Атом қуаты халықаралық агенттігінің мамандары Қазақстанға келіп, еліміздің атом-энергетикалық инфрақұрылымына инспекция бастап кетті, деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
«2023 жылғы 27 ақпанда АЭХА өкілдері мен сыртқы халықаралық сарапшылардың қатысуымен Қазақстанның ядролық-энергетикалық инфрақұрылымын дамытудың кешенді есебін жетілдіруге жәрдемдесу үшін сарапшылар миссиясы басталды.Миссия шеңберінде Қазақстанның ядролық-энергетикалық инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде бірінші АЭС салу жөніндегі мәселелердің кең спектрін қамту жоспарлануда. АЭХА миссиясы 2023 жылдың 3 наурызына дейін жалғасады», делінген хабарламада.
Бұл миссияның мақсаты – халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасу арқылы Қазақстанға кешенді есепті әзірлеуге қолдау көрсету. Миссияға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, ҚР Ұлттық ядролық орталығы; Ядролық физика институты, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы, «KEGOC» АҚ электр желілерін басқару жөніндегі ұлттық операторы және Ғылыми- ядролық технологиялар қауіпсіздігі техникалық орталығының өкілдері қатысады.
Бұған дейін Энергетика министрлігі 2035 жылға дейінгі жоспар бойынша Қазақстанда 2,4 ГВт атом қуаты салынатынын хабарлаған болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысында Қазақстанда АЭС салынатын жер анықталғанын айтып өтті.
2022 жылдың маусым айында Энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр станциясының Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында салынатынын жария етті.
Қыркүйекте «Самұрық-Қазына» АҚ АЭС салуды ірі 16 инвестициялық жоба қатарына енгізіп, Қазақстандағы АЭС құрылысы 2032 жылы аяқталуға тиіс деп мәлімдеген болатын.
Жыл басында министр Болат Ақшолақов Қазақстанда салынатын АЭС-қа реакторлық технология биыл таңдалатынын айтты.