Жаңалықтар

Су үнемдеу технологияларына мемлекеттен субсидия беріледі

Су үнемдеу технологияларына субсидия бөлінеді. Фото: www.shutterstock.com

Су ресурстарын үнемдеу қазіргі кезде бүкіл әлемде маңызды. Әсіресе, егістіктердегі су тұтыну көлемі еліміздегі өзен мен көлдердің экологиялық жағдайына ауыр тиетіні белгілі. Бұл мәселені билік өз тарапынан шешуге тырысып жатыр. Десе де, суармалы егіншілікте су үнемдеуде ұтылып жатқан тұстарымыз көп.

Суармалы егіншілік

Қазақстанда суармалы егіншілікті дамытуға басымдық беріліп келе жақанына біраз жыл болды. Суармалы егіншілік оның ішінде суды үнемдейтін технологиялар пайдалану агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік қолдаудың ең тұрақты бағытына айналған. Сол себепті де, мемелекет тарапынан су үнемдейтін технологияларға субсидия көбірек бөлінеді. Себебі мұндай қолдау – шаруалардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, сонымен бірге өнімнің шығымдылығы мен сапасына да оң әсер етеді.

Елімізде су үнемдеу технологияларына қаржыландыру тәртібі 50/50 әдісімен беріледі. Яғни егіншілікте, су үнемдейтін технологияға көшкісі келген шаруаға су құрылғысына кететін шығынның жартысын мемлекет өтеп береді. Әсіресе жаңбырлатып суару мен тамшылатып суару жүйесімен жұмыс істеймін деген шаруаларға жеңілдік көп. Десе де, бұл мәселеде әлі де шешімін таппай жатқан түйткілдер жоқ емес. Мәселен, егіншілікте мол өнім беретін аймақ ретінде еліміздің оңтүстігі ерекше маңызға ие. Соған орай суды ең көп тұтынатын да осы аймақ. Өкінішке қарай, мұндағы шаруалардың көпшілігі дәстүрлі суару тәсілдерін қолданады. Нәтижесінде трансшекаралық өзендерге салмақ түседі. Сондықтан да бұл тәсіл бүгінде ең тиімсіз саналады, су шығыны көп.

Шаруалардың өнім алуда су үнемдейтін технологияларды пайдаланбауының себебі – олар мемлекет бөлетін субсидиядан бейхабар. Мәселен, министрлік өкілдері былтыр бұл бағдарламаға 8,2 миллиард теңге инвестиция салуды көздеген. Субсидияларды есепке алғанда 6-7 пайыздық жеңілдікпен берілетін несиелер де қарастырылған. Алайда, жергілікті әкімдіктерге небәрі 300 миллион теңгеге ғана өтінім түскен. Мамандардың айтуынша, осы жағдайда мемлекет бұл салада сұраныс жоқ деп санап,  қаржыландыруды басқа салаларға бағыттап жібереді.

Елімізде  1,41 млн гектар суармалы егістік алқабы бар. Бұл – бүкіл егіс алқабының 6,8 пайызы ғана. Бірақ осы жерден түсетін өнім құны 850 млрд теңгені құрайды. Бұл өсімдік шаруашылығы өнімінен түсетін табыстың 45 пайызы. Демек, суармалы технологиялар жүйесін қолданатын шағын ғана алқаптар елдегі бүкіл алқаптан жиналатын өнімнің тең жартысына жуық өсім береді. Бұл дегеніміз, суармалы технологияларды пайдалану –  тиімді, үнемді әрі жемісті.

Жалпы, Қазақстанда бүгінгі таңда 600 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. Ал 2025-2030 жылдар аралығында 800 мың гектар жаңа суармалы жер айналымға енгізіледі деп жоспарланып отыр. Осылайша жалпы суармалы жер көлемі 2030 жылға қарай 3 млн гектарға жеткізілмек. Мәселен, биылдан бастап Қазақстан қант өнеркәсібін дамытуға баса назар аудара бастады. Алдағы уақытта Ауыл шарушылығы мнистрлігі  қызылша алқаптарын жыл сайын 6,5 мың гектарға ұлғайтып, 2026 жылға қарай 38 мың гектарға жеткізуді жоспарлаған. Бұл орайда суару технологиялары да әзірленіп, 10 мың гектардан астам жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізу мәселесі қарастырылған.

Су қоймалары

Суармалы технология жөнінде айтқанда, елдегі су қоймалары мен су ресурстарының жағдайына да тоқталған ләзім. Жалпы Қазақстандағы су қорының көлемі 90-100 текше километр, оның 50,8 текше километрін  жергілікті ағын су құраса, 39,2 текше километрі трансшекаралық өзендері арқылы Қытай, Орталық Азия елдері және Ресейден келеді екен. Ал жер асты суларының қоры 15,5 текше километрді құрайды. Бұл – қазіргі көрсеткіш.

Алайда болашақта жағдай күрт өзегруі мүмкін. Мамандардың мәліметінше, 2030 жылға қарай су тапшылығы 23,2 текше километрді құрап, 2040 жылға қарай елімізді сумен қамтамасыз ету жағдайы нашарлауы мүмкін. Оған бірінші кезекте экологиялық жағдай себеп. Екіншіден, бізде және суы ортақ көрші елдерде егістік алқаптарының көбеюі әсер етеді. Яғни су тұтыну артқан сайын, тапшы бола түспек. Мемелекет бұл мәселені шешу үшін арнайы іс-шаралар атқарып жатыр. Мәселен, 2025 жылға қарай агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық жобасына сәйкес, суды үнемдейтін технологиялармен қамтылған аумақты 450 мың гектарға дейін арттыру жоспарланған. Бұл өз кезегінде жыл сайын 1,5 текше километр суды үнемдеуге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ осыдан бір жыл бұрын Экология және табиғи ресурстарының сол кездегі министрі Серікқали Брекешев 2025 жылға дейін еліміздің 6 аймағында 9 жаңа су қоймасын салу жоспарланғанын айтқан еді. Біз бұл жұмыстардың қалай жүріп жатқанын білу үшін министрлікке сауал жолдаған едік.

«Елімізде қосымша су көлемін қамтамасыз ету үшін жинақтау көлемі 1,7 текше километрді құрайтын 9 жаңа су қоймаларының жобасы іске асыру жоспарланған. Ақмола, Алматы, Қызылорда, Түркістан облыстарының әрқайсысында бір су қомасы,  Жамбылда – 3, Батыс Қазақстанда – 2 су қоймасы салынуы керек. Бұл жоба өз  кезегінде 20 елді мекенге (70 мың адам) су тасқыны қаупін азайтуға, 195,3 мың гектар жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізуге, ауыл шаруашылығында 20 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», деп жауап берді минстрліктің баспасөз орталығы.

Ал осы күнге дейін біткен жобалар ішінде Түркістан облысында іске қосылған «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы бар. Ал қалған жобалар бойынша бүгінде жобалау құжаттамалары дайындалып жатыр.