Фото: shutterstock.com
«Ашық НҚА» порталында біраздан бері «Масс-медиа туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. 21 сәуірде құрылған бұл жаңа заң 10 мамырға дейін қоғамдық талқылауда болады.
Сонымен бірге порталда осы заңға қосымша «Қазақстан Республикасы кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы да талқыланып жатыр.
Соңғы құжатта барлық заңдар мен кодекстерде «бұқаралық ақпарат құралдарын» деген сөзді «масс-медианы» деген сөздермен ауыстыру ұсынылған. Мәселен, 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі 131-баптың 2-тармағынан бастап, 909-баптың 2-тармағына дейін кездесетін «бұқаралық ақпарат құралдарын» деген сөздер толығымен «масс-медианы» деген сөздермен ауыстыру қарастырылған. Негізінен, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қарсылығын тудырған да ауыстырылып жатқан осы сөз. Өйткені «масс-медианың» ауқымы үлкен. Оған тек бұқаралық ақпарат құралдары ғана емес, сонымен бірге интернет-басылымдар мен интернет ресурстары, олардың әлеуметтік желідегі парақшалары да кіреді. Демек, бұл заңның қамтитын ауқымы кең болады және бұдан былай әлеуметтік желілер де қадағалауда болуы мүмкін.
Қоғамда ерекше дау тудырған тағы бір бап – «Ерекше жағдайларда редакция тапсырмасын орындау туралы» 26-бабы болды. Бұл баптың 1 тармағында «Журналистер редакцияның тапсырмаларын ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарымен, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен орындайды», деген шектеу болған. Бұл бап толықтай журналист еркіндігі мен құқын шектейтіні айтылып, қарсылық туған соң, заңнан мүлде алынып тасталған. Қазір талқыланып жатқан заң жобасында ол жоқ. Жаңа құжатта 26-бапта «Журналистерді аккредиттеу туралы» тармақтар қарастырылған.
Өз кезегінде журналистерді аккредиттеу туралы баптың да бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің құқын шектейтін тұстары анықталды. Мәселен, осы баптың 4 тармағында «Егер журналист аккредиттеу ережелерiн бұзса, не өзiн аккредиттеген мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдардың іскерлік беделіне нұқсан келтiретiн, шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi таратса, оның аккредиттелуі күшiн жояды», делінген. Журналистер жалпы жаңа заң жобасы журналистке еркіндік беруден гөрі, көп шектейтінін айтқан.
Мәселен, «Баспасөз картасы туралы» 29-бапта бұл картаның тек «тиісті немесе сабақтас мамандықта жоғары білімі туралы диплом болған кезде бұқаралық ақпарат құралдары саласында кемінде 3 жыл жұмыс тәжірибесі» бар журналистерге ғана берілетіндігі жазылған. Көпшілік мұны әділетсіз әрекет санайды және баспасөз картасын мемлекет дискриминация құралы ретінде пайдалануы мүмкін екендігін алға тартады. Жаңа заң күшіне енсе, бұл картаны «журналистерге баспасөз карталарын беру мәселелері жөніндегі комиссия беретін» болады. Сондай-ақ «баспасөз картасын беру, ұзарту, беруден бас тарту немесе одан айыру туралы шешімді қабылдайтын да сол комиссия» болмақ.
Бұл заңды дайындаған авторлар Түркия, Әзірбайжан және Ресей елдерінің заңдарын негізге алған.
Бірақ сарапшылар баспасөз картасын енгізуде Түкияны өзімізге бағдар етіп алуға негіз жоқ деп санайды.
«Түркияда пресс-карта біраз уақыттан бері журналистерді бақылау мақсатында және дискриминация құралы ретінде қолданылып келе жатқанын құқық қорғау ұйымдары бірнеше рет хабарлаған. Бұл елдің заңнамасында сөз бостандығын шектейтін және журналистердің жұмысына кедергі келтіретін баптар көп. Сондықтан Түркияны мысал ретінде қарастырмаған жөн», дейді журналистер.
Ал ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов керісінше баспасөз картасы журналистерге жеңілдіктер беретінін айтады.
«Баспасөз картасын өзін-өзі басқаратын, мемлекетке тәуелді емес ұйым береді. Оны мемлекеттік орган бермейді. Бұл ұйым сол картаны бекітеді. Баспасөз картасын пайдаланудың ерекшелігі – барлық мемлекеттік органдарға, іс-шараларына кіруге құқығы бар. Журналистің қайта-қайта аккредитациядан өтпей, карта арқылы кедергісіз іс-шараларға кіруге рұқсаты бар. Екіншіден, кейбір жеңілдіктер болады. Оны тағы да қосымша қарастырамыз. Баспасөз картасының берілуіне байланысты шектеу жоқ. Қазір айдикартаны бекітіп алайық, тиісті талаптарды әзірлеп, пысықтаймыз. Осы тұста мына нәрсені түсініп алайық. Журналист баспасөз картасын алмаса да болады. Тек басқа мемлекеттік органдарға аккредитация арқылы баруына мүмкіндігі бар», дейді министрлік өкілі.
Сонымен қатар жаңа заңның 31-бабына сәйкес бұдан былай «мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі комиссия» жұмыс істейтін болады. Ол комиссия «мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу кезінде қоғамдық мүдделерді есепке алу және қорғау, сондай-ақ халықтың ақпаратқа деген қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар жанынан мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелерін қарастыратын болады». Яғни, қадағалау күшейеді деген сөз.
Ең соңында журналистер қауымына ұнайтын бір тармақ туралы айта кетсек. Ол 36-баптың «Міндетті хабарлар» туралы тармақтары.
Яғни ол бапқа сәйкес «белгілі бір аумақта халықтың тыныс-тіршілік ету жағдайлары бұзылған кезде тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органдары өз құзыреті шеңберінде және жергілікті атқарушы органдар оқиға басталған кезден бастап үш сағаттан кешіктірмей, уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарына ағымдағы ахуал туралы ресми хабарлар беруге міндетті».
«Ресми хабарларды бермегені немесе уақтылы бермегені үшін мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады» делінген құжатта.
Жалпы, «Масс-медиа туралы» жаңа Заң қабылданып, күшіне енген күні «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» Қазақстан Республикасының Заңдары күшін жояды.