Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаудағы рекорд: қайталауға қауқар жете ме?

Жарияланды (жаңартылды )
Көрсеткіштерің екі есе артуына не себеп?

Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауда 10 жылда көрмеген рекордтық көрсеткішке жеткені туралы жақында жазған едік. Көрсеткіштерің екі есе артуына не себеп? Қандай факторлар әсер етті? Соны анықтау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне сауал  жолдаған едік. Министрліктен келген жауапты ықшамдап, әсер еткен факторларды тізіп шықтық.

Бір жылдың шамасы болды геосаяси ахуал тұрақты емес. Салдарынан мол астық өндіретін Укранинада да жағдай қиын. Әлем нарығында дәнді-дақылдарға деген сұраныс артты. Экспортымыздың айтарлықтай көтерілуіне себеп болған бірінші жағдай осы деп білдік. Яғни сыртқы нарықта сұраныстың артуы. Бұл – сыртқы фактор! Ендеше сол сұранысқа сай, көп өнімді экспорттауға мүмкіндік берген жағдайларға тоқталсақ.

«Әлемдік азық-түлік нарығындағы құбылмалы жағдайға байланысты, фермерлер үшін оның салдарын азайту мақсатында субсидиялау көлемін былтыр 139 млрд теңгеге арттыру туралы шешім қабылданды.  Нәтижесінде жалпы субсидия көлемі 452 млрд теңгені құрады. 2022 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі қосымша 70 млрд теңгеге артып, бюджеттік кредиттің жалпы сомасы 140 млрд теңгеге дейін жеткізілді», дейді минстрлік өкілдері.

Бұл орайда, мемлекеттік қолдау айтарлықтай оң әсер еткенін айта кеткен жөн.

Былтыр «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы форвардтық сатып алу тәжірибесін жалғастырып, 2022 жылы қаржыландыру сомасы 80 млрд теңгеге дейін жеткен екен. Бұл алдыңғы жыл деңгейінен 2 есе көп.

Министрлік мамандарының айтуынша, дала жұмыстары да өз деңгейінде қадағаланып, өнім алуға кедергі болатын жағдайлар алдын-ала шешіліп отырған.

«Көктемгі дала жұмыстары кезінде басым міндеттердің бірі – егіс науқанын уақтылы және сапалы жүргізу болып табылады. Ол үшін Министрлікте көктемгі дала жұмыстарының барлық түйткілді мәселелерін дер кезінде шешуге арналған жедел штаб құрылып, жұмыс жасады», дейді олар.

Сондай-ақ егін егу және жинау жұмыстарын жүргізуге, ауыл шаруашылғы тауарларын өдірушілерді тұқым, агрохимия, техникамен қамтамасыз етуге, қаржыландыруға байланысты барлық мәселелерді үйлестіру мақсатында құрылған Республикалық жедел штаб  құрамына барлық мүдделі органдар мен ұйымдар, сондай-ақ облыстар әкімдерінің орынбасарлары кірген. Олар апта сайын штаб отырысын өткізіп,  дала жұмыстарын назарда ұстаған. Демек, мониторинг дұрыс жүргізілген.

Яғни қандай да бір қиындықтар туындаған жағдайда, соның алдын-алып, дер кезінде шешіп отырған. Мәселен, барлық шаруаларды жыл сайын қинайтын  жанар-жағармай мәселесі еді. Ал былтыр мемлекет егін жинау жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарына 423,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отынын бөлген. Бұл 2021 жылғы деңгейден 27 мың тоннаға көп. Фермерлердің өтініші бойынша дәнді және майлы дақылдарды кептіруге қосымша 30 мың тонна дизель отынын бөлу де жақсы өнім алуға жағдай жасаған.

«Осы шаралардың барлығы және қолайлы ауа райы жақсы өнім жинауға мүмкіндік беріп, республика бойынша бірінші салмақта барлығы 22,8 млн тонна дәнді және бұршақты дақылдар жиналды, оның ішінде бидай 17,0 млн тонна жиналды», делінген министрліктің баспасөз орталығы жіберген ақпаратта.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде жаппай егін жинау жұмыстары басталар кезде «Жасыл даму» АҚ қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдетілген кредит беру тетігі пысықталған. «Жеңілдетілген лизингке шамамен 40,0 млрд теңге бағытталды. Ағымдағы жылдың 5 тамызынан бастап «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының барлық филиалдарында осы бағдарламаға қатысуға өтініш қабылдау жүзеге асырылды» дейді мамандар.

Көріп отырғанымыздай, былтырғы егістің берекелі болуына біраз жағдайлар әсер еткен. Ал биыл осы қарқынды сақтай аламыз ба? Оған еліміздің ресурстары жете ме? Жер, су ресурстары  жеткілікті ме? Себебі бүгінде су мәселесі айтарлықтай қиынаған. Жердің де ескіріп, эрозияға ұшырайтынын білеміз. Бұл сауалдарымызға министрліктегілер былай деп жауап берді:

«2023 жылғы көктемгі дала жұмыстарына байланысты дайындық бойынша жедел штабтың алғашқы отырысы өтті. Облыс әкімдіктерінің деректеріне сәйкес, биылғы жылы болжамды егіс алқаптары 23,2 млн гектарға дейін өсім көзделіп отыр. Бұл дәнді және бұршақты дақылдарға, қант қызылшасына, сондай-ақ көкөніс және бақша дақылдарына әсер етеді. Көктемгі науқанды қаржыландыру «Кең-дала» бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Бағдарламаға 140 млрд теңге қарастырылған, қаржы 3200 тауар өндірушіге бөлінеді. Сондай-ақ Азық-түлік корпорациясы арқылы форвардтық сатып алу бағдарламасы жалғасатын болады.Жедел штаб отырысының қорытындысы бойынша, облыс әкімдіктеріне әлеуметтік маңызы бар дақылдар өндірісін ескере отырып, егіс алқаптарының болжамды құрылымын түзету және олардың өндірісіне ерекше бақылау жүргізу, сондай-ақ фермерлерді тұқыммен, ЖЖМ және басқа да тауарлық-материалдық құндылықтармен қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстау ұсынылды. Сонымен қатар Қазақстан қауіпті егіншілік аймағында орналасқан, оның ішінде негізгі астық егетін өңірлер: Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан. Сондықтан күзгі және қысқы ылғалдың жиналуына, көктемгі және жазғы кезеңде жауын-шашынның түсуіне, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізудің уақтылығы мен сапасына, дақылдарды күту бойынша агротехникалық іс-шараларға және егін жинау компаниясына ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен өндіріс көлеміне байланысты екенін атап өткен жөн», дейді.

Яғни биыл да әрбір шаруаның ісі өнім беріп, егін берекелі шығуы үшін бар жағдай жасалмақ. Мемлекет тарапынан қолдау, субсидия көлемі де жылдағыдан артық бөлінеді. Мұндай қолдаумен көрсеткіштерді айтарлықтай көтеруге болар. Десе де, 2022 жылдың айтулы рекордын қайталау тікелей ауа-райына, табиғат құбылысына байланысты. Оны да келер жылы көрерміз.

Сондай-ақ оқыңыз