Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанның 5 азаматын «Пушкин» медалімен марапаттады. Бұл туралы Ресей Федерациясы басшысының жарлығында жазылған.
«Наградалар ұлттар мен ұлыстардың мәдени байланысын арттыру мен байытудағы жемісті қызметі үшін берілді», – делінген құжатта.
Марапатталғандар қатарында «Астана Опера» опера және балет театрының директоры Ғалым Ахмедьяров, Шымкент орыс драма театрының директоры Игорь Вербицкий, «Славян» әлеуметтік-мәдени орталығының төрайымы Галина Щербакова, Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі Валерия Крымская және Л.Гумилев атындағы университет ректоры Ерлан Сыдықов бар.
«Пушкин» медалімен шетел азаматтары Ресей Федерациясымен арадағы мәдени байланысты дамыту мен нығайтуға қосқан зор үлесі, шет елдерде орыс мәдениеті мен өнерін қолдаудағы жемісті қызметі, орыс тілі мен әдебиетін насихаттау және таратудағы белсенді қызметі үшін марапатталады.
Пушкин медалі күмістен жасалған. Оның екі жағы дөңес, диаметрі – 32 мм.
Өткен жазда 20 қазақстандық ғалым Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан медаль алды. Мемлекеттік наградалар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және ғылыми қызметтегі ерекше еңбегі үшін берілді.