Ел азаматтары биыл қабылданған «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң аясында 2023 жылдың 3 наурызынан бастап жеке тұлға банкроттығы процедурасына өтінім бере алады. Банкроттық рәсімінің үш түрлі амалы бар – соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілетін қалпына келтіру. Бұл ретте банкроттықтың несие қарызын кешіру акциясы емес екенін түсіну маңызды. Азаматтар бұл қадамға «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» келуі керек.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, соттан тыс банкроттық рәсімін қарызы (банк, микроқаржы ұйымы және коллекторлар алдындағы қарызы) 1600 АЕК-тен аспайтын, қарызын өтемегеніне 12 айдан асқан борышкер қолдана алады. Айтпақшы, заңда ерекше жағдайлар қарастырған. Яғни, атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 12 ай ішінде төлемнің болмауы туралы критерий қолданылмайды.
«Қазіргі таңда барлық борышкерлердің – шамамен 1,1 млн қарызы бар азаматтардың 95%-ы осы соттан тыс процедураға қатыса алады. Бұл процедура онлайн түрде өткізіледі. Барлық заңнамалық актілер қабылданды. Ақпараттық жүйе дайын», деді вице-министр.
Ведомство өкілінің сөзінше, өтінімді:
- eGov «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы және ХҚКО арқылы;
- Скринингтік тексеру жүргізу үшін «E-salyg Azamat» қосымшасы арқылы беруге болады.
Егер өтінім беруші қойылған талаптарға жауап бере алса, онда өтінімнің қабылданғаны 1414 арқылы хабарланады. Бұл өтініш берілгеннен кейін 14 күннің ішінде жасалады.
Брифинг барысында біздің сауалымызға жауап берген вице-министр борышкердің басым бөлігінің (1/5) Алматы қаласында шоғырланғанын атап өтті.
«Заңнама дайындалғаннан бастап қызметкерлер өңірлерді аралап, ең көп борышкер бар аймақтарда түсіндіру жұмыстары жүргізді. Атап айтқанда, Алматы облысы, Астана қаласы, Түркістан облысы және Шығыс Қазақстанда. Борышкерлердің 1/5 Алматы қаласында шоғырланған», деді.
Айтуынша, жыл басынан бері 15 мыңнан астам адам банкроттық мәселесіне байланысты сұрақтармен жүгінген.
«Шараларды жүзеге асыру барысында заңға енгізуге болатын кейбір жақсы ұсыныстар болуы мүмкін. Борышкерлер бұл процедураны еш кедергісіз, қиындықсыз пайдалануы үшін халықтың пікірін ескереміз», деді Е.Біржанов.
Ержан Біржановтың айтуынша, банкроттық қаржылық рақымшылық шарасы емес. Оның салдары бар.
«Атап айтқанда, банкрот деп танылған адам бес жыл бойы несие ала алмайды. Банкрот деп танылған адам 7 жыл бойы тізімде тұрады және 7 жылдан кейін ғана банкроттық рәсімін қайта пайдалана алады. 3 жыл бойы Мемлекеттік кірістер органдары банкрот мәртебесін алудың заңдылығына және жалтарудың түрлі схемаларын пайдаланбауға қатысты қаржылық мониторинг жүргізеді. Басқа елдерде қатаң санкциялар, оның ішінде, елден тыс жерлерге шығу, қандай да бір қызметпен айналысу немесе сайланбалы лауазымдарға орналасу бойынша шаралар қолданылады. Қазақстанда мұндай қатаң санкциялар жоқ, бірақ осы үш тармақ бар және азаматтар оларды білуі тиіс. Өтініш бермес бұрын азаматтар ойлануы керек. Банкроттық – бұл адамға белсенді экономикалық кезеңге өтуге көмектесетін соңғы шара», деді спикер.
Вице-министрдің сөзінше, қаржылық мониторингтің басты мақсаты – түрлі алаяқтық әрекеттерді анықтау.
