Жаңалықтар

Шымкент МӨЗ қуаттылығын арттыруды жоспарлап отыр

Премьер-Министр Энергетика министрлігіне Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаттылығын бұрын жоспарланғандай жылына 9 млн тонна емес, қазіргі 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттыру тәсілдерін қайта қарау қажеттігін атап өтті. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

Сондай-ақ бұл жұмысты жаңадан салынатын қайта өңдеу кәсіпорындарының құрылысымен қатар жүргізу керек. 

Орталық мемлекеттік органдар мен қала әкімдігінің басшылары қатысқан кеңесте тұрғын үй, автожол, «Жұлдыз», «Бозарық» және «Тассай» индустриялық аймақтарының инженерлік инфрақұрылымын салу, «Сайрам» елді мекенінде жылыту жүйелері мен сорғы стансаларын реконструкциялау, қазандықтарды жаңғырту, сумен жабдықтау нысандарын және Алматы тас жолы бойындағы «Тұран» магистральдық кәріз коллекторын салу бойынша шаралар қаралды. 

Сонымен қатар оңтүстік өңірлік хаб құру шеңберінде сауда-логистикалық орталықты кеңейту және МӨЗ айналасында мұнай шикізатын терең өңдейтін жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындарды іске қосу мәселелері талқыланды.

«Бізге шала-шарпы жұмыстың керегі жоқ. Бұл жобаға қомақты қаржы құйылады, сондықтан қуаттылықты жылына 6 млн тоннаға дереу арттыру қажет. ЖЖМ-ге деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Экономика өсуде, халық саны көбейіп, кәсіпорындар өздерінің айналымын арттыруда. Бұл процестердің бәрін, оның ішінде ЖЖМ өндірісін ұлғайту арқылы қолдау қажет», — деді Әлихан Смайылов. 

Сондай-ақ кеңесте жаңа мәдени-ағарту нысандарын ашу, несиелік тұрғын үйлерді сату, сатып алудағы жергілікті қамту үлесін арттыру, «Қайнарбұлақ» тұрғын алабын газбен қамтамасыз ету, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жер телімдерін беру тетігін жетілдіру және тағы басқа бірқатар шаралар қаралды.

«Мемлекеттік органдар қала әкімдігімен бірлесе отырып, осы тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындау үшін барлық тиісті шараларды қабылдауы қажет», — деп түйіндеді сөзін Премьер-Министр.