Жаңалықтар

Қазақстандықтар Мәжіліс сайлауының қорытындысына қарсы петиция жариялады

Қазақстандықтар петицияға қол қойып жатыр. Фото: shutterstock.com

Қазақстандықтар Мәжіліс сайлауының қорытындысына қарсы петиция жариялады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жолданған петицияда сайлау нәтижесін жарамсыз деп тану ұсынылған. Бұл құжатқа бір тәулікке жетпей төрт мыңнан астам адам қол қойған.

Онда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарының кезектен тыс сайлауын заңсыз, жарамсыз деп тану және осы сайлаудың нәтижелерін жою; тиісінше АСК және ОСК төрағалары шешімдерінен бас тартып, сайлау хаттамаларының күшін жою, сайлау құжаттарын «бұрмалауға» және дауыстарды дұрыс емес санауға қатысы бар адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту,; Сайлауды қайта өткізу кезінде сенім болу үшін ОСК құрылымдарына сайлау комиссияларының құрамына қоғам өкілдерін енгізу; Сайлау нәтижесіне еш әсер етпейтіндіктен, бюллетеньдерден «Барлығына қарсы» тармағын алып тастау; Сайлауды бақылау үшін бейнебақылау орнатып, барлық сайлау учаскелерінен онлайн бейнехабар тарату жүйесін енгізу сынды мәселелер қамтылды.

«Біз, Қазақстан халқы, заңдылықтың, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуының кепілі саналатын ел басшысына үндеу жолдаймыз және Парламент Мәжілісі мен Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын көптеген заң бұзу әрекетері тіркелгендіктен, заңсыз деп танып, нәтижесін жоюды талап етеміз. Біз, Қазақстан Республикасының азаматтары, өзін-өзі ұсынған депутаттыққа тәуелсіз кандидаттар және тәуелсіз бақылаушылар сайлау нәтижесі мен дауыс санау нәтижелерін мойындамаймыз. Заңсыздықты тоқтатып, қазіргі демократияның құқықтық алаңына орала отырып, сайлауды заңға, адалдық пен әділдік қағидаттарына сүйене отырып қайта өткізуді талап етеміз», делінген петицияда.

Құжатта бір адамның бірнеше сайлау учаскелерінде, жалған құжаттармен дауыс бергені, бақылаушылардың сайлау учаскелерінен қуылуы, сайлаушылар тізімдері бойынша алаяқтық, сайлау комиссиясының хаттамаларын қолдан жасау, бақылаушылар мен кандидаттардың өкілдеріне хаттама бермеу, сайлау бюллетеньдерін ұрлау, қолдан жасау және бүлдіру, дауыс беру нәтижелерін бұрмалау, тәуелсіз бақылаушылардың деректері мен сайлау учаскелерінің мүшелері құрастырған ресми қорытынды хаттамалардың деректері арасындағы сәйкессіздіктер сынды заңсыз әрекеттер тіркелген.

Сонымен бірге ОСК мақұлдаған азаматтардың сайлауға қатысу деңгейі көбейтіп көрсетілгені және шындыққа сәйкес келмейтіні айтылған. Яғни дауыс беру бюллетеньдерін қолдан толтыру арқылы азаматтардың сайлауға қатысу саны «асыра бағаланған» деген пікірде.

Сондай-ақ петиция авторы өзін-өзі ұсынған кандиттар төлейтін жарна көлемі кейбіреулер үшін үлкен сома саналатынын, бұл әделтсіз екенін айтады. Айта кететін бір жайт, ол сома 5 пайыздан артық дауыс жинаған кандидаттарға ғана кері қайтарылса, одан төмен жинаған адамдарға бұл сома қайтарылмайды екен.

«Біз, елімізде өзгерістер болды деп сендік, үміттендік, бірақ бәрі бұрынғыдай болып шықты. Депутаттар бірден жоғарыдан тағайындалса, халық сайлауға қыруар қаржы жұмсамаса да болар еді. Бұл сайлауда әділдік болмады. Сонда «Жаңа Қазақстан» туралы айтылғандардың бәрі аңыз болғаны ма?! Сайлау өткізудегі бұл әрекеттер Жаңа Қазақстан тұжырымдамасын жоққа шығарады. Бұл сайлау Жаңа Қазақстан құру туралы үмітті сөндірді деп есептейміз», делінген петицияда.

Қазақстанда 19 наурыз күні сайлау өтті. Бұл күні 7 партия өкілдері мен өзін-өзі ұсынғандар сайлауға түсті. Соның ішінде 6 партия Мәжіліске өтті. ОСК алдын ала дерегі бойынша дауыс берге құқылы 12 млн азаматтың 54,19 пайызы дауыс беруге келген.