Ел тұрғындары «ҚазМұнайГаздың» 8,8 миллионна астам акциясын сатып алуға өтінім берген
Қазақстандықтар «ҚазМұнайГаздың» акцияларын сатып алуға 128,7 мың өтінім берген. Бұл туралы үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.
Жеке инвесторлар акция құнына қарай 8,8 миллионнан астам акцияға өтінім берді. Жалпы осы IPO аясында жалпы құны 256,4 млрд теңгені құрайтын 30,5 млн жай акция ұсынылған. Осылайша, жеке инвесторлардың сұранысы саудаға шығарылған акциялардың шамамен 30%-ын құрады.
Салыстыру үшін айтсақ, 2012 жылы «Халықтық IPO» аясында «ҚазТрансОйлдың» акцияларына 59,4 млрд теңгеге 34 687 өтінім түскен. 2014 жылы «KEGOC» АҚ-ның қор биржасындағы листингі шеңберінде акция сатып алуға берілген өтінімдердің саны 40 мыңнан асқан.
Бұған дейін сарапшылар ҚМГ IPO-сында жеке инвесторлар саны тіпті 2012-2014 жылдары өткен «Халықтық IPO-дан» бірнеше есе асып түсетінін болжаған.
ҚМГ IPO-сы Қазақстандағы жеке инвесторлардың өсуіне түрткі болды. Орталық депозитарий өткен айда қосалқы шот саны 48 мыңға өскенін хабарлады.
«Қараша айында қосалқы шоттардың өсуін біз «ҚазМұнайГаз» сияқты қазақстандық мұнай алпауытының IPO-ға шығуымен байланыстырып отырмыз. Бұл IPO қазақстандық жеке инвесторлар арасында жаңа толқын тудырды», – деді Орталық депозитарийдің басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов. Сонымен қатар, омнибус шоттары арқылы есепке алынған жеке шот саны 373 мыңды құраған.
Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының өзіне тиесілі 551 698 745 акциясынан 30 505 974 жай акциясын сатылымға шығарды. ҚМГ акциялары «Астана» халықаралық биржасы, «Астана» халықаралық қаржы орталығының қор биржасының бағалы қағаздарының ресми тізіміне енгізіліп, AIX-те саудаланады.