Жаңалықтар

ХВҚ Қазақстан экономикасына қатысты болжамын төмендетті

Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) Қазақстан экономикасының 2023 жылғы өсімі туралы болжамын 4,4%-дан 4,3%-ға дейін төмендетті. Қор әлем экономикасына жасаған шолуын жарилады.

ХВҚ болжамы бойынша, 2024 жылы Қазақстан экономикасы 4,9%-ға өссе, ал 2028 жылы 2,8%-ға дейін өсім көрсетпек.

Сонымен қатар қор Қазақстандағы инфляцияға қатысты болжам жасаған. Соған сәйкес 2023 жылдың соңына қарай елдегі инфляция 14,8 пайызды құрауы мүмкін. 2022 жылдың қазан айында 11,3 пайыз болады деп болжанған еді. Ал 2024 және 2028 жылдардың соңында республикадағы инфляция тиісінше 8,5% және 4,7% -ға дейін түсу ықтимал.

Республика төлем балансындағы ағымдағы шот тапшылығы 2023 жылға ЖІӨ-ге қатысты -1,9%, 2024 жылға ЖІӨ-ге – 2%, 2028 жылға – ЖІӨ-ге 3,1% деңгейінде болжам жасалған.

Ел үкіметі Қазақстан экономикасы 2022 жылы 3,1%-ға өскенін хабарлаған болатын. Бұл ретте Қазақстан Президенті 2023 жылы Қазақстан экономикасының өсімін 4 пайызға жеткізу міндетін қойды.

Ал инфляция 2022 жылы 20,7 пайызды құрады.