Биыл қаңтар айында ауыл, орман және балық шаруашылығы саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 29,4 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2022 жылғы қаңтармен салыстырғанда36,3% артық, деп жазады finprom.kz.
2022 жылы агроөнеркәсіп кешеніне салынған инвестиция көлемі 853,5 млрд теңгені құраған. Бұл қаржыны алдыңғы жылмен салыстырсақ, ақшалай мәнде 10,4 пайыз өскені байқалады.
Өңірлер бойынша, 2023 жылдың қаңтарында ауыл, орман және балық шаруашылығы саласына салынған инвестицияның жартысы Солтүстік Қазақстан (9,8 млрд теңге) және Ақмола (5,1 млрд теңге) облыстарына тиесілі.
Сондай-ақ Қостанай (3,8 млрд теңге), Павлодар (3,1 млрд теңге) мен Алматы (2,8 млрд теңге) облыстарына да айтарлықтай инвестиция салынған.
Агроөнеркәсіп кешеніне құйылған инвестицияның басым бөлігі өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, аңшылық пен осы салалардағы қызмет көрсетуге бағытталған.
Оның ішінде маусымдық дақылдарды өсіруге 18 млрд теңге бөлінген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен ақшалай мәнде 32%-ға көп. Одан кейінгі орында мал шаруашылығы: 8,9 млрд теңге, 2022 жылдың қаңтарымен салыстырғанда өсім 36,6%-ды құраған.
2022 жылғы қаңтарда кәсіпорындардың меншікті қаражаты есебінен ауыл, орман және балық шаруашылығы саласына салынған инвестиция көлемі 21,8 млрд теңгені құрады. Банктік емес қарыздар 4,9 млрд теңгені, банк несиелері 2,7 млрд теңгені құрады.
АӨК саласындағы бір жұмысшының орташа айлық атаулы жалақысы ҚР-дағы ең төмен көрсеткіштердің бірі. Мәселен, 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда 189,1 мың теңгені құрады.