Жылдық инфляция деңгейі 20,7%-ға жетті

Жарияланды (жаңартылды )
Жыл басынан азық-түлік қымбаттап жатыр

Қаңтар айында жылдық мәндегі инфляция деңгейі 20,7%-ға жетті. Азық-түлік тауарларының бағасы 25,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 20,2%, ақылы қызметтер 14,2% қымбаттады. Бұл туралы Ұлттық ститистика бюросы мәлімдеді.

Қаңтарда айлық инфляция 1,1%-ды құраған. Өткен айда азық-түлік тауарлары бағасы – 1,4%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 0,9%, ақылы қызметтер бағасы 0,7% өсті.

Бір жыл бұрынғы бағамен салыстырғанда кір сабын – 88,5%, кеңсе тауарлары – 71,4%, пияз – 62,4%, қант – 60,9%, қияр – 55,6%, консервіленген сүт – 46,4%, ұн – 42,8%, макарон өнімдері 42,3%  қымбаттаған. Тек ақ қырыққабат 26,5% арзандаған.

Азық-түлік тауарлары арасында көкөніс бағасы айтарлықтай өскен, қаңтарда қияр – 22,4%, пияз – 16,7%, қызанақ – 8,8%, тәтті бұрыш 6,5% қымбаттады.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде қаңтарда жуу және тазалау құралдары қатты қымбаттаған. Мәселен, өткен аймен салыстырғанда кір жуғыш ұнтақ бағасы – 3,9%, ағартқыштар – 3,5%, ыдыс жууға арналған құралдар – 3%, кір сабындікі 2,7% өсті. Өткен айда ақылы қызметтердің бағасы 0,7% өскен.

Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Ақтөбе облысында байқалды: 1,7% (орташа республикалық деңгейден 0,6 п.т. жоғары), ең төменгі көрсеткіш Алматы облысында тіркелді.

Өңірлер бойынша Астана және Шымкент қалаларында азық-түлік бағасы шарықтап тұр. Бір айда 2,2% өскен. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша – Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарында 1,4%-дан, ақылы қызметтер бойынша Ақтөбе облысында 2,8% қымбаттаған.

Бұған дейін үкімет басшысы Әлихан Смайылов министрлерге биыл инфляция деңгейін екі есе төмендетуді міндеттегенін жазған едік.

«Біздің міндетіміз – биыл инфляцияны 2 есеге төмендету. Ол 9,5% шегінде болуы керек. Бұл – өте күрделі міндет. Сондықтан, кез-келген проблеманың алдын алу шараларына баса мән беріп, жұмыла әрекет етуіміз қажет», деген еді Премьер-министр.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының болжамы бойынша, 2023 жылдың желтоқсанына қарай инфляция 14,3%-ды құрайды. ACRA Қазақстандағы инфляция 2023 жылы 8,8%, 2024 жылы 6,7 пайызды құрайды деген болжам жасаған.

Сондай-ақ оқыңыз