Жаңалықтар

Көктемде 18 мың адам әскерге шақырылады

Көктемгі әскерге шақыру 1 наурыздан басталады

Бірінші наурызда Қазақстанда көктемгі шақыру науқаны басталды. Бұл жолы 18 мың сарбазды әскер қатарына алу жоспарланған. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев хабарлады.

Биыл көктемде жалпы саны 18 мың адам, оның ішінде Қарулы күштерге 7 мыңнан астам адам, Ұлттық ұланға – 6 мыңнан аса, ҰҚК Шекара қызметіне – 3 мыңнан астам, Төтенше жағдайлар министрлігіне – 300, Мемлекеттік күзет қызметіне – 80-ге тарта адам шақырылады.

Жергілікті атқарушы органдардың шақыру пункттерінде 195 қалалық және аудандық шақыру комиссияларының жұмысы ұйымдастырылды.

Дархан Ахмедиев айтуынша, 40 шақты ЖООмен жасалған келісімге сәйкес, Отан алдындағы борышын өтеген жастар әскерден кейін екі жыл ішінде жоғары оқу орындарына ақысыз ҰБТ тапсырусыз түсе алады. Бұл ретте үздіктердің үздігі жоғары оқу орындарында тегін оқитын болады. Осы санат үшін келісім бойынша жоғары білім ордалары 3000 орын берді. Сондай-ақ, әскери кафедраға конкурстан тыс түсуге де мүмкіндік берілетін болады.

Сарбаздар үшін тағы бір артықшылық бар. Яғни оқу орталықтарында оларды мемлекеттік үлгідегі тиісті куәліктерді бере отырып, экономиканың нақты секторында қажетті азаматтық-туыстық әскери-есептегі мамандыққа даярлау жүзеге асырылады.

«Бүгінгі күні мерзімді қызметтің 3,4 мың әскери қызметшісінің қарызы бойынша төлемдері кейінге қалдырылды», деді Дархан Ахмедиев.

Қарулы күштер Бас штабының Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаментінің бастығы полковник Бауыржан Артықов заңнама нормаларына сәйкес әскерге шақырудан босатылатын немесе әскери қызметтен кейінге қалдыруға құқығы бар азаматтардың санаттарына тоқталды.

Бұл оқып жүрген, некеде тұрған және балалары бар, сырттан көмекке мұқтаж отбасы мүшелерін күтумен айналысатын азаматтарға қатысты болмақ. Кәсіби қызметті жүзеге асыратын педагогтар мен дәрігерлерге де осындай құқық беріледі.

Биыл 1 наурыздан бастап азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және одан босату жөніндегі қызмет іске қосылды. Енді азаматтар әскери қызмет өткеру мәртебесі туралы мәліметтерді ұсыну бойынша мемлекеттік қызметті бірде-бір құжатсыз алады.

«SmartDataUkimet ақпараттық-талдау жүйесінің арқасында кейінге қалдыруға құқығы бар 500 мыңнан астам әскерге шақырылушылар анықталды. Бүгіннен бастап азаматтардың бұл санаты шақыруды кейінге қалдыру туралы SMS-хабарлама алады. Азаматтардың әскери есебін цифрландыру жеке байланысын қоспағанда, көптеген мәселелерді қашықтан шешуге мүмкіндік береді. Іске асырылып жатқан жоба пилоттық жоба екенін ескере отырып, мұндай хабарламаларды барлығы бірдей ала бермеуі мүмкін. Мұндай жағдайларда кейінге қалдыруға құқығы бар азаматтар электрондық үкімет порталы арқылы кейінге қалдыру жөніндегі мемлекеттік қызметті алуға жүгінуі қажет», деп атап өтті Дархан Ахмедиев.