Алматы облысы, Жамбыл аудандық әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» қоры Атом электр станциясы құрылысына қатысты қоғамдық тыңдау өткізеді.
Қоғамдық тыңдау 28 ақпанда сағат 11:00-де Алматы облысы Жамбыл ауданының Үлкен ауылында өтеді. Онда жергілікті тұрғындар жоба туралы пікірін білдіріп, арнайы келген сарапшыларға сұрақ қоя алады.
Кездесуді ұйымдастырып жатқан – Алматы облысындағы Жамбыл ауданының әкімдігі. Ақпараттық қолдау білдіретін – «Самұрық-Қазына» қоры. Кездесуді Самұрық-Қазына» қорының YouTube және Instagram парақшаларында тікелей эфирде көруге болады
Сонымен қатар, іс-шараға оффлайн қатысуға болады. Ол үшін Үлкен ауылына ең жақын деген Шығанақ теміржол станциясына бару керек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет АЭС салудың маңызы атап өтіп, жазда шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысында Қазақстанда АЭС салынатын жер анықталғанын айтты.
13 маусым күні Энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр станциясының Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында салынатынын жария етті.
«Самұрық-Қазына» қоры қыркүйек айында Қазақстандағы 16 жаңа басым инвестициялық жобалар тізімін ұсынды. 16 жобаның ішінде 2032 жылға дейін АЭС салу да бар.
Жақында Энергетика министрі Қазақстанда салынатын АЭС-қа реакторлық технология биыл таңдалатынын мәлімдеді.
Қазақстан АЭС салуда түрлі елдердің тәжірибесін зерделеп жүргені хабарланған.
«Самұрық-Қазына» қорының басшылары Électricité de France атом-энергетикалық компаниясының өкілдерімен кездесіп, француз тәжірибесімен танысқан. Қор мәлімдемесінен түсінгеніміз – EPR120 заманауи реакторы бар EDF ұсынысы Қазақстандағы болашақ АЭС үшін ықтимал қарастырылатын реакторлық технологиялардың қысқа тізіміне кіреді.
Сондай-ақ тізімде тағы үш ұсыныс бар екен, олар – қытайлық CNNC, корейлік KHNP және ресейлік «Росатом». Қордың басқарушы директоры Ернат Бердіғұловтың айтуынша, қазақстандық тарап жаңа атом станцияларын салу және пайдалануға қатысты EDF тәжірибесі мен құзыретіне қызығушылық білдіріп отыр.