Қаржы алаяқтығының жаңа түрі шықты. Неден сақтану керек?

Қаржы нарығының тәуекелдерін әркез ескерген абзал

Интернет кеңістігінде қысқа мерзім ішінде жоғары табыс көзі туралы және үміткерге саусақпен санаулы талаптар қоятын хабарландыруларды жиі кездестіруге болады. Мұндай хабарландыруларда ақша аударымдары және қолма-қол ақшаға айналдыру, құжаттар ресімдемей, яғни ешқайда тіркелмей, толық «қашықтан» режиміндегі жұмыс ұсынылады. «Жұмыс берушілер» «бірнеше сағат ішінде жақсы табыс», «тексерулерсіз және құжаттар толтырмай жұмысқа орналасу», «жоғары табысқа кепілдік» деген сөздерді жиі пайдаланады.

Олар не жалақыны көрсетпейді, не болмаса бір-екі сағат жұмыс үшін көп ақша ұсынады. Алаяқтық бос жұмыс орындарында ізденушіге ақша аударуды жүзеге асыру және жұмыс берушімен онлайн іс-әрекетке түсуден басқа, не білімінің деңгейі, не жұмыс тәжірибесі бойынша қойылатын нақты кәсіби талаптар көрсетілмейді.

Есіңізде болсын, жұмысқа қабылдайтын мұндай адамдарды дропперлер немесе дроптар деп атайды.

Дроппер немесе дроп – бұл алаяқтар ұрлаған ақша үшін өзінің банк картасын «транзиттік» картаға айналдыруға келісетін адам. Карточкасын үшінші тұлғалар пайдаланғанын білмеген ондай адам алаяқтық объектісіне айналуы мүмкін. Осылайша, дроп өзінің қылмыстық схемаға тартылғанын әрдайым түсіне бермейді, өйткені алаяқтар әдетте өз әрекеттерін «заңды бизнес» ретінде жасырады.

Дропты әр түрлі шоттар арасында заңсыз алынған ақшаны аудару үшін жалдайды. Бұл қылмыскерлерге іздерін жасыруға және тергеу жұмысын қиындатуға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда алаяқтық аударымдар әртүрлі елде және әртүрлі адамның атынан жасалуы мүмкін. Дроппер өз жұмысы үшін қаскүнемдер оның көмегімен аударған ақшаның пайызын ала алады.

Онлайн-алаяқтықты тергеу кезінде тергеушілер бірінші кезекте дроптарға шығады. Әдетте, олар қылмыскерлердің сыбайлас қатысушыларына айналады және ҚР Қылмыстық Кодексінің «Алаяқтық» 190-бабына сәйкес бас бостандығынан айыруға дейін тиісті жаза алуы мүмкін.

Судың да сұрауы болатынын естен шығармаңыз. Сондықтан, ешібір жағдайда қылмыстың сыбайласы болғыңыз келмесе, мұндай бос жұмыс орындарына жауап бермеңіз және мұндай ұсыныстармен келіспеңіз.

Дроптарды тағы қайда пайдаланады?

Интернет-алаяқтардың дроптарды пайдалануларының тағы бір тәсілі – тауарды алдын ала төлем арқылы сату.

Дропты белсенді жарнамаланған жалған ресми интернет-дүкеннің бас директоры етіп тағайындайды. Мұндай дүкеннің растаушы құжаттары, фишингтік сайты, тұтынушылардың пікірлері де бар болып шығады. Клиенттерден өтінім келіп түскеннен кейін алаяқтар тауар үшін алдын ала төлем сұратады, клиенттер оларға тауардың ақшасын жібереді, нәтижесінде ақша да тауар да жоқ болып шығады. Содан кейін дүкен жабылған болып шығады және ақшаны қайтару мүмкін емес. Бұл ретте, нағыз ұйымдастырушы-алаяқтар табылмайды, ал дүкен директоры өзін пайдаланып кеткенін білмеуі де мүмкін.

Егер сізден тауар үшін алдын ала төлем жіберу сұралса, абай болыңыз. Интернет-дүкен туралы ақпаратты, оның веб-сайтын, барлық бөлімдері жұмыс істейтінін мұқият зерделеу қажет. Фишингтік сайтта көптеген грамматикалық және орфографиялық қателер болады, оларда «сатып алушылардың» жалған пікірлері болуы мүмкін. Мысалы, олар бірінен бірі аумайтын, «бір қолдан шыққан» тәрізді болады, не пайдаланушы мен олардың фотосуреттері біртүрлі оғаш болып келеді.

Нағыз сатушылар мыналарды:

  • Интернет-ресурстарға сілтемелер (электрондық сауда алаңы, интернет-дүкен, ақпараттық-жарнамалық сауда алаңы) орналастыруға тиіс, онда тауардың негізгі тұтынушылық қасиеттері, сатушының атауы, оның заңды мекенжайы және ҚР ұялы байланыс операторында тіркелген абоненттік нөмірі туралы мәліметтері болады;
  • Сатып алу-сату шартын жасасар алдында тұтынушыға қазақ және (немесе) орыс тілдерінде тауар, оның құны, төлем рәсімі, жеткізу талаптары мен құны, кепілдік мерзімі (ол болған кезде) туралы ақпарат беруге;
  • Тауарды үлгі және (немесе) сипаттама бойынша сату кезінде тұтынушыға үлгіге және (немесе) сипаттамаға сәйкес келетін тауарды беруге тиіс;
  • Сатушының тауарларға меншік құқығын растайтын құжаттардың болуы, бұған өзі өндірген тауарлар кірмейді.

Алаяқтар дроптарды курьер ретінде жиі пайдаланады.

Олар бос жұмыс орны туралы хабарландыруды жұмысқа орналастыру сайттарына орналастырады, керекті кандидат табылған кезде алаяқтар одан «қауіпсіздік тексеруінен өту» үшін, жеке басын куәландыратын құжатының көшірмесін, ал кейде «жалақы аудару» деген сылтаумен, төлем картасының сканерленген көшірмесін онлайн жіберуді сұрайды. Содан кейін алаяқтар қайта хабарласпай, ғайып болады, ал құжатын жіберген адамның құжаттары мен карточкасын өзінің жеке басының пайдасына асырады.

Ешқашан құжаттарыңызды және басқа да жеке деректеріңізді, оның ішінде:

  • Төлем карточкаларының деректемелерін;
  • Пин-кодтарды;
  • Жеке аккаунтардың парольдерін бөтен адамдарға жібермеңіз.

Танымал ұйымдар әдетте кездесу, сұхбат белгілейді және ресми жұмысқа орналасқанға дейін сіздің жеке және төлем деректеріңізді сұрамайды.

Еңбек шарты жасалғаннан кейін жұмыс берушілер құпия кодтар мен парольдерді (CVV-CVC-кодтар, SMS және басқалары) сұрамайды. Бұл деректерді аса қадалып сұрайтындарға жария ету керек емес.

Әдетте, дропперлер тез және жеңіл ақша таба аламын деп сенетін, ақшаға өте мұқтаж және кез-келген жұмысқа келісетін азаматтар болады. Алаяқтар мұны жақсы біледі және пайдаланады. Сондықтан олар көбіне дропперлерге кандидаттар ретінде студенттерді, жұмыссыздарды, мүмкіндігі шектеулі топтардың өкілдерін, соның ішінде қарт азаматтарды тартуға тырысады.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар