Банк секторының активтері 42,4 трлн  теңгені құрады

Жарияланды
Жеке тұлғаларға берілген несие көлемі артқан

Банк секторының активтері 1,5%-ға немесе 0,6 трлн теңгеге артып, 42,4 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бергі өсім 12,6 пайыз, яғни,  4,7 трлн теңгені құрады. Қазан айында банк активтері несие портфелінің 1,8%-ға немесе 410 млрд теңгеге артуы есебінен өсті, деп хабарлайды ҚНРДА.

Айта кетейік, қазіргі кезде еліміздің банк секторындан екінші деңгейлі 21 банк бар, оның ішінде он екісі шетел қатысатын банк, 9-ы еншілес банк.

Өтімділігі жоғары активтер 13,0 трлн теңгені немесе активтердің 30,8%-ын құрап отыр. Бұл банктерге өз клиенттері алдындағы міндеттемелеріне толық көлемде өтеуге мүмкіндік береді.

Экономикаға берілген кредит көлемі 1,8%-ға өсіп, 21,5 трлн теңгені құраған. Соның ішінде ұлттық валютада берілген несие  19,7 трлн теңгеге дейін өсіп, шетел валютасындағы кредиттер 0,7%-ға 1,8 трлн теңгеге дейін төмендеген.

2022 жылғы қазанда бизнес субъектілеріне 1,0 трлн теңге сомасына жаңа қарыз берілді. Бұл ретте жыл басынан бері бизнеске 10,1 трлн теңге сомаға жаңа қарыз берілген.

Салалар бойынша айтсақ, заңды тұлғаларға берілген кредиттердің негізгі үлесі өнеркәсіп (34,4%), сауда (21,3%), құрылыс (7,5%) және көлік саласына (5,7%) тиесілі.

Жеке тұлғаларға берілген несие көлемі де артып,  2022 жылғы қазанда 2,5%-ға ұлғайып, 13,4 трлн теңгені құрады.

Банк секторының төлем мерзімі 90 күннен кешіктірілген (NPL90+) қарыз деңгейі жалпы несие портфелінің 3,7%-ын немесе 836 млрд теңгені құраған.

Ал меншікті капиталы 5,1 трлн теңгеге дейін өсті. 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 18,0%-ды, меншікті капитал (к2) – 21,2%-ды құрап, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы ықтимал тәуекелдерді жабуды қамтамасыз етеді.

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2022 жылғы қазанда 2,9%-ға 30,0 трлн теңгеге дейін өскен. Заңды тұлғалардың депозиттері 4,1%-ға 15,9 трлн теңгеге дейін, жеке тұлғалардың депозиттері – 1,5%-ға 14,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Ұлттық валютадағы депозиттер 2022 жылғы қазанда 3,4%-ға 19,4 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында депозиттер – 2,0%-ға 10,6 трлн теңгеге дейін өсті. Нәтижесінде 2022 жылғы 1 қарашадағы  жағдай бойынша долларлану деңгейі 2022 жылдың басындағы 36,0%-бен салыстырғанда 35,3%-ды құрады.

Сондай-ақ оқыңыз