Үкімет 2023 жылға қандай міндеттер қояды?

Жарияланды
Биыл экономика өсімі құлдырады

2022 жыл ел экономикасы үшін ауыр болды. Қаңтар қасіретінің ізін ала Ресей Украинаға агрессиялық шабуыл жасады, бұл өңірдегі геосаяси тәуекел құнын қымбаттатып жіберді. Логистикалық жеткізу тізбегі бұзылып, Қазақстанның басты экспорт көзірі – мұнайды тасымалдау қиынға соқты. Қазақстан тек мұнай тасымалы үшін ғана емес, жалпы өнімдерінің экспорты үшін балама маршрут іздеуге жанталаса кірісті. Инфляция шарықтап кетті. Жыл басында 8,5 пайыз болған инфляция, жыл соңында 20 пайызға бір-ақ жетті. Ұлттық банк базалық ставканы 4 рет көтеруге мәжбүр болды.

2023 жылы іске асырылуы тиіс басты міндет – ең бірінші кезекте инфляцияны төмендету және халықты қолжетімді бағада азық-түлікпен қамтамасыз ету.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта баға қалыптасуының бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларға қарсы күрес жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы жүйеленіп, олардың құрамы күшейтілді. Ол «4-5 буындық» делдалдардың қызметіне байланысты бөлшек сауда өнімдерінің бағасы іс жүзінде 60 пайызға өсетінін атап өтті. Осы орайда өңірлік комиссиялардың жұмысы көтерме жеткізілім, логистика және қойма тізбектерінің схемаларын талдауға, сондай-ақ ден қою шараларын қабылдауға бағытталған.

Бұдан басқа, рұқсат етілген сауда үстемесін (15 пайыз) бақылау бөлігінде «үйлердің жанындағы» дүкендермен жұмыс күшейтілді және нарықтың ашықтығын қамтамасыз ету үшін республика аумағында тауарларды қадағалау жүйесі жетілдірілуде.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев елдің ішкі нарығын отандық өніммен қамтамасыз ету, көкөніс өндірісін форвардтық қаржыландыру, мемлекеттік қолдау алатын тауар өндірушілер тарапынан қарсы міндеттемелердің орындалуын бақылау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар бақылауда екенін айтады.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов азық-түлік бағасының негізсіз өсуі фактілері бойынша қабылданған монополияға қарсы ден қою шаралары туралы айтып берді. Атап айтқанда, үстем жағдайды теріс пайдаланғаны және бәсекелестікке қарсы келісілген іс-қимылдары үшін бірқатар құс фабрикаларына қатысты бес тергеу тағайындалды, ӘМАТ нарығында қант, тауық еті мен сүт өнімдерін көтерме жеткізушілерге 90 хабарлама берілді, жұмыртқа, қант, сүт өнімдерін өндірушілерге және сауда орындарына қатысты 19 тергеу тағайындалды. 

Премьер-Министр бағаны ұстап тұрудың тиімділігін арттыру үшін негізгі мемлекеттік тетіктердің жұмысы қайта форматталғанын атап өтті. Атап айтқанда, «айналым схемасы» бойынша тәсілдер қайта қаралды: енді қаржыландыру негізінен сауда желілерін емес, өндірушілерді қолдауға бағытталады.

«Ішкі нарықты өз азық-түліктерімізбен толықтыру және оларды маусымаралық кезеңде сақтау үшін жағдай жасау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізудің маңызы зор. Өңірлік комиссиялар тарапынан делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі уақтылы шаралар қажет. Біздің басты міндетіміз – азаматтарды қолжетімді бағада қажетті тауарлармен қамтамасыз ету», деді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ ол жаңа жыл қарсаңында жағдайды тұрақтандыру үшін бағаны ұстап тұрудың жаңа тәсілдерін толыққанды іске асыруды, сондай-ақ бір ай мерзімінде қосымша заманауи көкөніс қоймаларын салу мәселелерін пысықтауды тапсырды.

«Инфляцияның жоғары қарқыны экономиканың үдемелі дамуына мүмкіндік бермейді және азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына әсер етеді. Осыған байланысты келесі жылы оны 2 есеге төмендету бойынша жұмыс – ұлттық қауіпсіздік мәселесі болып отыр. Бұл жұмыста формалдылық болмауы тиіс», деді.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың хабарлауынша, халықаралық қаржы ұйымдарының консенсус-болжамына сәйкес 2022 жылы мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 104,2 доллар деңгейінде күтілуде. 2023 жылы әлемдік экономиканың өсуі 3 пайызды құрайды.

Сыртқы және ішкі параметрлердің өзгеруіне байланысты Қазақстан экономикасын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған үш сценарийі (базалық, оптимистік және пессимистік) әзірленді.

  • Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне 85 доллар деңгейінде және АҚШ долларының есептік бағамын 470 теңге деңгейінде пайдалану ұсынылады. Осы сценарий бойынша жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9 пайызды құрайды, оның ішінде 2023 жылы – 4 пайыз.
  • Оптимистік сценарий кезінде мұнайдың болжамды бағасы барреліне 110, АҚШ долларының бағамы – 440 теңге деңгейінде анықталды. Экономиканың орташа жылдық өсуі 4,2 пайыз деңгейінде болжануда.
  • Пессимистік сценарийде мұнай бағасы барреліне 60 доллар және жалпы ішкі өнімнің болжамды нақты өсуі орта есеппен 3,5 пайызды құрайды.

Инфляция барлық сценарийлерде 2023 жылы – 7,5-9,5 пайыз деңгейінде, 2024 жылы – 4-5 пайыз деңгейінде, кейіннен 2025-2027 жылдары 3-4 пайызға дейін төмендейді деп белгіленді.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023-2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2023 жылы барреліне 48,9 доллар, 2024-2025 жылдары барреліне 42,2 – 40,3 доллар деңгейінде белгіленді. Осыны ескере отырып, республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2023 жылы – 2,2 трлн теңге, 2024 жылы – 2 трлн теңге, 2025 жылы 1,9 трлн теңге көлемінде белгіленді.

Үкіметтің жоспарлауынша, Ұлттық қордың валюталық активтері 2023 жылы 66,7 млрд долларға, одан әрі 2024-2025 жылдары 78,8 дейін  – 93,2 млрд долларға дейін ұлғаяды деп күтіледі.

Қатысты материалдар