Солтүстік Қазақстан облысында былтыр жаңадан 210 адамнан туберкулез анықталды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 15,7 % көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Петропавлдағы сауда орталықтарының бірінде СҚО фтизиопульмонология орталығының ұйымдастыруымен флешмоб өтті.
Іс-шара 24 ақпанда басталған туберкулезге қарсы күрес айлығы аясында ұйымдастырылды.
Орталық мамандары тұрғындарға қауіпті дерт және оның белгілері жайында хабардар ететін брошюралар таратып, жылжымалы флюрография аппаратынан өтуге шақырды.
Флешмоб барысында фтизиопульмонология орталығы мамандары арнайы әзірлеген билерін көрермен назарына ұсынды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, туберкулезді анықтау жұмыстарының оң нәтижесінде былтыр жаңадан 210 адамда дерт табылды.
Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 15,7 % көп.
Соның ішінде 18 жасқа дейінгі 10 бала туберкулез жұқтырған. 2021 жылы 8 балада анықталған.
Өңірде туберкулезді дер кезінде анықтауға техникалық мүмкіндік жеткілікті. 42 рентген-флюрография техникасы болса, соның 14-і – жылжымалы аппарат.
Былтыр 330 мыңға жуық адам тексеріліп, нәтижесінде флюрография 181 сырқат адамды анықтады.
Жылжымалы флюрография арқылы 63 мыңға жуық адам тексеріліп, 452 адамның нәтижесі оң болды. 32 адамда белсенді туберкулез, яғни дерттің таралатын түрі анықталды.