Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген отырыста мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адам капиталын тиімді дамытудың аясында әлеуметтік қолдау нақты және межелі болуы тиіс екенін мәлімдеді.
«Қазіргі әлеуметтік кепілдік көлемі қысқартылмауы керек, керісінше шын мәнінде мұқтаж адамдардың пайдасына қайта бөлінуі тиіс. Мемлекет бұл көмекке аса мұқтаж адамға көмектесетін болады. Бәрінің негізінде ескертпелі әлеуметтік саясат жатуы тиіс, ол қолдауға арналған жәрдемақыларды төлеуге емес, өнімді жұмыс орындарын құруға бағытталуы тиіс,» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келеді. Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілген.
«Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн. Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады,» деді Презмдент.
Бұлардың барлығы да жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар болмақ.
«Жастардың кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсету үшін 40 миллиард теңге бөлінді. Қаражат аймақтарға берілді. Қазір бизнес саласындағы үздік идеяларды таңдап алу үшін конкурстар басталды. Халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет. Әкімдер бұл жұмыстың нәтижелерін тұрақты түрде баяндап тұруы керек», деді Тоқаев.