Жаңалықтар

Қазақстандық компаниялар мен банктерге қайталама санкция қаупі төніп тұр – АҚШ Қаржы министрлігі

Фото: shutterstock

Ресей Федерациясына Батыстың санкцияларынан жалтаруға көмектесетін қазақстандық компаниялар мен банктерге қайталама санкция қаупі артып келеді. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қаржы министрінің көмекшісі Элизабет Розенберг мәлімдеді, деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан агенттігі.

«Бұл қауіп Қазақстан Республикасына да, қазақстандық компаниялар мен қазақстандық банктерге қатысты да өсіп келеді», – деді Розенберг. Хатшыдан журналистер «қазақстандық компанияларға қарсы қайталама санкция енгізу күн тәртібінде тұр ма» деп сұраған.

«Біз Ресейдің санкциялардан да, экспорттық бақылаудан да жалтаруға тырысып жатқанына баса назар аударуымыз керек. Ресейдің бұл талпынысы табыссыз да емес. Осы ретте қазақстандағы әріпестеріміз бен үкімет, жеке секор өкілдері бірлесіп, Ресейдің санкциядан жалтаруы мен экспорттық бақылауды айналып өтуіне көмектесудің қандай салдары болатынын түсіндіріп жатырмыз », – деп қосты ол.

Ал, АҚШ Сауда министрінің көмекшісі Мэттью Аксельрод Ресей Қазақстан компанияларын зымырандар мен дрондарға арналған компоненттерді жеткізуде санкцияны айналып өту үшін қолданып отыр деп есептейді.

«Біз соғыс басталған уақыттан бері Қазақстан Республикасы аумағына кейбір тауарларды жеткізудің күрт артқанын байқадық. Таратып айтар болсақ, соғыс басталған кезең мен қазіргі сәтті салыстырсақ, дәл осындай тауарлардың жеткізілуі анағұрлым артқаны тіркелді. Осы уақыт аралығында Қазақстаннан Ресей аумағына жеткізілген осы арнайы тауарлардың көлемі де күрт өсті», – деді Аксельрод.

Ол «ресейлік зымырандар мен дрондарды басқару және энергиямен қамтуға мүмкіндік беретін» компоненттер туралы айтылып жатқанын нақтылады.

«Соғыс басталған уақыттан қазіргі күнге дейін бұл тауарлар сатып алынған қаражат көлемі миллиондаған долларды құрайды. Мұндай басымдық берілетін тауарлар көп көлемде Қазақстан аумағына әкелінген, содан кейін Қазақстан аумағынан Ресей Федерациясының аумағына жеткізілген»- деді министрдің көмекшісі.

«Мұндай жағдайда Қазақстан жалғыз емес, бұл құбылыс Орталық Азияның басқа елдерінде де байқалады. Сондықтан біз қазақстандық компаниялар санкциядан жалтару үшін қолданылып отыр деген тоқтамға келдік», деді Аксельрод.

2022 жылы Украинаға басып кірген Ресей ЕуроОдақ пен АҚШ салған санкциялар астында қалды. ЕуроОдақ биыл ақпан айында Ресейге қарсы тағы да 10 пакет санкция енгізген еді. Бірқатар шектеулер 2024 жылдың ақпан айына дейін ұзартылды. Ал АҚШ соңғы рет Ресей атом өнеркәсібіне санкция салатынын мәлімдеді.

Жақында СІМ өкілі Айбек Смадияров Қазақстан санкцияларды айналып өтуге мүмкіндік жасамайды деген болатын.