«Банкроттық аяқталғаннан кейін үш жыл ішінде салық декларациясы мен басқа да ақпарат көздері негізінде біз банкроттық кезеңде өз мүлкін несие берушілерден жасырған және қарыздарын өтемеген борышкерлерді анықтаймыз. Мұндай фактілер белгілі болған жағдайда банкроттық рәсімі жойылады және қолданыстағы тәртіппен өндіріп алу жөніндегі барлық шаралар қайта басталады, яғни азамат қарапайым борышкерге айналады», дейді.
Мемлекеттік кірістер комитетінің басшысы Қайрат Миятовтың айтуынша, ал банкрот деп танылғаннан кейін жұмысқа орналасқан және ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары жалақы алатын азамат банк алдындағы несиесін төлеуге қайтадан міндеттелмейді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахмановтың айтуынша, коллекторлық қызметті қадағалайтын салалық заң қатаңдатылуы тиіс.
«Бізде коллекторлардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігін күшейту бойынша заңнамалық түзетулер блогы дайын тұр. Әкімшілік жауапкершілік 2 есе ұлғайтылмақ. Ал коллекторлық агенттік қызметкерлері үшін қылмыстық жауапкершілік болған жоқ. Біз соны енгізуді ұсынамыз. Агенттік тиісті түзетулерді мәжіліске жолдап қойды. Парламенттің жаңа сессиясында оны қарайды деп үміттенеміз. Сонымен қатар банктер мен МҚҰ-дан проблемалық несиені коллекторлық ұйымға беруді шектеуге бағытталған заңнамалық акті мен түзетулер әзірледік. Қазір коллекторлар екі қызмет түрін жүргізе алады – қарызды қайтарту бойынша қызмет істеу және банктер мен МҚҰ-дан несиені сатып алу. Біздің қатаң талабымыз бойынша, банк пен МҚҰ қайта құрылымдау бойынша жұмыстың барлығын дерлік өзі атқаруы тиіс, тек әрі қарай айналысу мүмкін болмаған жағдайда несие коллекторға беріледі», деді Нұрлан Әбдірахманов.
Сонымен бірге Агенттік тарапынан МҚҰ-ларға да қойылатын талап күшейтілмек.
«Микроқаржы ұйымдарына қатысты пруденциалды қадағалау қатаңдады. Сондай-ақ проблемалық несие үлесін шектеу бойынша да шаралар қабылданды. Біз енгізген нормативке сәйкес – МҚҰ берген бүкіл кредит, оның баланста немесе баланстан тыс екеніне қарамастан, 20 пайыздан аспауы тиіс. Алдағы уақытта бұл талап күшейеді. Жағдайды мұқият қадағалаймыз және қауіп-қатердің жаңа белгісі пайда болған жағдайда талапты қатаңдатамыз», деді Агенттік өкілі.
Тәуелсіз қаржы сарапшысы Нұржан Бияқаев мұндай заң халықтың несие жүктемесі тым көбейіп кеткен соң қабылданып отыр, ал тым көбейіп кетудің себебі тым ерте басталды дейді.
«Несие жүктемесінің артуы екінші деңгейлі банктер үшін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің максималды шегін 56 пайыз етіп бекіткеннен бастап, яғни, осыдан 10-15 жыл бұрын басталды. Бұл – тым залалды талап болды. Бір себеп осында жатыр. Екіншіден, 2013 жылдардан бастап Қазақстан нарығына онлайн компаниялар кіре бастады. Мемлекет тарапынан бұл нарық бақыланбады, ал халық олардан жаппай займ алуға кірісті. Жаңа Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің өкілі Әбдірахманов мырза пруденциалды талаптар енгізілді деп отыр. Шын мәнінде ол талаптар бізде 2020 жылдың 1 қарашасынан бастап жұмыс істеді. Бірақ оны не банктер, не МҚҰ-лар сақтаған жоқ», дейді сарапшы.