Жаңалықтар

Жаңаөзенде жарылыс неден болғаны әлі нақтыланған жоқ

Фото: ҚР ТЖМ

Жаңаөзендегі екіқабатты тұрғын үйде газ баллоны емес, газ-ауа қоспасының жарылысы болды деген болжам бар. Ал жарылыс қуатының жойқын болуына жабық кеңістік болғаны себеп болған. Бұл жайлы орталық коммуникациялар қызметінде Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы комитетінің мамандары айтты.

«Болжам бойынша кіреберісте газ жиналып қалған. Қазір ораза, таңғы 5-те ауыз бекітуге тұрғанда тоқ қосылып, жиналып қалған газ үлкен жарылысқа әкелген. Ал газ баллонын көп қабатты тұрғын үйлерде қолдануға тыйым салынған» дейді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов.

Сондай-ақ маман жарылыстан 4 пәтердің толықтай жойылып кеткенін, 4 адам қайтыс болғанын, қазіргі таңда оқиға болған жерде тұрғындарды есепке алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Әлі де біздің құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Тазалау жұмыстары тоқтаған жоқ. Жердегі үйінділер тазаланды. 7 адам зардап шекті, 2 адам реанимцияда жатыр. Ал өтемақы бойынша, жергілікті әкімшілік үйсіз қалған барлық тұрғындардың мәселесін шешеді деген мәлімет алдық. Берілетін көмек жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігінде», деді Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі.

Ал бұл үйлердегі газ желісін тексеру жұмыстары комитет құзыретіне кірмейтінін айтты.

«Біз 28 қабаттан жоғары үйлерді тексеруге құзыреттіміз. Ал қалған тұрғын үйлерді тексеруге біздің құзыретіміз жоқ. Десе де біз құзыретімізге кірмейді деп, бей-жай қарамаймыз. Мұндай қауіптің алдын алу мақсатында үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады. БАҚ, әлеуметтің желілер арқылы түсіндіру, ескерту жұмыстарын жүргіземіз. Соңғы 2 жылдың көлемінде барлық өңірлерде газ инспекциясы құрылып, жұмыс жасап жатыр», деді.

Бүгін таңғы сағат 5 шамасында (Астана уақытымен) Жаңаөзен қаласындағы тұғын үйде газ жарылып, 11 адам зардап шеккен.

«ҚазМұнайГаз» АҚ Жаңаөзендегі төтенше жағдай салдарынан баспанасыз қалған тұрғындарға жаңа пәтер береді.