Жаңалықтар

7 партия, 5 бюллетень. Биылғы саяси дода несімен ерекше?

Сайлау-2023: ОСК тіркеуді аяқтады. Фото Асқар Ахметуллин

19 наурыз күні қазақстандықтар Мәжіліс пен мәслихаттардың депутаттары сайлайды. Депуттаттық үміткерлерді тіркеуді аяқтаған Орталық сайлау комиссиясы қорытындысын жариялады.

Бір мандатқа -15 адам

2004 жылдан бері биыл алғаш рет Мәжіліске депутаттар бір мандатты округтер арқылы сайланады. 98 депутаттың 29-ы бір мандатты округтер бойынша жеңіске жеткендер болады.  Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, 29 округ бойынша 609 кандидат ұсынылған: 7 саяси партиядан 79 кандидат, төрт қоғамдық бірлестіктен 5 кандидат, 525 немесе 86,21 % – өзін-өзі ұсынушылар.

Солардың ішінде 435 үміткер тіркелген. Яғни бір мандатқа 15 адам таласады.

Астана қаласында бәсеке жоғары болып тұр: бір мандатқа 41 және 42 кандидат. Одан кейін Алматы қаласының жұрты саяси белсенді. Бір округтен 37, 33, 34 кандидат бәйгеге түспек. Кандидаттар ең аз тіркелген округ – Түркістан облысының №25 округі. Бұл сайлау аймағында 5 кандидат қана өтініш берген.

Өзін-өзі ұсыну тәртібімен 359 кандидат (82,53%), саяси партиялардан 76 кандидат (17,47%) тіркелген.

Мәслихатқа кім барады?

Мәслихаттар депутаттарын сайлау жөніндегі аумақтық сайлау комиссиялардың дерегіне сәйкес, бір мандатқа 10 288 кандидат тіркелген. Облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың 334 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша мәслихаттарға 1451 кандидат тіркелсе, қалалық мәслихаттар депутаттарын сайлау бойынша 2114 кандидат, аудандық мәслихаттарға 6723 кандидат ұсынылған.

6359 кандидат немесе 61,81% өзін-өзі ұсыну тәртібімен, 3929 кандидат немесе 38,19% әртүрлі саяси партиялар мен басқа да қоғамдық бірлестіктер.

Партиядан кім бар?

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы саяси партиялардан ұсынылған үміткерлер тізімін жариялаған еді.

ОСК тізімін ең бірінші тіркеген партия – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП). Бұл партиядан депутаттыққа 19 кандидат ұсынылған.

Одан кейін комиссия «Ақ жол» партиясының партиялық тізімін тіркеді. Бұл партиядан 54 адам ұсынылған.

ОСК Қазақстан халық партиясынан 52 үміткерден тұратын тізімді тіркеді.

«Ауыл» партиясына тізімге 25 кандидат енген

Ал «Байтақ» партиясынан 18 адам тіркелді.

Соңғы тіркелгендердің бірі – Amanat партиясы. «Аманаттың» партиялық тізімінде үміркерлер саны көп. Билік партиясынан ұсынылған 90 адам депутат болудан үмітті.

Respublica партиясы 25 адамнан тұратын партиялық тізім ұсынған, бірақ 14 ақпанда ОСК өз кандидатураларын алып тастау туралы шешім қабылдаған екі адамның өтінішін қабылдады.

«Сайлау туралы» конституциялық заңның 90-бабы, 1-тармағына сәйкес, олардың өтініші негізінде ОСК Дархан Иманашев пен Олжас Сұлтановты партиялық тізімнен шығару туралы шешім жобасын дайындады. Осылайша, Respublica партиясының тізімінде 23 адам бар», деді комиссия отырысында ОСК мүшесі Шавқат Өтемісов.

Мемлекет басшысы 19 қаңтарда Парламет мәжілісін таратып, 19 наурызға кезектен тыс мәжіліс сайлауын тағайындады.