Баспана нарығын алда қандай өзгеріс күтіп тұр?

Жарияланды (жаңартылды )
Құрылыс қарқыны біршама баяулайды

Былтыр баспана нарығы қыз-қыз қайнады. Азаматтар зейнетақы қорындағы артық жинағын пәтер алуға жұмсады. Кейін шекті мөлшер көтеріліп кетті. Пәтер бағасы өсті. Жаңа облыстар құрылды. Өңірлік тұрғын үй бағдарламалары көбейе бастады.

2022 жылдың 1 сәуірінен бастап зейнетақы жинағының жеткілікті шегі орташа алғанда 70 пайызға жоғарылап кетті. Соның салдарынан көп адамның жинақты пайдалану мүмкіндігі шорт кесілді. Бірақ оған дейін миллиондаған азамат қажетті қаражатты баспана алуға жұмсады. Биыл қордағы артық жинағын шамамен 600 мың адам пайдаланады деп болжанып отыр.

2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша шамамен 440 мыңға жуық тұрғын үй мәмілесі жасалыпты. Бұл 2021 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 18 пайызға төмен. Тиісінше, құрылыс қарқыны да баяулап қалды. Былтыр жалпы көлемі 18 млн шаршы метр тұрғын үй салынуы тиіс болса, шынайы көрсеткіш 15 млн-нан әрең асты.  

Сарапшылар биыл да баспана нарығы үшін оңай жыл болмайды деп болжайды.

Жылжымайтын мүлік агенттігі директорының орынбасары Наталья Калмыкова құрылыс компаниялары салынып жатқан тұрғын үй санын азайтты, оған инфляция, құрылыс материалдарының қымбаттауы, логистика мәселесі әсер етті дейді.

«Ал қайталама нарықтағы сатушылар саудаласуға дайын, әсіресе үйлері артық бағаланғанын түсінген кезде. Ал оған көнуге дайын еместер нысандарын сатылымнан шығарады. Үлкен сауда-саттықпен және бөліп-бөліп сатудың алғышарттары жоқ. Комфорт-класс тұрғын үй үлкен сұранысқа ие. 2023 жылда не болады десек, мұнда бәрі мемлекеттің іс-әрекетіне, экономикалық жағдайға, жаңа ипотекалар қабылдана ма, ипотекалық несие берушілер мен құрылысшыларға қолдау көрсетіле ме, соған байланысты. Егер қолдау көрсетілмесе, онда қазақстандықтардың табысының төмендеуіне байланысты белсенді сұраныс төмендейді. Сонымен қатар тұрғын үй құны төмендемейді, өйткені құрылыс материалдарының, инфляциялық процестердің және табиғи сұраныстың қымбаттау факторы бар: жастар отау құрып жатыр, сәбилер дүниеге келіп жатыр, сондықтан көптеген адамға тұрғын үй жағдайын жақсарту қажет. Ипотекаға сатып алу жалғаса береді», дейді ол отандық КТК телеарнасына берген сұхбатында.

Биыл құрылыс көлемі айтарлықтай азаймақ, бұл өз кезегінде біраз құрылыс компаниясының нарықтан кетуіне, сәйкесінше бағаның өсуіне алып келуі ықтимал. Бұл орайда эксперттердің пікірі де екіге жарылады. Бірі: мемлекет құрылыс секторына қолдау білдірмегені жөн, компаниялар өз күндерін өздері көруі керек десе, екіншілері: азаматтарға пәтер ауадай қажет, демек түрлі жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар да қажет деген көзқараста.

«Қазіргі уақытта тұрғын үй нарығындағы сұраныс пен ұсынысты қосымша ынталандырудың қажеті жоқ. Мемлекеттің құрылыс компанияларын ұзақ уақыт бойы қолдауының арқасында оларда қажетті ресурс жинақталды және енді олар өз-өздерін дамытуы керек. Мемлекеттік органдар мен тұрғын үй құрылысы бизнесінің ұсыныстары тек қана лоббистік сипатта және Қазақстан экономикасы мен азаматтарына оң әсер етпей, мемлекеттік ақшаны қайта бөлуге бағытталған деп есептеймін. Секторда дағдарыстың болып жатқаны айдан анық. Құрылыс салушылар болып жатқан жағдайды бағамдағысы келмейді, мойындамайды. Бірақ сату нарығында жұмыс істеу қабілетіне ие тиімді компаниялардың уақыты келді деп айтуға болады», дейді.

Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюкова «құрылыс компаниялары дайын асқа тық қасық болып отыр» деген пікірмен келіспейді.

«Мемлекетте халықты тұрғын үймен қамту бойынша нақты міндет бар. Қазір ең аз дегенде 200 млн шарша метр баспана салынуы керек. Бұл ретте халықтың табиғи өсімін және тозығы жеткен тұрғын үй қорын жаңарту қажеттілігін ескеру керек. Бұл – құрылыстың бір жылдық емес, кем дегенде он бес жылдық болашағы. Сонымен қатар, құрылыс салушыларды құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету және сатып алушылар тарапынан сұранысты жандандыру бойынша қосымша шараларды қолға алу қажет. Құрылыс салушылар туралы айта бастаған кезде бәрінің көз алдында ақшаны қалтасына тыққыштай беретін олигарх елестейді. Ал сол құрылыста жұмыс істеп жатқан қаншама адам (бір нысанда кемі 600 адам жұмыс істейді) туралы ешкім ойламайды. Сондай-ақ осы нарықпен байланысы бар бірнеше топ бар, олар – жөндеу бригадалары, жиһаз өндірушілер, тұрмыстық техника сатушылар және тағы басқа», дейді ол.

Осы орайда сарапшы салынып жатқан тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алмас бұрын құрылыс салушы компанияның тиісті рұқсаты бар-жоғын тексеріп алу қажет дейді.

«Компанияның үлескерлерден ақша тартуға әкімдіктің рұқсаты немесе ҚЖК кепілдігі бар ма? Егер бұлай болмаса, онда мұндай жобаларға өз ақшаңызды салу өте қауіпті. Неліктен компаниялар қолжетімді ипотеканы талап етеді? Өйткені, біздің халықтың көпшілігі онсыз баспана ала алмай жүр. Жалғыз нұсқа – мемлекеттен ипотека немесе «Отбасы банкі» бағдарламасы. Тиімді сұранысты арттыру үшін мемлекетке ипотеканы жедел енгізу қажет. Бұл ретте тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заң аясында жұмыс істейтін құрылыс салушыларды ғана ынталандыруы керек. Олар бірінші болып баспанасын сату мүмкіндігін алуы керек, салық ауыртпалығы жеңілдетілгенге дейін тез арада рұқсат беру және басқа да артықшылықтарға ие болуы керек», дейді Микрюков.

Биыл біраз мәселенің ақ-қарасы анықталар жыл болатын секілді. Сарапшылар пікірі сондай ой айтуға жетелейді. Бірқатар құрылыс компаниялары нарықтан кетуі мүмкін. Бірақ осы факторға және сұраныстың біршама төмендеуі мүмкін екеніне қарамастан үй бағасы арзандай қоймайды. Өйткені құрылыс материалдары арзандап жатқан жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз