Аграрлық салада Қазақстан алға жылжыды

Жарияланды (жаңартылды )
Былтыр ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемі 9,1% артқан

Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа жиынында 2022 жылы жүргізілген  жұмыстарға қорытындыланып, 2023 жылға арналған жоспарлар туралы айтылды. Алқа отырысында министрлік өкілдері Қазақстанның аграрлы салада рекордтық көрсеткіштерге жеткенін хабарлады.

Жиында мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы салаларында салалық бағдарламаларды іске асыру, аграрлық ғылым мен білім беруді дамыту, агроөнеркәсіп кешенін сандық жүйеге көшіру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігі, экспортты дамыту бағыттары да қарастырылды. Ең қуантарлығы, 2022 жылды еліміздің агроөнеркәсіп саласы өте жақсы қорытындылаған. Министрліктің есебіне сенсек, өткен жылда ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемі 9,1% артқан. Нәтижесінде айналымдағы қаражат 9,3 трлн теңгеге жеткен.

Тіпті соңғы он жылда көрмеген өнімді дихандар былтыр жинаған екен. Яғни 22,8 млн тонна дәнді және бұршақты дақылдар бастырылса, бидай жинау 44%-ға артып, 17 млн тоннаны құраған екен. Астық пен ұн экспорттауда да еліміз Тәуелсіз Қазақстан тарихында болмаған үздік нәтижеге қол жеткізген. Шетелге 13,2 млн тоннадан астам өнім сатылған. Өткен жылғымен салыстырғанда бұл көрсеткіш екі есе артық. Мәселен 2021 жылы 6,8 млн тоннаға жуық астық пен ұн экспортталған. Ал жалпы дәнді және бұршақты дақылдар көлемі 2021 жылы 16,4 млн тоннаны құрапты.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек: «Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Сондай-ақ 4 млн тонна картоп және 4.9 млн тонна көкөніс дақылдары жналды. Жалпы алғанда, әлеуметтік маңызды дақылдарды жинау қант қызылшасын қоспағанда, республиканың ішкі қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өткен жылы тұрақты карантиндік фитосанитариялық жағдай сақталды», дейді.

Мамандардың айтуынша бұлайша агроөнеркәсіп саласының жақсы көрсеткіштерге көтерілуіне бірнеше факторлар әсер еткен.

Біріншісі – егін жинау науқандары сәтті өтіп, егістіктерден дәнді-дақылдар дер кезінде қоймаға жиналған.

Екіншісі – мемлекет тарапынан көрсетілген уақтылы көмек. Яғни фермерлер мемлекеттік қолдау аясында астық жинауда техникада немесе өнім сақтау қоймаларынан таршылық көрмеген. Міне осы екі жағдай да өзінің оң ықпалын тигізген. Өткен жылда АӨК субсидиялау көлемі 139 млрд теңгеге ұлғайып, 450 млрд теңге деңгейіне жеткен. Ал дала жұмыстарын қаржыландыру көлемі 2 есеге, яғни 110 млрд теңгеден 220 млрд теңгеге дейін өсіпті.

Ал мал шаруашылығында жалпы өнім көлемі 3,6 трлн теңгені құрап, 0,9%-ға артқан екен. Бұл көлемдегі өндірілген сиыр, қой, жылқы және тауық жұмыртқасы толығымен еліміздегі сұраныстарды қамтыған. Құс етіне келер болсақ, соңғы 3 жылда импортқа тәуелділік 51%-дан 35%-ға дейін төмендеген екен. Солайша ішкі нарықта отандық құс еті өз орнын ала бастаған.

Ауыл шаруашлығы министрлігі ел аумағында халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша тиімді  саясат жүргізіліп отырғанын мәлімдеді. Оған Қазақстанның Азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингісінде 2022 жылдың қорытындысы бойынша 113 мемлекеттің ішінен 32-орынға ие болып, 9 сатыға жоғарылай түскені дәлел.

Сонымен бірге бұл нәтижеге жетуде АӨК саласына құйылған инвестициялар да оң әсер еткен. Мәселен, 2022 жылы құны 241 млрд теңге болатын 270 инвестициялық жоба іске қосылып, пайдалануға берілген екен.  Нәтижесінде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 6,7%-ға ұлғайып, 853,5 млрд теңгені құрады, ал азық-түлік өндірісіне салынған қаржы 15,7%-ға артып, 140,6 млрд теңге болған.

Бұл көрсеткіштердің алдағы уақытта еселене түсетініне сенім мол. Себебі, министрлік жерлерді мемлекетке қайтару шараларын жүргізіп, бос жатқан жерді ел пайдасына қайтаруды қолға алды. Бұл өз кезегінде жайылым тапшылығы мәселесін шешіп, ауылдық елді мекендердің шекараларын кеңейтіп, қайтарылған жерлерді ел игілігіне пайдалануға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз