Биыл республикалық бюджет кірісі 14,6 трлн теңге көлемінде болады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты.
Сенат депутаттарының қарауына 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы ұсынылды. Заң жобасы Президент Жолдауы мен сайлауалды бағдарламасының іс-шараларын, сондай-ақ бірқатар басқа да міндеттерді қаржылық қамтамасыз ету мақсатында әзірленген.
Вице-министрдің айтуынша, 2023 жылға арналған республикалық бюджет кірісі 721 млрд. теңгеге артқан.
Кірістің артуына біржолғы түсімдер, сондай-ақ салық және кедендегі әкімшілендірудің жақсаруы себеп болған.
Ал жалпы шығын ішінде 672 млрд. теңге сомасында шығыс қайта бөлінеді. .
«Нәтижесінде 2023 жылға арналған трансферттерді есепке алмағанда республикалық бюджеттің кірісі 14,6 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Жалпы алғанда бюджеттің өз кірістерінің өсімі өткен жылмен салыстырғанда шамамен 4,2 трлн теңгені немесе 40% құрайды», деді Темірбеков.
Сонымен қатар вице-министр Президент жолдауы мен сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға Үлттық қордан 800 млрд теңге трансферт тартылғанын айтты.