Жаңалықтар

Жаңа кен орындарын барлауға өтініш 1 қыркүйектен қабылданады

Фото: www.shutterstock.com

Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі қатты пайдалы қазбарлардың жаңа кен орнын барлауға өтінішті 1 қыркүйектен бастап қабылдайды. Бұл туралы ИИДМ вице-министрі Иран Шархан мәлімдеді.

«Ел аумағында 1,6 миллион шаршы шақырым қатты пайдалы қазбаларды барлауға жарамды. Соның ішінде200 мың шаршы шақырымы биыл наурызда қосылған жаңа учаскелер. Жаңа учскелерге өтінім қабылдау биыл 1 қыркүйекте басталады», – деді ол MINEX Qazaqstan форумында.

2018 жылдан бері Қазақстанда қатты пайдалы қазбаларды барлауға 1995 лицензия, ал пайдалы қазбаларды өндіруге 58 лицензия берілген. Бұл ретте кіші геологиялық барлау компанияларының үлесі 90 пайызын құрайды.

2017 жылы Жер қойнауы туралы кодекс қабылданғаннан кейін, республикада 700-ден астам отандық юниор компания құрылды, сонымен қатар Rio Tinto, Fortescue және Yildirim ірі компаниялары кен барлауға тартылды.

Қазақстан вольфрам қоры бойынша әлемде бірінші, хром кені бойынша – екінші, қорғасын мен мырыш бойынша – бесінші, мыс бойынша – 12-ші, алтын бойынша 15-орында тұр.

Сонымен қатар, Иран Шархан өз қаражаты есебінен барлау жұмыстарын жүргізгісі келетін жер қойнауын пайдаланушылардың үлесі өте төмен екенін атап өтті. Осыған байланысты мемлекет пайдалы қазбаларды молайту процесіне қатысады.

Былтыр жер қойнауын геологиялық зерттеуге бюджеттен 5,7 миллиард теңге бөлінсе, биыл 5 миллиард теңге бөлу жоспарланған.