Гүлмира Сатыбалды және қылмыстық іс бойынша басқа да сотталушыларға қатысты басты сот отырысы 14 наурызда басталады. Астанада сотталушыларға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Істі судья Кемеңгер Имашев қарап жатыр.
«Басты сот талқылауы 14 наурыз сағат 10:00-де өтеді. Сотталушылардың адвокаттарының істі тоқтату туралы өтініші басты сот талқылауы барысында қаралады», – деді судья Кемеңгер Имашев.
Айта кетейік, бұған дейін Гүлмира Сатыбалдының адвокаты сотталушыға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды сұрады. Алдын ала тыңдау барысында судья адвокаттың өтінішін қанағаттандырмады. Өйткені, айыпталушы елден кетуге талпыныс жасаған.
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды 2022 жылдың 16 наурызында қамауға алынған болатын.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, Гүлмира Сатыбалды, оның бақылауындағы «Ария-Жаңа Астана» ЖШС басшылығы және мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары объектілерді салуға бөлінген бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілінген еді.
Бірнеше нысан бойынша іс жүзінде орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстарына ақы төлеу нәтижесінде мемлекетке жалпы сомасы 3,9 милиард теңгеге аса ірі мөлшерде залал келтірілді. Тергеу барысында мемлекетке келтірілген шығын толық өтелді.