе облысы (+48 пайыз), Түркістан облыстары (+19 пайыз) белсенді.

Біз Ресейден негізінен жартылай фабрикаттарды (+22 пайыз), мұнай өнімдерін (+35 пайыз), бағалы метал кендерін (+20 пайыз) және бидайды (2 есе) көп импорттадық. Тиісінше, автомобиль және алтын сатып алу азайған.

Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, Ресей 36% үлесімен (12.4 млрд доллар) Қазақстанға импорттық жеткізілімдерде басымдық танытып отыр. Бұл ретте министр сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстанның Ресейге 180 тауар позициясы бойынша шамамен 1 млрд доллар сомасына экспорт көлемін ұлғайту мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

Сондай-ақ Қазақстан мен Ресей көлік-логистикалық жобаларды да бірлесе жүзеге асыруға ниетті. Халықаралық логистикалық тізбектерді қалпына келтіруде ЕАЭО мен Оңтүстік Азия, Шығыс Африка және Таяу Шығыс елдері арасында жүктерді тасымалдау үшін ең қысқа қашықтықты қамтамасыз ететін «Солтүстік-Оңтүстік» транзиттік дәлізі ерекше рөл атқарады.

«Біз Қазақстан-Түрікменстан-Иран темір жолы арқылы өтетін дәліздің Шығыс тармағының жұмысын жандандырдық. 2022 жылдың маусымында Үндістанға бағытталған Ресейден 40 футтық құрылыс материалдары бар 40 бірлік контейнерден тұратын пилоттық пойыз іске қосылды. 2022 жылдың 9 айында осы бағыт бойынша 79,2 мың тонна жүк тасымалданды, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 8 есе көп», деді Серік Жұманғарин Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық Форумының пленарлық отырысында.

Сонымен қатар, вице-премьердің ақпараты бойынша, «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің табысты дамуына инфрақұрылымдық және «физикалық емес» сипаттағы кедергілер кедергі келтіруде. Олардың ішінде көлік және логистикалық инфрақұрылымның жетіспейтін буындары мен «тар жерлері», келісілген өтпелі теміржол тарифінің болмауы, шекарадан өтудің қағаз рәсімдері бар. Бүгінгі таңда сарапшылардың пікірінше 40-тан астам кедергілер бар. Нәтижесінде транзиттік уақыттың шамамен 50%-ы шекарадан өтуге жұмсалады, бұл автомобиль мен теміржол тасымалының ұзақтығын екі есе арттырады.

«Солтүстік-Оңтүстік дәлізі бойынша «тар жерлерді» жою үшін шекаралардағы жүк ағынын бақылау процесін цифрландыру, кедендік рәсімдер мен тарифтік саясатты үйлестіру қажет. Мұндай жұмыстың күтілетін нәтижелері физикалық инфрақұрылымды дамытудың қайтарымдылығымен салыстырылатын болады», деп есептейді Серік Жұманғарин.

Қазақстанның тағы бір үлкен жобасы – шекара маңындағы сауда, көлік, логистика және өнеркәсіптік кооперацияның бес орталығын салуды қамтитын трансшекаралық хабтар желісін дамыту.

«Географиялық тұрғыда жақын және ЕАЭО нарықтарына қолжетімділік тартымды жағдайлармен бірге «Еуразия» өнеркәсіптік аймағын Қытай, Үндістан, Түркия инвесторлары үшін барынша тиімді етеді. Ресейлік әріптестер мен бизнесті экономикалық дәліздердің қиылысында индустриялық-логистикалық хабқа айналатын осы ауқымды жобаны іске асыруға шақырамыз», деді Серік Жұманғарин.

Бұл ретте ведомство басшысы транзиттік тауар ағынының өсуі, сондай-ақ терминалдық-қойма инфрақұрылымының қуаттылығының артуы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қазақстанда 5 халықаралық теміржол және 8 автомобиль транзит дәлізі қалыптасып, жұмыс істейді. Оның ішінде 3 теміржол дәлізі мен 6 авто дәлізі РФ аумағы арқылы өтетін дәліздермен синхрондалған. 2022 жылдың 10 айында РФ – Орталық Азия, РФ – Қытай, РФ – Иран және РФ – Ауғанстан бағытындағы тасымалдардың жалпы көлемі 8,9 млн тоннаны құрады.

Жалпы, Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумының нәтижесінде жалпы сомасы 23,3 млрд теңгеге ($50 млн) 7 өңіраралық және 10 коммерциялық құжатқа қол қойылды.

Сонымен қатар, Ресей Қазақстан экономикасына инвестиция салу бойынша алғашқы бестікке кіреді. 2022 жылы 6 айдың қорытындысы бойынша Ресейден келген тікелей шетелдік инвестиция ағыны 30%-ға немесе 722 млн-нан 938 млн долларға дейін өсті.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар