Фото: kursiv.media
«ҚазМұнайГаз” АҚ Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев «Жаңаөзеннен келген мұнайшылардың талаптарын орындау өте қиын, оны ашық айту керек» деп мәлімдеді. Үкімет кулуарында журналистер қойған сауалға Мырзағалиев осылай жауап берді, деп хабарлайды Азаттық.
ҚМГ басшысының айтуынша, олардың талабын орындау Жаңаөзен қаласында үлкен наразылық тудыруы мүмкін.
Мырзағалиев Астанада ҚМГ өкілдерімен келіссөз жүргізіп жатқан жаңаөзендік мұнайшыларға үш ұсыныс жасалғаны айтады. Бірінші, тендерден ұтқан компанияға жұмысқа орналастыру, «БерӘлі Маңғыстау Company» берген жалақыға пара-пар айлық төлеу және келісімшартты үш жылға ұзарту. Мырзағалиев мұнайшылармен әлі келіссөз жүріп жатқанын айтты.
10 сәуір Жаңаөзен мұнайшылары елордаға келіп, Энергетика министрлігінің алдына жиналған еді. Оларды басты талабы – тұрақты жұмыс және лайықты жалақы болды. Алайда ҚМГ Жаңаөзенде өзге де жұмыссыздар жұмыс күтіп кезекте тұрғандықтан, олардың талабын орындау мүмкін емес деп мәлімдеген. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «керек болса, мұнайшылардың алдына шығатынын» айтты.
11 сәуір ҚМГ мен бір топ мұнайшылар келіссөз жүргізіп көргенімен, ол нәтижесіз болды. Олар өздеріне тұрақты жұмыс керек екенін айтып, компания ұсынысынан бас тартты.
Сол күні кешке бейбіт тұрған мұнайшыларды арнайы жасақ автозагқа тиеп алып, полиция бөлімшелеріне жеткізді. Сол түні Мағыстау, Ақтау облыстары, Жаңаөзен қаласының тұрғындары, ірі мұнай кеніштерінің қызметкерлері ұсталған мұнайшыларды босатуды талап етіп, көшеге шықты.
12 сәуірде ҚазМұнайГаз баспасөз қызметі құқық қорғау органдары ұстаған мұнайшылар қамаудан босатылып, Астана уақыты бойынша 8:57-де пойызбен Жаңаөзен қаласына кеткенін хабарлады.
Сол күні мұнайшылар келіссөзге 10 адам қалғанын, өзгесі елге қайтып бара жатқанын айтып. видеоүндеу жариялаған болатын.
14 сәуір күні Жаңаөзенге жеткен мұнайшылар нақты шешім шыққанша «Өзенмұнайгаз» компаниясының ғимараты алдында тұратындарын мәлімдеді.