Қазақстанда АЭС салу туралы нақты шешім биыл қабылданады

Жарияланды
«Жаңалықтар» бөлімінің арнайы тілшісі
АЭС салынатын орын әлі таңдалмаған

Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы шешім биыл қабылданады. Бұл туралы сенат отырысының кулуарында журналистерге Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов айтты.

Оның айтуынша, АЭС салынатын орын әлі таңдалмаған. Бұған дейін атом станциясы Алматы облысындағы Үлкен кенті (Балқаш жағалауында), Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласы және Ақтау қаласында салынуы мүмкін делінген еді. Ақтауда 1972-1999 жылдары Маңғышлақ энергокомбинаты атом энергиясымен жұмыс істеді.

«Қазіргі кезде атом станциясын салу мәселесі қарастырылып жатқанымен, қай жерде салынатыны, қуаттылығы анықталмаған. Бұл туралы нақты шешім 2022 жылы шығады деп ойлаймын».

ЖАНДОС НҰРМАҒАНБЕТОВ, ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ

Бұған дейін Энергетика министрлігі 2035 жылға дейінгі жоспар бойынша Қазақстанда 2,4 ГВт атом қуаты салынатынын хабарлаған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдауында мемлекет басшысы 2030 жылдары туындайтын электр энергиясы тапшылығына байланысты көмір мен ЖЭК-тен бөлек, сенімді энергия көздерін ойлау қажетін айтқан еді. Ол мұндай мүмкіндікті зерделеумен Үкімет пен «Самұрық-Қазына» айналысатынын атап өткен.

Одан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев республика аумағында АЭС салу мәселесін егжей-тегжей қарастыратын кез келді деп мәлімдеді. Тоқаев Шығыс экономикалық форумының пленарлық отырысында Қазақстанға атом станциясы қажет екенін айтты. Бұл ретте, мемлекет басшысының пікірінше, мемлекеттің, халық мен бизнестің мүддесін ескеру қажет.

Сондай-ақ оқыңыз