Қазақстанға АЭС-ті қай елдің салып бергені дұрыс?

Жарияланды
Қаржыландыру, қауіпсіздік мәселелері әлі талқыланып жатыр

Қазақстанда АЭС салу – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Президент елдегі энергия тапшылығын шешудің бірден бір жолы АЭС екенін бұған дейін бірнеше рет айтты. Тіпті атом электр станциясын салатын аумақ та белгілі. Алдын ала деректер бойынша АЭС Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңынан салынуы мүмкін.

Ендігі сұрақ – АЭС-ті кімнің салатындығында. Қазір Қазақстан тарапы әр мемлекеттің ұсыныстарын қарастырып, егжей-тегжейлі талқы жасап жатыр. «Қазақстан атом электр станциялары» компаниясының жобаларды басқару бойынша бас менеджері Әсет Махамбетов солай дейді. «Қазір әрбір серіктеспен тек техникалық мәселелер емес, жобаны жүзеге асырудың біз үшін, олар үшін қолайлы механизмдері талқылануда. Талқы әлі жалғасып жатқандықтан АЭС құнын әзір айту қиын. Келесі жылы қаржыландыру схемасының қандай екенін білеміз деп ойлаймын.

Телеграмдағы EnergyAnalytics каналы сарапшысының айтуынша, біз үшін француз тәжірибесі ұтымды болмақ.

«Тарих. Анри Беккерел, Пьер және Мария Кюриден тартып, Францияның ядролық энергетикаға байланысы ежелден басталған.

Тәжірибе. Франция соңғы 40 жыл бойы өзіне қажетті электр энергиясының 70 пайызын АЭС-тен өндірді және өндіріп келе жатыр. Әлем бойынша ядролық энергия үлесі бойынша нөмірі бірінші ел болып саналады.

1979 жылға дейін Франциядағы электр энергиясының 56 пайызы қазба байлықтар есебінен (негізінен көмір) өндіріліп келді. Сол кезден бастап мемлекет атом энергетикасына көшуді бастады және лидерлік позицияда. Қазақстанда АЭС салудан басты үміткер саналатын Ресей болса өз электр энергиясының 20 пайызын ғана АЭС есебінен өндіреді.

Қуаттылық. Францияда қуаттылығы 62ГВт болатын 56 АЭС бар. АҚШ пен Қытайдан кейін екінші орын алады.

Ресурс. Франциялық ORANO компаниясы «ҚазАтомПроммен» бірге Қазақстанда уранның 7 пайызын өндіреді.

Егер еліміз АЭС салуға шындап бекіген болса онда жоғарыда аталып көрсетілген басымдықтар Франциямен серіктестік орнатуға себеп болуға жарайды. Меніңше, бізді алаңдатуы тиіс жағдай – «ҚазАтомПромда» Uranium One (Росатом) үлесінің айтарлықтай болуы. Әзірге уран санкциялық тізімге енген жоқ, бірақ ертең боларын ешкім де кесіп айта алмайды ғой», дейді сарапшы.

Бұған дейін «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының төрағасы Алмасадам Сәтқалиев АЭС құрылысын  ішінде әртүрлі елден жинақталған компаниялар бар халықаралық консорциумға беру туралы шешім қабылданғанын хабарлаған еді. Оның айтуынша, энергия көзінің жаңа түрі бізге 2030 жылы қажет болады.

«Үкімет құрылыс жүргізетін алаңды анықтауға жақындап қалды. Алаң ресми түрде белгіленгеннен кейін вендорды (мердігер) анықтау бойынша процедура да тәмам болады. Түркия, Венгрия, Франция, Оңтүстік Корея, Қытайдағы қолданыстағы және салынып жатқан алаңдарға барып сарапшылар тобы жасаған үлкен жұмыс негізінде құрылысты халықаралық консорциум түрінде жүзеге асыру керек екендігі анықталды, яғни станцияны бір ел ғана салмайды. Оған бірнеше елдің компаниясы атсалысады. Біз ең жақсы технологияны пайдаланамыз» деді Сәтқалиев.

Ол ядролық аралды орнату мәселелерінде ең тиімді технологияларды Ресей, Оңтүстік Корея және Франция ұсына алатынын түсіндірді. Таңдау сол елдердің арасында жүргізілмек.

«Электр энергиясын өндірумен байланысты энергетикалық жабдықтар туралы айтатын болсақ, онда General Electric және корей өндірушілерінде ең жақсы технологиялар бар екенін байқаймыз. Егер қосалқы жабдықтар – автоматика, есепке алу жүйелері, сорғы жабдықтары туралы айтатын болсақ, онда көптеген өндірушілер бар, негізінен Еуропа елдері – Франция, Германия, Siemens және басқа да қатысушылар», деп нақтылады ол.

Оның айтуынша, атом электр станциясы сияқты ірі энергия объектісін салу кезінде жұмыстың өте маңызды блогы техникалық қадағалауды қамтамасыз етумен байланысты болады.

«Мұнда да құрылыс сапасын бақылауды қамтамасыз етуде көшбасшы болыпесептелетін кейбір елдер бар. Мұнда біз бірқатар еуропалық компанияларды, соның ішінде француз компанияларын да көріп отырмыз. Алдымен құрылысшылар пулы анықталады, содан кейін оларға қазақстандық қамту бойынша міндетті талап айтылады, кейін барып олар станцияларды жобалауға кіріседі. Біз соңғы таңдау бірнеше ай ішінде болады деп күтеміз. Қазірдің өзінде 2023 жылы формат, құрылыс, орын, бірлік блогының қуаты және қаржыландыру шарттары бойынша түпкілікті шешім қабылданады. 2023 жылы алаңды жобалау, дайындау, инженерлік іздестіру жұмыстары басталады. Құрылыс жобалық жұмыстар аяқталғаннан кейін басталады», деді «Самұрық-Қазына» басшысы.

Айта кетейік, қазір еліміздегі энергия өндірудің жағдайы тым мүшкіл. Қуаттың 74 пайызын көмір станциялары өндіріп беріп отыр. Олардың жұмыс істегеніне ұзақ жыл болған, сәйкесінше тым қатты тозған. Сол себепті, заманауи талаптарға еш жауап бере алмайды. Қазіргі уақытта ел бойынша 204 станция 19 мың МВт электр қуатын өндіреді екен.

Алайда сарапшылардың айтуынша, 2027 жылға таман тұтыну көлемі орташа алғанда 2,4 пайызға артады, оның соңы электр энергиясының тапшылығына ұласпақ. Мамандар қазірдің өзінде Қазақстанның біртіндеп профициттен арылып, тапшылық кезеңіне аяқ басқанын айтып жүр.

Сондай-ақ оқыңыз